Live

Асад билігі құлағанымен, Ресей Сириядан кетпейді

Башар Асад режимі құлап, Сирияның жаңа билігі Батыс елдерімен жақындай бастағанына қарамастан, Ресей бұл елдегі ықпалынан бас тартпайды. Бұл туралы Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының зерттеуінде айтылған.

Башар Асад пен жұбайы

Зерттеу авторларының мәліметінше, Мәскеу Сириядағы ықпалын бұрынғыдай ашық әскери қатысумен емес, ұзақ мерзімді экономикалық және логистикалық тетіктер арқылы сақтауға көшкен.

Ресей Тартус пен Хмеймимдегі әскери нысандарын сақтап отыр. Оның ішінде Тартустағы базаны логистикалық және сауда орталығына айналдыру жоспарланған.

Сонымен қатар Сирия Ресейден бидай, мұнай, қару-жарақ және әскери техникаға арналған қосалқы бөлшектерді жеткізуге әлі де тәуелді екені атап өтілген.

Зерттеуде Мәскеудің Сириядағы басқа да ықпал ету құралдары көрсетілген. Атап айтқанда, Ресей сириялық валютаны басып шығаруды жалғастырып, фосфат өндірісі секторындағы позициясын сақтап қалған. Сондай-ақ Дамаскіде қайта ашылған «Русский дом» ұйымы Батыс барлау қызметтерінің бағалауынша, ақпарат жинау құралы ретінде де пайдаланылуы мүмкін.

Бұдан бөлек, Сирияның Ресей алдындағы шамамен 1,2 млрд доллар көлеміндегі қарызы, Башар Асадтың Ресейде болуы және сириялық саяси элитаның бір бөлігімен қалыптасқан байланыстар да Мәскеудің елдегі ықпалын сақтауға мүмкіндік беретін факторлар ретінде аталған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз