Жеңіл табыс, ауыр салдар: есірткі бизнесінің әлеуметтік портреті
Есірткі саудасы –тұтас қоғамның қауіпсіздігіне төнетін ең ірі қатерлердің бірі. Әдетте мұндай «дерт» жастардың денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қылмыстың көбеюіне, отбасы институтының әлсіреуіне және заңсыз қаржы айналымының ұлғаюына жол ашады.
Сондықтан әлемнің көптеген мемлекеті есірткіге қарсы күресті ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағыты ретінде қарастырады. Қазақстанда да бұл бағыттағы жұмыс күшейіп келеді. Құқық қорғау органдары заңсыз айналым арналарына тосқауыл қойып, есірткіні өндіру, сақтау және тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтау бойынша жүйелі шаралар жүргізіп келеді.
Осындай кезекті арнайы операциялардың бірі Шымкент қаласында жүзеге асқан еді. Полиция қызметкерлері синтетикалық есірткінің ірі партиясын заңсыз тасымалдады деген күдікпен ерлі-зайыптыны қолға түсірді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер Алматыдан жеткізілген мефедронды Шымкент арқылы еліміздің оңтүстік өңірлеріне таратуды жоспарлаған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы ұсталған. Олар жеке автокөлікпен синтетикалық есірткінің ірі көлемдегі партиясын тасымалдаған деген күдікке ілінді.
Көлікке жүргізілген тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған төрт герметикалық орама тәркіленді. Мамандардың айтуынша, мұндай көлемдегі синтетикалық есірткі мыңдаған бір реттік дозаға жетуі мүмкін. Демек, оның заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеуі көптеген адамның, әсіресе жастардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Тергеу барысында күдіктілердің ұялы телефондарынан интернет арқылы жұмыс істейтін есірткі дүкенінің ұйымдастырушыларымен жүргізілген хат-хабарлар анықталған. Сондай-ақ синтетикалық есірткіні тасымалдағаны үшін криптовалюта арқылы төленген сыйақылар жөніндегі деректер де табылған. Бұл қазіргі таңда есірткі саудасының дәстүрлі тәсілдерден цифрлық кеңістікке ауысып, анонимді байланыс арналары мен криптовалюталарды белсенді пайдаланып отырғанын көрсетеді.
Соңғы жылдары әлемнің көптеген елінде синтетикалық есірткінің таралуы жаңа сипат алды. Бұрын есірткі айналымы көбіне ұйымдасқан қылмыстық топтар арқылы жүзеге асса, бүгінде интернет-дүкендер, шифрланған мессенджерлер және криптовалюталар заңсыз бизнестің негізгі құралдарының біріне айналды. Сол себепті құқық қорғау органдары да дәстүрлі әдістермен шектелмей, киберқылмыспен күрес бөлімдерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, цифрлық іздерді анықтау технологияларын белсенді қолдануға көшкен. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, есірткіге қарсы тиімді күрес тек тәркілеу мен қылмыскерлерді ұстаумен шектелмейді. Мәселен, бірқатар Еуропа елдері мен Азия мемлекеттері құқық қорғау шараларын жастар арасындағы алдын алу жұмыстарымен, ақпараттық түсіндіру науқандарымен және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту бағдарламаларымен қатар жүргізеді. Мәселен, әлеуметтанушы Айбек Асқардың айтуынша, есірткі бизнесінің әлеуметтік портреті соңғы он жылда әлдеқайда өзгерген.
«Бұрын мұндай қылмыстар көбіне қылмыстық топтармен байланыстырылса, бүгінде қарапайым азаматтардың, студенттердің, тіпті балалы отбасылардың заңсыз табыс үшін осы іске тартылып жатқаны байқалады. Шымкенттегі оқиғада ұсталғандардың үш кәмелетке толмаған баласының болуы – соның дәлелі. Бұл қоғамдағы материалдық қиындықтардың, тез ақша табуға ұмтылыстың және құқықтық сананың әлсіздігінің қауіпті үйлесімін көрсетеді.
Әлемдік тәжірибе де қызықты сабақ береді. Мысалы, Португалия 2001 жылдан бастап есірткі мәселесіне тек қылмыстық емес, қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан қарай бастады. Елде тәуелді адамдарды емдеу, оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламалары кеңейтілді. Нәтижесінде инъекциялық есірткіні пайдалануға байланысты жұқпалы аурулар азайып, тәуелді адамдардың емделуге жүгіну көрсеткіші артты. Ал Сингапур есірткі саудасына қатысты ең қатаң заңнамалардың бірін қалыптастырып, шекаралық бақылау мен жазалау шараларын күшейтті. Бұл екі мысалдың тәсілі әртүрлі болғанымен, екеуін біріктіретін ортақ қағида бар: мемлекет алдын алу, құқық қорғау және қоғамдық жауапкершілік бағыттарын қатар дамытқанда ғана нәтиже байқалады.
Біріккен ұлттар ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы соңғы жылдары жаңа психобелсенді заттардың, әсіресе синтетикалық есірткілердің жылдам көбейіп жатқанын айтады. Мұндай заттардың түрлері үнемі өзгеріп отыратындықтан, оларды анықтау да, құқықтық бақылауға алу да күрделене түсіп жатыр. Сарапшылар бұл үрдіс құқық қорғау органдары мен сараптамалық зертханалардың жұмысын едәуір қиындатқанын атап өтеді», –дейді маман.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, жастардың есірткіге әуестенуіне бірнеше фактор әсер етеді. Олардың қатарында құрдастар қысымы, отбасындағы бақылаудың әлсіреуі, жұмыссыздық, психологиялық күйзеліс, өмірлік мақсаттың болмауы және әлеуметтік желілердегі заңсыз контенттің ықпалы бар. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап құқықтық мәдениетті қалыптастыру, ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру және жастарға спорт, шығармашылық, еріктілік сияқты балама мүмкіндіктер ұсыну – есірткіге қарсы саясаттың ажырамас бөлігі болуы керек. Ведомствоның мәліметінше, ұсталған ерлі-зайыптының қамқорлығында кәмелетке толмаған үш бала болған. Соған қарамастан олар заңсыз табыс табу жолын таңдаған. Жауап алу барысында күдіктілер өз кінәларын толық мойындаған. Ал медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны анықталды. Мұндай фактілер есірткінің жеке адамға ғана емес, тұтас отбасыға, балалардың тағдырына және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететінін аңғартады.
Сәруар Бақберген
Шымкент қаласы