Саясат

Бар-жоғы белгісіз Боралдай

«Жас Алаштың» редакциясына Ақбота Бахтиярова есімді оқырманымыз хабарласты. Алматы қаласы Алатау ауданы Боралдай ықшамауданының тұрғыны өздерінің өркениет игіліктеріне қол жеткізе алмай, жолсыз, жарықсыз отырғанын айтып, қол ұшын созуымызды сұрады.

Бар-жоғы белгісіз Боралдай

Өйткені инфрақұрылым мәселесін Алатау ауданының әкімдігі бірнеше жылдан бері мүлде қарастырмаған, түскен өтініштер қаралмаған. Жиналдық та, жұртпен тілдесуге бардық.

Сөйтсек, мұндағы мәселе тек жол мен жарық қана емес екен.

— 2005 жылы жер телімін алып, үй тұрғыздым, міне, содан бері 18 жыл бойы Боралдайда тұрамын. Мұндағы инфрақұрылым мәселелерінің бәрін шама-шарқымызша өзіміз шешіп келеміз. Мысалы, ауыз су мәселесін шешу үшін 2007 жылы ауыл тұрғындары бірігіп, су мұнарасын (водонапорная башня) алу үшін ақша жинадық. Оны 3 мың долларға сатып алып, Ұзынағаштан ауыл жігіттері өз күшімізбен сүйреп әкелгеніміз есімде. Әкімдік тым құрыса қоршап та бермеді. Бір жылдан кейін, 2008-де әр үйден 80 мың теңгеден жинап, су құбыры мен құрылысқа қажетті басқа да заттарды алдық. Ең ақыры тракторға дейін өзіміз жалдап, әр үйге су құбырын жүргіздік. Әкімдік бұған да мүлде араласпады. Ол құбырларды ескірген соң ауыстырмады да. Қазір әбден тозығы жеткен құбыр жүйесі апта сайын жарылып, әуреге салып жатыр. Содан соң 2009 жылы әр үй 47 мың теңгеден жинап, жарық жүргіздік. Газды да 2010 жылы өзіміз тарттық. Бірнеше жыл жырлап, журналистер мен телеарналарды шақырып, айғай-шумен әрең дегенде қазіргі Османов көшесінің жартысынан мектепке дейін, сай арқылы сол маңдағы жанармай бекетіне шейін жолды салғызған болатынбыз. Қалған көшелер баяғы қалпынша тұр. Былтыр ғана көшелерге жарық орнатылды, оның өзі екі күн жанса, бес күн өшіп тұрады. 2014 жылы Боралдай ықшамауданы Алматы облысы Іле ауданынан шығып, Алматы қаласы Алатау ауданына кірдік. Оған дейін де, одан кейін де аудандық әкімдік тарапынан ешқандай жұмыс атқарылған жоқ, халық қайда барып, кімге не айтарын білмейді. Айтып та, жүгіріп те, өзіміз жасай салып та шаршадық, – дейді ауыл тұрғыны Сәмбетқұл Жиренбаев.

Сәмбетқұл ата бірге су мұнарасын сүйреп келдік деп есіне алған Ерболат Сүлейменов 2004 жылдан бері осында тұрады. Оның айтуынша, қазіргі әкім кәріз жүйесін жүргіземін деп уәде берген. Жұмыс басталғанымен, қазір аяқсыз қалған көрінеді. Кәріз жұмыстары бітпегендіктен, жол салу мәселесі тіпті қараусыз қалған. Расымен, бұл жерге келгенде өз көзімізбен көрдік, кірер бағытта да, көше-көшенің арасында да тасжол жоқ. Көліктің де, велосипедтің де, жаяу жүргіншілер мен кішкентай балалардың да жүріп жүргені – бір жол. Ең қызығы жол белгілері мүлде көзге түспеді. «Былтыр жазда қазылған жол әлі аяқталмады, алда тағы қыс келіп қалды. Бұл сонда қашан бітеді? Жазда шаң, қыс-көктемде лай-батпақ кешіп келеміз», – деп күйінді тұрғын.

Ауылдағы жарық мәселесі де өз алдына. «Жарықтың сөніп қалуы күнделікті өмір салты болып кетті, етіміз үйренгелі қашан, оған тіпті жел де керек емес» деп күлді жиналғандар.

— Қазіргі таңда, осы ықшамауданда 350-ге тарта отбасы тұрады. Осы 350 үйге қолда бар 3 трансформатордың қуаты жетпейді. Жарық күн сайын емес, сағат сайын өшіп қалады. Соған қарамастан, тоқ көрсеткішін уақытылы төлеп отырамыз. Бірақ трансформаторды жөндеуге келгенде жауаптыларды таппаймыз. Өткенде күні бойы жарық болмай, телефондардың қуаты таусылып қалды. Сонда  бір жарым жасар немерем қызуы көтеріліп, дірілдеп-қалтырағанда жедел жәрдем шақыра алмай қор болдым. Ақыры көршілер арқылы зорға байланысқа шықтық. Сол кезде жарықтың болмағанына қатты күйіндім. Жарықты да, басқасын да айтып, әкімдіктің табалдырығын тоздырдым. Бұрынғы әкімдер уәдеге тойдырған күйі кетті. Жаңадан жас әкім келгенде бір өзгеріс жасайтын шығар деп қуанған едік, олай болмай шықты. Алғашқыда үш ай сайын есеп беріп отырамын деп айтқан еді, ол да бос сөз екеніне көзіміз жетті. Бұрынғылары секілді бұл әкімді де жылдап көрмейтін болдық. Көрші елдімекендерде біздікіндей мәселелер жоқ. Біздің Боралдай ғана тоқалдан туған томарбас болды, – деді Алия Бостанова ауыр күрсініп.

Боралдайлықтар айта-айта жалыққан тағы бір мәселе – осы маңдағы сай мен онда салынуы керек көпірдің жайы. Терең саймен жүру қиын. Әсіресе қыста көлік те, жаяу адамдар да әрең өтеді. Мұнда талай апат болып, талай адам мертігіпті де. Өткен жылы Сергей Екимов деген қария сайдан көтерілемін деп, дем жетпей қысылып, қаза тауыпты. «Ақиқатында, сай әрбір үйдің қорқынышына айналды. Онда не құм, не тас, не топырақ себілмейді. Негізі жоспардағы жоба бойынша, мұнда аспалы (навесной) көпір салынуы керек болған. Бірде көпір сұрап, сол кездегі әкім, марқұм Сәлімбаевқа барғанда «көпір салынып та кетті, ақша алынып та кетті» деп, бетімізге күлген еді. Ол көпірдің де аты бар, заты жоқ болды», – деді жиналғандардың бірі.

Сондай-ақ тұрғындар Сайын көшесіне шығатын жол сұрап, аудан әкімдігіне өтініш айтыпты. Алайда ол өтініш те, басқалары секілді қаралмай келеді. Қордаланған мәселені шешу түгілі тыңдайтын ешкім болмағанына наразы жұрт бес ай бұрын Алматы мен Боралдай ықшамауданының арасындағы жолды жауып тастаған.

— Бес ай бұрын үнімізді ешкім естімеген соң ашынып, Алматы мен осы ықшамауданды жалғап тұрған бас көшені жауып тастадық. Наразылығымызды осылай көрсеттік. Соның өзінде әкім келмей қойды. Бар болғаны көмекшілерін жіберді, ал олар сол баяғы жасаймыз, қатырамыз деген құр сөздерін үйіп-төкті де қашты. Президенттің атына да хат жолдадық. Бірақ Алатау ауданының әкімдігі де, әкімі де саусағының ұшын қозғалтпады. Біз барлық азаматтар секілді жерге де, басқасына да, тиісті салықтың бәрін төлейміз. Бірақ осы уақытқа дейін соның ешқандай игілігін көрген жоқпыз, тіпті бар-жоғымыз да белгісіз. 2010 жылы үкімет қаулысымен бекітілген «Ақбұлақ» бағдарламасынан үміттеніп едік. Алайда халықты сапасына кепілдік берілген, қажетті мөлшердегі ауыз сумен қамтамасыз ететін бұл бағдарламадан да құр қалдық, – дейді тұрғын Ақбота Бақтиярова.

Халықты тыңдағаннан кейін, жауаптылармен тілдеспек болдық. Бірақ «окружной әкім» Дәулет Ахметов еңбек демалысында екен. Оның міндетін атқарушы Әбілахат есімді қызметкерді іздедік. Қайда екенін сұрап хабарласқанда «кездесе алмаймын, қолым бос емес» деп тұтқаны тастай салды. Ауыл тұрғындары қашан барса «біздің қолымызда тұрған жоқ» деп шығарып салуды әдетке айналдырған «окружнойлардан» естігеніміз осы болды. Ізінше тікелей жауапты аудан ғой деп, Алатау аудандық әкімдігіне ат басын бұрдық. Боралдайлықтар қаншама рет барса да қабылдауға кіре алмай қайтамыз деген. Сөздерінше, әкім де, орынбасарлары да, басқасы да жолатпайды. Бар айтатындары «канцелярия арқылы жазбаша өтініш, сұраныс қалдырып кетіңіздер» деген «әдеп» екен. Алайда халық қос-қостап жазылған өтініш, арыз, талаптардың біріне жауап ала алмаған. «Ауданның әкімі бірнәрсе істегенін көрмедік. Бір рет мерекеде келіп алғыс хат таратып кеткенін ғана естідік. Жұмыс істейтін әкім келсе дейміз» деп шығарып салған халықтың уәжін жеткізіп, сұрақтарымызды қоймаққа барсақ, аудан әкімі Азамат Қалдыбеков те орнында жоқ. Ол да еңбек демалысына кетіпті. Орынбасары Ертіс Бесіров телефонның ар жағынан қашты. Жауапты деп коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Қанат Сағынбекұлы деген қызметкерді жіберді. Қолымыздағы қызметтік куәлікпен танысқан ол, аты-жөнінен басқасын айтқысы келмей, сұрақтан әрі жалтарып, бері жалтарып, қазір деп шығып кетті де, шыққан есігінен қайта кірмеді. Бір кезде басқа бір әкімдік қызметкері арқылы хабар жіберді. Орнына өзге бөлім жауап береді екен.

«Басқаларын» күтіп ұзақ отырдық. Әйтеуір дегенде ұйымдастыру және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінен Абылайхан Баетов есімді қызметкер келді. Боралдайдың жайын, тұрғындардың мәселесін естіген соң: «Біз ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Бәрін жасайтын қалалық әкімдік. Қаржыны бөлетін, жобаларды бекітетін солар. Барлық сауалды Алматы қалалық әкімдіктің баспасөзіне жолдаңыздар», – деп, ат тонын ала қашты. Артына қарамай, сөзімізді тыңдамай зытқан Абылайханнан соң басқа қызметкерлермен сөйлескеннен ештеңе өнбейтінін түсіндік.

Міне, шағын ғана ықшамауданның мәселесін аудандық әкімдіктің бірде-бір қызметкері тарқатып, түсіндіріп бере алмады. Әлбетте, біз Ерболат Досаевқа бағытталған барлық сауалды Алматы қаласының әкімдігіне жолдадық. Алайда бір жапырақ жауапты жүз толғанып жіберетін әкімдіктің әдеті сол, тым ұзақ күттіреді. 24 тамыз күні жіберілген ресми сауалымыздың жауабын газет беттеліп болғанша күттік. Нақтылау үшін әкімдіктің баспасөз орталығы қызметкерлері Баян Алтайға хабарласып едік, «жауапты бірнеше басқарма дайындап жатыр, дайын болғанда жібереміз», деп қысқа қайырды. Алдағы уақытта жауап келіп жатса, оны да айтармыз.

Естеріңізде болса 18 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген еді. Онда Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, шаһардың 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Қаланың коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де айтылды. Үкімет отырысында да тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар жиі қаралады. Ал Әлихан Смайыловтың «әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруі тиіс, бұл мәселе үкімет алдағы уақытта шешетін негізгі міндеттердің бірі» дегені әншейін сөз сияқты. Әйтпесе, айтылып жүрген инфрақұрылым ауылдар түгілі Алматының іргесіндегі ықшамаудандарға да жетпегенін Смайыловтың естімеуі мүмкін емес.

Тегтер: Без Тега
Баян Мұратбекқызы
Баян Мұратбекқызы Баян Мұратбекқызы

Оқыңыз