Атырау облысында кәмелетке толмаған балалар қайыр сұрап жүр
Атырау облысында кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілері тіркелді.
Прокурорлар қиын тұрмыстық жағдайға тап болған 50-ден астам отбасына барып, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұрау фактілері анықталып, ата-аналары жауапкершілікке тартылуда. Аталған бағытта жұмыс жалғасады, делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, соңғы уақытта Атырауда балалардың өліміне байланысты бірнеше қайғылы жағдайлар болған.
Мәселен, 4 шілдеде Жеңіс саябағында қыз бала дұрыс бекітілмеген бюсттің құлауынан қайтыс болды. Бір аптадан кейін, 10 шілдеде балабақшада бала септикке құлап, төрт күннен кейін қаза болды, 14 шілдеде қалалық орталық бассейнде қыз бала суға батып кетті, ал 26 шілдеде субұрқақта (фонтан) тағы бір қыз бала сорғының (насос) салдарынан қайтыс болды. 27 шілдеде Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жасөспірім мотоциклмен түйеге соқтығысып, алған жарақаттарынан қайтыс болды. Келесі күні көпқабатты үйлердің бірінен 15 жасар оқушы терезеден секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған.