Оқиғалар

Атом саласына кадр даярлау – стратегиялық міндет

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданғаннан кейін бұл саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – білікті кадрлар даярлау.

Аэс

Өйткені кез келген жоғары технологиялық өндірістің табысты жұмыс істеуі ең алдымен кәсіби мамандардың біліктілігіне байланысты.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Қазақстан Республикасы атом саласы үшін кадрлар даярлау мәселелері жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Басқосуға Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының, сондай-ақ екі елдің салалық ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қазақстандық тарап атом саласына мамандар даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Әңгіме тек жоғары оқу орындарында маман дайындаумен ғана шектелген жоқ. Кадрлық жоспарлау жүйесін қалыптастыру, білім беру бағдарламаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, оқу-зертханалық базаны жаңғырту және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелері де кеңінен қаралды. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдары арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде ресейлік тарап атом энергетикасы саласында жинақталған тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, атом электр станцияларын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды өндірісте бейімдеу, халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бойынша тәжірибелер ұсынылды.

Мамандардың айтуынша, атом энергетикасы – тек инженерлерді ғана емес, физиктерді, химиктерді, энергетиктерді, автоматтандыру және цифрлық технологиялар саласының мамандарын, экологтарды, радиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшыларды, ядролық медицина қызметкерлерін және ғылыми-зерттеу кадрларын қажет ететін кешенді сала. Сондықтан кадр даярлау жүйесі ұзақ мерзімді жоспарлау негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

Бүгінде Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындары ядролық физика, ядролық инженерия, радиациялық қауіпсіздік және ядролық медицина бағыттары бойынша мамандар даярлап келеді. Сонымен қатар шетелдік университеттермен қос диплом бағдарламалары, академиялық алмасулар мен ғылыми тағылымдамалар іске асырылуда. Мұндай жобалар болашақ мамандардың халықаралық тәжірибе жинақтауына және әлемдік деңгейдегі технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

Дегенмен сарапшылар кадр мәселесін тек шетелдік тәжірибеге сүйену арқылы шешу жеткіліксіз екенін айтады. Ұзақ мерзімде Қазақстанның өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып, ұлттық инженерлік кадрлар корпусын дамыту маңызды. Бұл үшін университеттердің материалдық-техникалық базасын күшейту, заманауи зертханалар ашу, өндірістік тәжірибені кеңейту және ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету қажет.

Жігер Әшім 

Тегтер: АЭС
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз