Саясат

Апайлар ұрыспайды, қоңырау соғылмайды

Жаңа оқу жылы басталды. Биыл Қазақстан бойынша 7,7 мың мектепте 3,9 млн оқушы сабаққа барды.

Апайлар ұрыспайды, қоңырау соғылмайды

Ата-аналар алғашқы қоңырауға ақ көйлек кигізіп, бантик-галстугін тағып, балаларын жетектеп бара жатты…

PISA халықаралық рейтингінде Қазақстан орта білім сапасы бойынша соңғы 10 жылда 80 елдің арасында 50-60 орыннан көтерілмеген. Оған қоса, халықаралық OECD ұйымының рейтингінде де төменгі сатыда тұрмыз. Бұл ұйымның талабы бойынша мемлекеттегі ЖІӨ-нің 6 пайызы білімге жұмсалуы керек. Ал бізде аталған көрсеткіш 3-3,5 пайызды ғана құрайды.

Жалпы, білім жүйесінің кем-кетігі талқыланып та, айтылып та бітпеді. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформа жүргізілетін режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан, бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардан қайыр болмады, нақты нәтижеге әлі қол жеткізе алмай келеміз. Қанша министр ауысып, әртүрлі өзгерістер жасалса да, тіпті оқу-ағарту министрлігі өз алдына бөлінсе де білім сапасының артпағанын жоғарыда айтылған статистикалардан айқын көруге болады.

Әсіресе жаңа оқу бағдарламасының жарнамасы керемет болып еді. 2016 жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламасы енгізіліп, оқулықтары жазыла бастады. Мектептер біртіндеп көшті де. Сол кезде «жаңа бағдарлама жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, бәсекеге қабілетті, өмірдегі кез келген жағдаятта тығырықтан шыға алатын, функционалды тұрғыда сауатты оқушы тәрбиелейді» деген тезистер жиі айтылды. Мұны тіпті  педагогтардың біразы қолдап, қостады. Осыған орай бұрынғы үш тілде оқыту, кембридждік бағдарлама артта қалып, мұғалімдердің 87 пайызы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша курстар оқыды. Педагогтарды аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшіп, соның есебінен демалыс 56 күнге ұлғайды. Білім деңгейі педагогтың жұмыс сапасына тікелей байланысты деп «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бұл соңғы жылдардағы басты өзгерістер ғана. Оған дейінгі ақшаны аяусыз жұмсаған, ақырында аяқсыз қалған өзгеріс сымақтардың жайы баршамызға аян. Бірінен соң бірі ілесіп жатыр, нәтижесі тағы бұлыңғыр. «Иә, айтылды, иә, жасап жатырмыз» деген селқостық па, әлде толыққанды жетілмеген идеяны бірден тәжірибеге енгізуге асығыстық па немесе мәселені толық түсінбегендіктен түбегейлі шешімдер табылмай жатыр ма? Бұл сұрақтарымызды білім жүйесіндегі тұрақсыздық пен жалпы процесті 44 жыл бойы көрген ардагер ұстазға қойдық.

«44 жыл мектепте математика пәнінен сабақ бердім. Сонда көргенім біздің жүйеде әр нәрсенің басын бір шалу көп. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық болды. Балаларды қойып, ұстаздардың өзі тұрақсыз бағдарламаларға бейімделумен әлек. Әсіресе оқулық мәселесі өзекті. Бұл өзі айта-айта мезі болған тақырып. Бірақ оқулық бір жүйеге келмей, басқасы түзелмейді. Біріншіден, орысшадан, ағылшыншадан тікелей аударылған мәтіндер айтылып тұрған ойдың мазмұнын толық ашып жеткізе алмайды. Оны айтпағанның өзінде грамматикалық қателіктер де жиі кездеседі. Екіншіден, бүгінгі таңда мұғалімдер баланың жалқаулығымен қоса, ұялы телефондағы ойындармен, әлеуметтік желілермен, видеохостингтермен күресуге мәжбүр. Осының салдарынан баланың назарын басқа нәрселерден сабаққа, білім алуға аудару қажеттілігі туындап отыр. Мұны шешудің ұтымды жолы – білім алу процесі оқушыға, әсіресе бастауыш сыныпқа қызықты болуы керек. Бұл да тікелей оқулықтарға байланысты. Оқулықтар қызықсыз деген мәселені министрлік түсінді. Өзгерістер жасады. Бірақ артық қылам деп, тыртық қылды. Тым жеңіл, оқулық емес, ақпараттық салмағы жоқ жиынтық жасап шықты. Көбінің аты ғана оқулық, ал іші сурет, ойындар. 10-15 жыл бұрынғы кітаптармен салыстырғанда таяздау. Баланы өз бетінше ізденуге баулимыз деп, оқулықтардың функциясын ұмыт қалдыруға болмайды.

Сапаға әсер ететін тағы бір маңызды дүние – баланың бәрі жан-жақты емес. Оларды гуманитарлық, математикалық, жаратылыстану бағыттарына бөліп оқыту тиімдірек әрі нәтижелі болады. Және осы тұста ескерерлік тағы бір фактор – пәнаралық қабілеттерді дамытуға назар аудару қажет. Яғни бір пәнді терең білуге қарағанда, бірнеше пәнді байланыстыра алатын әмбебап болған пайдалы. Себебі жаһанданған заманда ақпарат ағыны алапат әрі тез ескіріп, тез жаңарады. Оны жаттаудан гөрі – түсіну, қорыту, сараптау, сүзіп алу маңыздырақ. Бұл сыни ойлаудан да тереңірек», – дейді зейнеткер ұстаз Жанат Мұхаметжанова.  

Қазіргі жүйемен жұмыс істеп жүрген жас мамандармен де тілдестік. Олардың айтқанынан түйгеніміз – жаңартылған оқу бағдарламасы мен оқулықтар әлі де көп жетілдіруді қажет етеді. Негізі бұл жаңартылған оқу мазмұны жоғарыда айтқанымыздай, бағалау шкаласының жұмсақтығын, ой еркіндігін, пәндердің күнделікті өмірмен байланысын, баланың көбірек ізденуін қамтамасыз етуі керек болған. Алайда нәтиже әзірге жоқ. Осындай білім алудағы еркіндік пен сыни ойлауды сіңіру үрдісі шетелдерде дамыған. Мұндай пікірді баласын шетелдік мектепте оқытып жүрген ата-аналар көп айтады. Соның бірі – Әйгерім Алжанова.

«Екі перзентім АҚШ-та мектепке барды. Әрине, біздегі және ондағы мектептерде айырмашылық көп. Бірақ АҚШ пен Қазақстанды салыстырғанда, біздегі білім деңгейі төмен деп те айта алмаймын. Дегенмен АҚШ мектептерінде қазіргі заманға қажет білім мен ақпарат көбірек қамтылады. Бізден ең басты айырмашылық, мектепте 1 сыныптан бастап сыни ойлау, пікірін айту, пікірталасқа қатыса білу, өз позициясын қорғау, жеке таңдауын жасау сынды қасиеттер сіңіріледі. Жалпы, әр балаға тұлға деп қарау – мұндағы білім мен тәрбиесінің өзегі. Ал оқитын пәндері біздегідей көп емес. Мысалы, қоғам ғылымдары сабағында тарих, бүгінгі қоғам, саясат қамтылса, ғылым деген пән бойынша химия, физика, бәрі оқытылады. Пәндер аз болса да, лабораториялық тәжірибелері, практикалық жұмыстары, идея алмасу көп. Таңғалғаным, күнделікті тұрмыста тұтынатын заттардың қалай құрастырылатыны көрсетіледі, талданады. Яғни сабақ пен ақпаратты мейлінше балалардың  бүгінгі өміріне байланыстырып түсіндіреді. Тағы бір ерекшелігі, мектепте 1-сыныптан 12-сыныпты бітіріп кеткенше жазу сабағы жүреді. Жазудың ішінде көркем жеткізе алу, ғылыми мақала, бизнестегі іскерлік жазу түрлері де үйретіледі. Оған қоса, бастауыш сыныптан-ақ елдегі ортақ заңға бағыну, өзгенің құқығын сыйлау, біреудің пікіріне құрметпен қарап, толеранттық таныту, ешкімнің жеке шекарасына қол сұқпау сияқты зиялылық тәрбиесі беріледі. Жалпы, АҚШ мектептерінің оқу бағдарламалары мен тәрбие жүйесі балаларды демократиялық-құқықтық мемлекеттің толыққанды азаматы етіп тәрбиелеуге бағытталған», – дейді.

АҚШ-тың Массачусетс штатында, Бостонда үш баласы мектепке баратын Тимур Бектұр да бұл пікірге қосылды. Ол да қазақстандық жүйені немесе педагогтарды сынамайтынын бірден айтты. Сөзінше, ол жақтағы бастауыш сыныптағы білім деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда төмен.

«Өйткені АҚШ-тағы жасы кішкентай оқушылардың бағдарламасы өте жеңіл. Әдейі солай жасалған. Ерекшелігі сол, өсіп келе жатқан баланы еркін ұстайды, миына салмақ салмайды, қыстамайды. Қазақстанда балаларым 5 сабақтың әрқайсысынан 4-5 тапсырма алып келетін. Біз оны қинап оқытады екенбіз. Ал АҚШ-та білімге деген құштарлықты ашуға баса мән беріледі. Мұнда оқушының сыни ойлауы мен шығармашылығын дамыту басты назарда. Бастауышта қандай жұмыс апарса да, қисық, төңкеріп жазса да «good job – жақсы жұмыс» деп бағалайды екен. Бірақ барлық сыныпта олай емес. Есейіп, саналы жеткіншекке айналғанда жүктеме мен талап күшейтіледі. Орта мектептен, 7-сыныптан бастап сабақтар күрделенеді. Ал жоғары 10, 11, 12-сыныптар біздегі бакалавр деңгейіндегі пәндерді оқиды. Тіпті сызықтық алгебраға дейін. Осындай жас ерекшелігіне бейімделген методикамен оқыту қалай қарасаң да тиімді. Ойлап отырсам, күрделі нәрселермен тым кішкентай кезінде баланың меселін қайтарып, талабын тойтарып тастайды екенбіз. Ал АҚШ-та ондай психологиялық қысым жоқ, үйренуге мүмкіндік бар. Мұнда баланың психологиялық саулығына, жүйкесінің тыныштығына қатты мән береді. Осы жағынан үлгі алуымыз керек. Және баланың өз көрсеткішін өзіне талап қылып қояды. Оқушыларды бір-бірімен салыстырмайды. Тоқсандық баға деген жоқ. Ең алғаш мектепке барып келген күні балалардың айтқаны – «апайлар ұрыспайды екен». Өйткені мұнда «қателесу – қалыпты нәрсе» деген психология қалыптасқан. Балалар сабаққа қуана-қуана барады. Бұрын қиналып әрең баратын», – дейді ол.

Оқу процесін сырттай қадағалайтын ата-аналардың көзқарасы осындай. Ал оқушы қандай әсер алғанын білмекке Ұлыбританияның Кардифф қаласында бір жыл білім алып келген Жаннұр Тұяқбаймен тілдестік. Ол 5 сыныпты Moorland primary мектебінде оқыған. Өзінің айтуынша, жаңа мектебіне 2-3 айда үйренісіпті. Сабақты екі мұғалім күнара кезектесіп өткізеді екен. Балалар жаттығулар мен тапсырмалардың көпшілігін сыныпта тұратын планшетпен орындайтындықтан, мектепке кітап, дәптер, қалам тасымайды. Біздегідей мектепке ауыр сөмке арқалап бармайды. Әрі пәндердің реттілік кестесі мен қатып қалған уақыты белгіленбейді, қоңырау соғылмайды. Мұғалімдер қай сабақты қанша уақыт өтсе де өздері біледі. Яғни тақырып түсінікті болғанша, сұрақтар толық шешілгенше оқытуға мүмкіндік бар.

«Үй жұмысын сирек береді. Әр сабақ аяқталғанда далаға серуенге шығамыз. Ал жаңбырлы не қатты суық кезде логикалық ойындар, лего, уно ойнауға болады. Күнделікті reading time – оқу уақыты бар. Ол сабақта бәріміз сөредегі әртүрлі кітаптардан қалағанымызды алып, тып-тыныш кітап оқитынбыз. Арасында кино, мультфильм көрсететін. Музейге, теңіз жағасына, саябақтарға жиі апаратын. Онда топтық жұмыс көп. Үнемі үш қатарға бөлініп емес, топ-топпен, 4 адамнан немесе бәріміз дөңгеленіп отыратынбыз. Ертегі құрастыратынбыз. Бірде қағаздан хеликоптер жасап, ұшырдық. Аптасына бір рет екі сағат дене шынықтыру пәні болады, одан соң сыныпқа келгенде әрбіріміздің партамызда укулеле аспабы тұрады. Музыка ағай оны шертуді үйретті. Кейіннен жақсы меңгере бастаған соң үйге де сатып алдық. Әлі есімде, бәріміз мерекеде ата-аналарымызға укулеледе ойнап бердік. Ұлыбританиядағы мектебімді кейде сағынамын», – дейді Жаннұр. Оның айтқандарын тыңдап отырып, сағына еске алғанын біз де байқадық.

Тағы бір айта кетерлігі, мұғалімдер жыл сайын ауысып, сынып құрамы да өзгеріп тұрады екен. Бұл әлеуметтік ортаға тез бейімделу мақсатында болса керек. Осындай детальдардың өзі ескерілетін білім жүйесі баланың дамуына қолайлырақ екені айтпаса да түсінікті. Ал біздегі оқушылардан сұрасаң, «жаттау берді, жазу берді, демалыс қашан...» деген жауапты естімей қалуың екіталай. Жоғарыда Жаннұр айтқандай, ата-аналар баяндағандай, балаға ыңғайлы және сапаны қамтамасыз ете алатын оқу процесі бізге қашан келер екен дейсің...

Бұған дейін 13 министр ауысты. Олардың әрқайсысы басқаша бағыт іздеп, түрлі бағдарлама енгізіп, ауқымды реформалар бастаумен болды. Алайда білім жүйесінде өзгерген нәрсе шамалы. Министрлік бөлінгелі оқу-ағарту саласын басқарып отырған Ғани Бейсембаев та осы 8 айда іліп алар ештеңе жасамады. Яғни кеңестік жүйемен келе жатқан біздегі білім жүйесі жаңарады деп күтсек, ол күннің ауылы әлі алыстау сияқты.

Тегтер: Без Тега
Баян Мұратбекқызы
Баян Мұратбекқызы Баян Мұратбекқызы

Оқыңыз