«Астық келісімінің» болашағы бар ма? Ердоған Путинді көндіре алмады.
Ресей-Украина соғысына байланысты сарапшылар «екі кеменің басын ұстап отыр» деп атайтын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 4 қыркүйек күні Сочиде кездесіп, әріптесі Владимир Путинді «астық келісімін» қайта жандандыруға көндіре алмады.
«Былтыр 22 шілдеде жасалған келісім тұп-тура бір жылдан соң, биыл 18 шілде күні үзілді-кесілді тоқтаған. Тоқтатқан – Ресей. Мәскеу сүйенген аргумент – «тараптар былтырғы келісімде айтылған уәделерді орындамаған». «Астық келісімі» деген не және оның әлемге қандай әсері бар? Түсіндіріп көрейік.
«АСТЫҚ КЕЛІСІМІ» деген не?
2022 жылдың ақпанында Ресей шабуылы басталған сәтте-ақ орыстардың десанттарына тосқауыл қою үшін Украина Одесса аумағын түгел миналап, порттарының бәрін жапқан. Киев порттарды қайта ашу үшін «соғыс бітіп, Ресей әскері кетуге тиіс» деген. Бірақ орыстар кеткен жоқ, шабуылды үдетті. Портта астығымен бірге тұрған бірнеше кемеге зымыран түсті. Осының салдарынан, 2022 жылдың жазына қарай Украина порттарында тұрып қалған астық көлемі кемі 20 миллион тоннаға жуықтаған.
Сондықтан Қара теңіз арқылы өтетін «Астық келісімі» өзара соғысып жатқан Ресей мен Украина арасында 2022 жылы жасасқан ең маңызды құжат. Бұл келісімнің жасалуына ең алдымен БҰҰ мүдделі. Африканың ашаршылық алдында отырған елдеріне азық-түлік жеткізу миссиясын арқалаған ұйым өзара дұшпан екі мемлекетті бір игі шараның басында түйістіруге барын салған. Екі ортадағы келіссөзге Путинге сөзі өтімді Түркия президентін жұмсады. Әрине, Қара теңіз арқылы Украина мен Ресейден тасымалданатын астық экспорты Ыстамбұлдың да қалтасын теспейді. Оның үстіне, Ердоғанның «осы келісімді пайдаланып, екі елді татуластырып жіберсем, сөйтіп, қырғын соғыстың тоқтауына ықпал етіп, тарихқа бейбітшілік үшін күрескен ұлы тұлға ретінде енсем» дейтін дәмесі де жоқ емес еді.
Әлемде Украинаның астығына мұқтаж ел көп. БҰҰ дерегінше, соғыс басталмай тұрып 2021 жылы дүниежүзі елдері өзара 462 миллион тонна астық экспорттаған. Соның 50 миллион тоннасы (10%-дан жоғары) Украинаға тиесілі. Украинаның бидайы мен арпасын, күнбағысы мен жүгерісінің көбін азық қылатын елдер Африка мен Азия құрлығында. БҰҰ мәліметінше, келісім аясында бір ғана Қытайдың өзі Украинадан былтыр 8 миллион тонна астық алған.
Түркиядан бөлек, еккен егіні, орған астығы қамбада бекер шіріп кетпеуді көздеген Украина да келіссөзден бас тартпады. Батыстың санкциялары бірінен соң бірі қабаттасып жатқанда Ресей билігі де халықаралық беделді ұйымның бетінен қаққысы келмеді. Тараптар бірнеше рет кездесіп жүріп, былтыр жазда осы «Астық келісіміне» қол қойған. Келісім нәтижесінде, Киев порттағы астықты теңіз арқылы Түркияға, одан ары Африка, Азия елдеріне жөнелтуге міндетті болды. «Россельхозбанкті» халықаралық SWIFT жүйесіне қайта қосуды, шетелдегі бірнеше ірі компаниясын санкция тізімінен шығаруды және тыңайтқыш тасымалына кедергі қоймауды талап еткен Мәскеу Украинаның астық артқан кемелерін атқыламауға, жолын бөгемеуге сөз берген. Осы келісім арасында бірнеше рет үзіліп, қайта іске қосылып, бір жыл жұмыс істеді.
МӘСКЕУ КЕЛІСІМНЕН НЕГЕ ШЫҚТЫ?
Былтырғы «келісім талаптары орындалмады» деген Мәскеу биыл шілдеде астық дәлізін біржола жауып, Украина порттарын қайта атқылауға көшті. Бұл жаңалық аш-жалаңаш кедейі көп Африка елдерін мұңға батырды. Кения сыртқы істер министрі Корир Синг’Оей Африка мүйісіндегі Сомали, Эритерия, Эфиопия мен Джибути сынды кедей мемлекеттердің тұрмысына ауыр соққы боп тиетінін меңзеп, Мәскеудің әрекетін «жауырынға пышақ ұру» деп бағалаған. Замбия сыртқы істер министрі Стэнли Какубо астық келісімінің Африкадағы миллиондаған адамды «аштық азабынан құтылуға деген үміт оты» болғанын айтқан. Ресейді дос-әріптес санайтын африкалықтар келісімге қайта оралуға шақырса да Кремль қожайыны міз бақпады. Оның бауырлас Украина халқын аяусыз қыруға пәрмен берген тілі өзге құрлықта бір үзім нанға зәру боп отырған жат жұртқа мейірімді сөз айтуға келгенде күрмелетіні, көрші елден миллиондаған әйел-бала безіп жатқанда селк етпеген жүрегі айдаладағы көрер көзге алыс, естір құлаққа қашық Африканың сахарасындағы елге езіле қоймайтыны түсінікті.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Мәскеудің келісімді ұзартудан кілт бас тартуына Режеп Ердоған мен Владимир Зеленскийдің шілдедегі кездесуі себеп. Келісім тоқтардан бір апта бұрын Анкарада Зеленскийді құшақ жая қарсы алған Ердоған Қырым түбегін ешқашан Ресейдің жері деп мойындамайтынын тағы қайталаған. Сондай-ақ сол сапарында Зеленский Ердоғаннан былтыр Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытын қорғап, тұтқынға түсіп, кейін «соғыс біткенше Түркияда қалады» дейтін уәде аясында Анкараға жіберілген украин сарбаздарын алып қайтқан. Ердоғанның осы әрекетін Путин «сатқындық ретінде қабылдады» дейді The Wall Street Journal. Сондықтан да болар бәлкім, Ердоғанның Сочиге сапарын Ресей баспасөзі бұрынғыдай «алаулатып-жалаулатып» көрсетпеді.
СОЧИДЕГІ КЕЗДЕСУДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?
4 қыркүйек күнгі алғашқы кездесуде-ақ Путин Ердоғанға астық тасымалы жөніндегі келісімнің қайта іске қосылуы үшін әуелдегі шарттарының орындалуы маңызды екенін ескертті. Ол Батыс елдері Ресей тыңайтқышына салынған санкцияларды жеңілдетпегенін, астық экспортына қажетті банктің халықаралық SWIFT жүйесіне қосылмағанын алға тартып, түрік президентінің «кеудесінен итерді». «Радио свобода» сайтының экономикалық шолушысы Максим Блант «Ердоған Сочиге бекер барды. Түркия басшысының неден үміттенгені жұмбақ» деп жазды. Ол Ердоғанның осы жолғы жүрісін Ресейге ай сайын шапқылайтын, бірақ маңызды ешбір келісім жасаспайтын Александр Лукашенконың сапарларына ұқсатты. Бланттың пікірінше, «Астық келісімі» жанданбаса, бәрібір ұтылатын ел – Ресей. Ол «Африканың кедей елдері Ресейден үміт үзіп, Аргентина, АҚШ, Канада мен Австралияның бидайы мен арпасына ауып кетеді» деп есептейді.
BBC агенттігінің орыс қызметіндегі тілшісі Алексей Калмыков «Астық келісімін» Путинге «мүлде қажет емес» деп біледі. Ол Ресейдің биыл қамбаға кемі 100 миллион тонна астық жинайтынына, оны Африка елдеріне арзан бағамен сатуға бірден-бір кедергі – басты бақталас Украина екеніне назар аударады. «Путин көзімен қарағанда» – дейді Калмыков, – «Былтырғы келісім Украинаның әмиянын толтырып, Ресейдің қалтасын қағады, сондықтан ол Кремльге тіпті де тиімді емес».
Сочи сапарының сәтті болмағанын Түркия президенті де мойындаған. Жергілікті Milliyet басылымы Ердоғанның «соғыс жақын арада аяқталатынға, тараптар өзара келісімге келетінге ұқсамайды» деген сөзін жазды. Ол журналистерге «досы» Путинді (Ердоған кездесуде Ресей президентін бірнеше рет «құрметті досым» деп атады ) «Астық келісіміне» көндіру үшін енді БҰҰ басшысы Антонио Гуттеришке жүгінетінін айтқан.
КЕЛІСІМ ЖАНДАНБАСА УКРАИНА НЕ ІСТЕЙДІ?
«Астық келісіміне» мүдделі елдің бірі – сөзсіз Украина. Зеленский келісімнен Ресейді шығарып тастауды қалайтынын, Африка мен Азияға Еуропа елдерінің көмегімен астық жеткізудің басқа айласын табатынын ашық мәлімдеген. Анығында өнімін Қара теңіз арқылы халықаралық дәліздермен емін-еркін тасымалдаған Киев енді көрші Бухарестің қабағын бағады. АҚШ-тың Politico басылымының жазуынша, Украинаның астық тасымалдауына мүмкіндік беретін екі жол бар. Екеуі де көрші Румынияның аумағынан өтеді. Біріншісі – бидай мен арпаның, жүгерінің бәрін пойыз арқылы Румыния жеріндегі Констанца портына тасып, одан ары қарай теңізге шығару. Екінші – Бухарестің рұқсатын алып, Дунай өзенімен жүзу. Алайда «Украина астығының тасымалы Румыния фермерлеріне кері әсер етеді, халық арзан ұнға жүгіріп, жергілікті шаруалар шығынға батады, Бухарест келісе қоймайды» дейді америкалық басылым. Оған қоса, Констанца порты жылына ары кетсе 25 миллион тонна астық тасымалдауға қауқарлы, бұл Украина экспортын түгел өтемейді.
Сарапшылар пікірінше, Киев Анкараға да арқа сүйейді. Зеленскийдің шілдедегі сапарында Украинаның астық артқан танкерлерін Түркияның әуе күштері күзетіп жүрсе дейтін де ұсыныс естілген. Әрине, күзетші ұшақтарды орыс зымырандары атып түсіріп, соғысқа Түркияның, оның арқасында тұрған НАТО-ның да араласып кетуін көздеген мұндай арманның жүзеге аса қоюы да екіталай. Тіпті Киевтің өзі сене қоймайды. Оны Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Бондарьдың «Түркия Ресеймен ашық қақтығысқа ешқашан бармайды. Кемелерді түрік ұшақтарының жетектеп жүруі жұмсартып айтқанда – нонсенс» деген мәлімдемесінен-ақ аңғаруға болады.
Африка елдері мен БҰҰ-ның Путинді райынан бір қайтарса жыл сайын Украина астығының 20 пайызға жуығын алатын Қытай төрағасы Си Цзиньпин қайтаруы мүмкін деген әлсіз үміті бар. Бірақ Қытай басшысы келісім тоқтағалы бері ресми түрде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.