Live

Атырауда ұлын алты рет пышақтаған әке түрмеден босатылды

Атырау облысының Томарлы ауылында болған отбасылық жанжалдан кейін 56 жастағы ер адам туған ұлының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген айыппен сотталды.

қылмыс

Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, 11 сәуір күні кешке әкесі мен ұлы бірге ішімдік ішкен. Кейін олардың арасында жанжал туындаған.

Тергеу мәліметінше, ұлы алдымен ұйықтап жатқан әкесіне шабуыл жасап, оны тұншықтырмақ болған. Ер адам босап шығып, асүйден пышақ алып, ұлына бірнеше рет соққы жасаған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші іш тұсынан бір, арқасынан бес пышақ жарақатын алған. Салдарынан бауыры, ішегі мен қабырғалары зақымданып, бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян ретінде танылған.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, оқиғадан кейін ұлымен татуласқанын айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Жәбірленуші де жанжалды алғаш өзі бастағанын растап, әкесіне жеңіл жаза тағайындауды өтінді.

Сот айыпталушының өкінгенін, тараптардың татуласқанын және жанжалға жәбірленушінің заңға қайшы әрекеті себеп болғанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал мас күйде қылмыс жасауы ауырлататын жағдай деп танылды.

Нәтижесінде сот ер адамды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылау белгіледі. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залынан қамаудан босатылды.

Тегтер: Атырау
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз