Бақытжан Базарбек министр Қ.Шарлапаевпен арадағы дау туралы: Бас прокурорға жүгінемін
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Құрылыс кодексін әзірлеуге жұмсалған қаражаттың дауы бойынша Бас прокурорға шағымданатынын айтты.
«Шарлапаев (Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев — ред.) мырза мойындамай отыр. Мен өз ұстанымымда нық қала беремін. Бюджет заңнамасы бұзылды. Бюджет шығындалды, ал оның негізді екенін құжатпен дәлелденбеген. Қаржы министрлігі ондай заң бұзу фактісі болғанын растады. Шарлапаев мырза керісінше теріске шығарып жүр. Енді біз Өнеркәсіп және құрылыс министрінің нұсқауды орындағанын күтеміз. Қаржы министрлігі жол берілген заң бұзу фактілерін жою туралы нұсқау жолдаған», — деді ол журналист сұрағына берген жауабында.
Депутат бұл іс бойынша құзырлы органдарға шағымданып жатқанын айтты.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне хат жолдадық. Олар да Өнеркәсіп министрлігіне қатысты акт рәсімдеуі керек. Мен Бас прокурорға жүгінемін. Болып жатқаны дүниені әділетті деп ойламаймын», — деді депутат.