Сараптама

Каспийдегі апат: нағыз кінәлілер кімдер?

Каспий маңындағы теңіз жаяу әскерінің қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған 14 жауынгер туған жеріне қайтып оралмады.

1

Теңіздегі тыныштықты күзетіп, әскери тапсырманы орындауға шыққан сарбаздар сол күні ажалмен бетпе-бет келетіндерін білген жоқ. Әдеттегі оқу-жаттығудың арты қайғылы оқиғаға ұласты. Ашық айдынға аттанған әскери десанттың жолын буырқанған толқын бөгеп, жағаға жетуіне мүмкіндік бермеген. Кеше ғана әскери міндетін орындап жүрген боздақтардың өмірі теңіз түбінде үзілді. Қайғылы жағдайдан кейін 25 қыркүйекте Қазақстанда аза тұту күні жарияланып, мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Бір сәтте ұлынан айырылған ата-ана, бауырынан көз жазған ағайын қара жамылды. 

Оқиға Маңғыстау облысының Omir Glamping демалыс базасының маңында болған. Дәл осы жерде "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығуы өтіп жатқан еді. Оқу-жаттығу жұмыстарына Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен. Қорғаныс министрлігі жариялаған ақпаратта оқу-жаттығуға 500-ден астам әскери қызметші жұмылдырылғаны айтылған. Алдын ала жарияланған ресми мәліметке сүйенсек, 24 қыркүйекте әскерилердің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, теңізде дауыл тұрған.

Маңғыстау облысы
Фото JasAlash/маңғыстаулытарға 112-ден келген хабарлама

Тұрғындарға желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейетіні жөнінде  хабарлама келген. Соған қарамастан, әскерилер ашық теңізде оқу-жаттығуларын жалғастырған. Осы жерде "ескертулер неге ескерілмеді?" деген заңды сұрақ туындайды. Десе де, ауа райы болжамын елемеуге не себеп болғаны әзірге белгісіз. Қазір бұл жағдайды арнайы құрылған үкіметтік комиссия анықтап жатыр.

Қайғылы жағдайдан кейін Қорғаныс министрлігі бірінші мәлімдемесінде теңізге 19 адамның кеткенін хабарлады. Кейіннен ресми орган хабарламада қате кеткенін, қайғылы жағдайға 19 емес, 17 әскеридің тап болғанын жеткізді. Оқиғадан үш жауынгер құтқарылып, олардың біреуі ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, 14 әскери қызметші қаза тапты. Олардың әскери борышын өтеп, үйлеріне қайтуына тек 10 күн қалған еді. Осыдан кейін қоғамда Қорғаныс министрлігінің қате мәлімдемесі қызу талқыланды. Сол күні суға кетіп, қаза тапқандардың тізімі жазылған қағаз әлеуметтік желіде тарап кеткен еді. Ол жерде 19 әскеридің аты-жөні жазылған. Кейіннен екі әскеридің тізімнен не себепті жоқ болып кеткені дау тудырды. Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға да жауап беріп, сол күні мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А. мен Мағауия Ә. жағалауда қалған жауынгерлердің қатарында болғанын мәлімдеді. Алайда жағалауда болған екі сарбаздың тізімге қалай жазылып кеткенін ашып айтпады.

Оқиғада үш адам құтқарылған. Иә, ресми деректе үш жауынгердің құтқарылғаны айтылған еді. Кейіннен қайғылы жағдайдан аман қалған әскерилердің жақындары балаларының жағалауға өз бетінше жеткенін мәлімдеді. Әскерилер суға кеткен сәтте арнайы құтқарушылардың оқиға орнында болғаны немесе болмағаны анықталып жатыр. Қайғылы оқиға кезінде аман қалып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен Ақжол Темірханның қазір денсаулығы қалыпты. Оның әкесі Тимур Қыдырниязов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұлының қаруластарын құтқаруға тырысқанын, бірақ көмектесе алмағанын жеткізді. Темірхан Ақжол судан өз күшімен жүзіп шығып, кейін қаза тапқан досы Мәдіхан Азаматты шамамен жарты сағат іздеген.

"Қайғылы оқиға кезінде ұлым досын құтқаруға тырысқан, бірақ қолынан келмеген. Егжей-тегжейін білмеймін, оған бұл туралы айту қиын", – деді сарбаздың әкесі.

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үш әскери қызметшінің бірі – Бекет Қуандық. Туыстарының айтуынша, оқиға кезінде Бекет өз күшімен жағаға жүзіп шығып, аман қалған. Ол ауруханаға жатқызылмаған. Оқиға туралы хабарды естіген ата-анасы бірден ұлына жолға шыққан.

"Балам аман-есен, дені сау. Қалғанын, бәлкім, тексеру аяқталғаннан кейін айтар. Балаларымыздың басынан өткен жағдайды ешкімнің басына бермесін", – деді Бекеттің анасы Қарлығаш Мырзағалиева.

Бекет Қуандық әзірге үйіне қайтпайды және белгіленген мерзім аяқталғанға дейін әскери қызметін жалғастырады.

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған үшінші әскери қызметші Никита Удаловтың туыстары оның қазіргі жағдайы туралы айтып, әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға қатысты үндеу жариялады. Олар сарбаздың оқиға кезінде өз бетінше жүзіп, жағалауға аман жеткенін хабарлады.

"Ол өзі аман қалды, жағдайды бағдарлап, жағаға жетіп, тірі қалды. Қазір көпшілік оның қалай аман қалғанын және нақты не болғанын сұрап жатыр. Бірақ әзірге ол бұл туралы айтуға дайын емес. Мұны түсіністікпен қабылдауларыңызды сұраймыз", – делінген жазбада.

Туыстарының айтуынша, Никита әзірге көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұхбат беруге және басынан өткен оқиғаны баяндауға дайын емес.

Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("Кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Ұсталғандардың қатарында – ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар", – делінген ІІМ хабарламасында.

"Хазар Қорғаны – 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қазасына қатысты ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Қайсар катері
Фото zenit.kz/Қайсар катері

Бейресми деректерде оқу-жаттығу кезінде жауынгерлердің теңізге "Қайсар" катерінен түскені айтылып жатыр. Алайда министрлік тарапынан бұл катерге қатысты нақты дерек жоқ. Жауынгерлер катермен қалай тасымалданды, оқиға қалай болды? Бұл сұрақтың жауабы да нақтыланбады. Бір білетініміз, "Қайсар" катері – Оралдағы "Зенит" зауытында шығарылатын отандық өнім. Зауыттың сайтындағы сипаттамада: "катердің ұзындығы – 14 метр, ені – 3,5 метр, су ығыстыруы – 15 тонна", деп көрсетілген. Шөгуі 0,65 метр болатын катерде төрт адамнан тұратын экипаж және тағы төрт арнайы маман немесе жолаушы отыра алады. Катер теңіздегі шекараны күзету, бақылау және іздестіру-құтқару міндеттерін орындауға арналған. Сарапшылардың айтуынша, ол ірі толқындарға қарсы тұра алмайды.

"Менде де осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақ бар. Білуімше, "Қайсар" катерінің экипажы төрт адамнан тұрады, сонымен қатар бортқа қосымша тағы төрт адамды қабылдауға болады. Алайда ашық теңізде 17 адам болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәліметтің қаншалықты шындыққа сәйкес келетініне қатысты күмән бар. Өйткені сегіз немесе он адам  емес, 17 әскери қызметші қалай сыйған? Шағын катерге сонша адамды не себепті мінгізген? Сол үшін, ең алдымен,  катердің сыйымдылығы, борттағы адамдардың нақты саны және оқиғаның қалай болғаны жан-жақты анықталуы керек", – дейді әскери сарапшы, запастағы полковник Шаир Рамалданов.

Қайғылы оқиғадан кейін әскери бөлімнің теңіздегі оқу-жаттығуға арналған құтқару кеудешелеріне қатысты да біраз мәселе көтерілді. Ашық деректерде әскери бөлім құны шамамен 15-17 мың теңге болатын кеудешелерді мемлекеттік сатып алу арқылы сатып алғаны көрсетілген. Ал оның техникалық талаптарға қаншалықты сай келгені белгісіз.

Мұрат Мұхамеджанов
Мұрат Мұхамеджанов. Фото: Мұрат Мұхамеджанов/Мұрат Мұхамеджанов

Мұрат Мұхамеджанов – әскери сарапшы, подполковник:  Тергеу аяқталмай тұрып нақты бір адамды кінәлі деп атауға болмайды

– Мен осы әскери бөлімде (25744 әскери бөлім) Жағалау қорғанысы бригадасында (теңіз жаяу әскері бригадасы) командирдің бірінші орынбасары – штаб бастығы, сондай-ақ Ақтау әскери гарнизоны штабының бастығы қызметтерін атқардым. Сондықтан бұл бригаданың қызмет ерекшелігін, жеке құрамның даярлығын, сондай-ақ әскери міндеттерді орындау тәртібін жақсы білемін. Бүкіл әскери қызметімде бірде-бір әскери қызметшіден айырылған емеспін. Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы – бүкіл қоғамға ауыр тиген қасірет. Сондықтан бұл қайғылы оқиға әскери оқу-жаттығуларды ұйымдастыру мен өткізудің қолданыстағы жүйесін қайта қарауға себеп болуы тиіс. Әскери қызметшінің өмірі – ең алдымен командирдің жауапкершілігінде. Оқу-жаттығу әскерді шынайы қауіп-қатерлерге дайындауды мақсат етеді. Алайда бұл дайындықта әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеуі керек. Егер қауіп төндіретін факторлар анықталса, оның алдын алу қажет.  

Әскерилер әртүрлі жағдайға дайын жүреді. Жауынгерлік қимылдардың кейбір элементтерін оқу-жаттығу кезінде пысықтау қалыпты жағдай. Бірақ кез келген оқу-жаттығудың нақты мақсаты болады. Егер шекара аумағына теңіз десантын түсіру сценарийі қарастырылса, әскери басшылық мұндай дайындықтың не үшін қажет болғанын түсіндіруі тиіс. Яғни бұл қандай қауіпке дайындық, Қазақстанның қандай қорғаныс міндетін шешуге көмектеседі және мұндай жағдайдың қай кезде туындауы мүмкін деген сұрақтарға жауап берілуі керек. Сондықтан бұл қайғылы оқиғадан кейін тек командирлердің әрекетін тексерумен шектелуге болмайды. Оқу-жаттығудың қалай жоспарланғанын, оның мақсаты қалай анықталғанын және іс-шараның қалай ұйымдастырылғанын басынан аяғына дейін қайта қарау қажет.

Әскери оқу-жаттығулар кезінде ауа райы міндетті түрде ескеріледі. Әсіресе теңіздегі іс-қимылдар мен десант түсіру кезінде бұл талаптың маңызы арта түседі. Егер "Қазгидромет" ауа райының нашарлайтынын алдын ала болжап, ескертуді бір тәулік бұрын жариялаған болса, әскери қолбасшылық бұл ақпаратты қашан және қандай жолмен алғанын анықтайды. Сол үшін де командирлер ауа райының өзгерісін бақылап отыруы тиіс. Оқу-жаттығу басталғаннан кейін оны қандай жағдайда да соңына дейін жеткізу деген болмайды. Ауа райы кенеттен өзгерсе, командир оқу-жаттығуды тоқтатуға немесе өзгертуге міндетті.

Әскери қызмет мерзімінің аяқталуына аз уақыт қалған әскери қызметшіні, сарбазды оқу-жаттығу жиындарына қатыстырмайды деген қағида жоқ және ол заң бұзушылыққа жатпайды. Өйткені ол ресми босатылғанға дейін командирлердің заңды бұйрықтарын орындауға міндетті.

Қандай жағдай болмасын, алдымен қауіпсіздік шаралары бірінші орынға қойылады. Ал Каспийдегі жағдайда қауіпсіздік қажетті деңгейде бақыланбаған сыңайлы. Егер әскери қызметшілер теңіздегі оқу міндетін орындауға жіберілсе, оларды қажетті жеке қорғаныс және құтқару құралдарымен қамтамасыз ету міндетті шарт болуы тиіс. Оған жеке құтқару кеудешелері, судағы арнайы құралдар, байланыс жабдықтары, эвакуация және алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті құралдар жатады. Ал әскери қызметшілердің бір бөлігі құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені расталса, оны қамтамасыз етуге, дайындығын тексеруге және оқу міндетін бастауға рұқсат беруге кімнің жауапты болғанын анықтау қажет. Дегенмен тергеу аяқталмай тұрып нақты бір адамды кінәлі деп атауға болмайды, өйткені әскери жүйеде жауапкершілік жоспарлау мен бекітуден бастап, жеке құрамды дайындау және оқу міндетіне жіберуге дейін бірнеше деңгейге бөлінеді. Сондықтан оқу-жаттығу жоспарын кім әзірлеп, кім бекіткені, қауіпсіздік пен қажетті құралдарға кім жауап бергені, әскери қызметшілердің дайындығын кім тексергені және оқу міндетін бастауға кім рұқсат бергені анықталуы тиіс.

Маржан Сәбет

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз