Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:27, 21 Мамыр 2024

Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімі беріледі

в
Фото: из открытых источников

Президент Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.

Бұл – әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты жақында толықтай қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады.

– Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына «ұлттық» және «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады, – деді Президент.

Сондай-ақ, ол ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін жеткізді.

– Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: oner.kz

Тегтер: