Әлеумет

БАҚ: Қытай Ресейге камикадзе-дрондарға арналған компоненттерді жасырын жеткізген

Қытайдың мемлекеттік компаниясы Ресейге жүздеген камикадзе-дрон өндіруге қажетті материалдарды жасырын жеткізген.

Ким Чен Ын мен дрон

 Бұл туралы 6 қыркүйек күні кешке британдық The Telegraph басылымы Politico-мен бірлесіп жүргізген зерттеуіне сүйеніп хабарлады.

Материалдар Украинаға соққы жасау үшін қолданылатын «Герань» дрондарын шығаратын Ресейдегі ірі өндіріс орындарының бірімен байланысты компанияға жөнелтілген. Журналистер танысқан Ресейдің ішкі құжаттарына қарағанда, жеткізілімді Қытайдың мемлекеттік компаниясы тікелей Ресейге жіберген.

Құжаттарды Украинаның қауіпсіздік және ынтымақтастық орталығы (USCC) ресейлік дереккөздерден алып, кейін АҚШ пен Ұлыбритания үкіметтеріне берген.

Жүк азаматтық тауар ретінде рәсімделген

Құжаттарда Қытайдың Jilin Chemical Fiber Group компаниясы «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорнына көміртекті талшық өндіруге арналған 46 тонна полиакрилонитрил шикізатын жібергені көрсетілген.

Жүктің алушысы – «Росатомның» заманауи материалдар мен композиттерге маманданған Umatex бөлімшесіне қарасты «Алабуга-Волокно» компаниясы.

USCC зерттеуінде «Алабуга-Волокно» Ресейде ирандық Shahed дрондарының негізінде жасалған алыс қашықтыққа ұшатын камикадзе-дрондарды жаппай өндіруге қажетті беріктігі жоғары көміртекті талшық жеткізетіні айтылады.

Украина тарапы берген құжаттардың түпнұсқа екені АҚШ, Ұлыбритания және Украина шенеуніктері тарапынан расталған.

Құжаттарға сәйкес, Қытайдан келген жүк кеденде нейлон мен полиэстер секілді азаматтық мақсаттағы синтетикалық материалдарға арналған кодпен рәсімделген.

Ал дұрыс кедендік код қолданылған жағдайда бұл жүк азаматтық салада да, қорғаныс өнеркәсібінде де пайдаланылуы мүмкін қосарлы мақсаттағы тауар ретінде көрсетілуі тиіс еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз