Астанада әйел өліміне қатысты іс: бұрынғы төрт полицей ұсталды
Астанада 30 жастағы әйелдің өлімінен кейін бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды.
Олар қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінді. Сондай-ақ бірнеше полиция басшысы қызметінен босатылды.
Бұл ақпаратты Астана қаласының Полиция департаменті растады.
Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты қызметтік тексеруді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізген. Оның қорытындысы бойынша төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды.
Бұдан бөлек, екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен босатылған. Ал елордалық Полиция департаментінің бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
"Қызметіне салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды", – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.
Тергеу жалғасып жатыр. Іс ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.
Астанадағы әйел өлімі туралы не белгілі?
Қайғылы оқиға 23 қыркүйек күні кешке болған. Сағат 20:00 шамасында полицияға әйелге шабуыл жасалғаны туралы хабар түскен.
Оқиға орнына жеткен полицейлер 30 жастағы Астана тұрғынын көптеген пышақ жарақатымен тапқан. Әйел оқиға орнында көз жұмды.
Кісі өлтірді деген күдікті ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған. Қылмыстық іс "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде күдіктінің құқық қорғау органдарының қазіргі қызметкері екені туралы ақпарат тараған. Астана қаласының Полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарып, ұсталған адамның күштік құрылымдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.