Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:40, 24 Қыркүйек 2024

Бердібектің төрдегі орны

1

Бердібек ойын ережесін қабылдай алмады. Бұл – өте күрделі ойын еді. Атаңды атып тастайды, әкеңді сұраусыз айдауға, ағаңды қарусыз майданға жібереді.

 Жетімсің – сенің де сұрауың жоқ. Көзің қарауытып, колхоздың жұмысын істеп келесің де, өңешіңнен өтер түйір таппай, бар амалы біткен ауру шешеңе мөлие бір қарап, көзіңді сатып, көрші үйлерді аралап кетесің...

Осы бір сұрықсыз жылдардың өтінен ғайыптан тайып тірі шыққан соң, жартылай білім, жарымжан таныммен үлкен өмірге қадам басасың. Жазушы болсам дейсің: Бір ғана талап бар – социалистік реализм деп аталатын шеңберден шығуға болмайды. Бұл шеңбер – сен көрген өмірдің, сен кешкен азаптың антиподы іспетті, жерді тесіп өтесің бе, теңізді кешіп өтесің бе, атаңды ұмытасың ба, атыңды ұмытасың ба – айдың арғы бетінен бергі бетіне өтуің керек. Жып-жылтыр, моп-момақан, ғашықтар хатқа қосқан сүйкімді образ бұзылмауға тиіс.

Соцреализмнің кесірінен қазақтың қаншама жазушысы, қаншама ақыны жасына жетпей божырап қалды; қаншама роман, қаншама дастан ширек ғасыр өтер-өтпесте болдырып қалды. Айғай мен ұранның көрген күні қай кезде де сол екен. Әйтпесе, Бердібек көрген өмірді соның бәрі көрді ғой. Олар – ойын ережесін қабылдағандар. Сыбағасын дер кезінде алып үлгерген, соның өзі мол сияпат. Жазу процесі – жазушының өзімен-өзі беттесетін, бетперде атаулы түгел шешілетін өте бір күрделі, психологиялық сәт. Сол сәтте өзіңді-өзің көзапара алдап кетуге дәтің жетсе – сен үшін ашылмас есік, шақырмас төр жоқ. Адам кейде білімімен де өтірік айтады... Талантың ішіңдегі өзің ғана білетін шындықты өлтіруге жетсе, сенен асқан талантты адам жоқ. Ал Бердібек ешқашан жазуға сатқындық жасаған жоқ. Жазу үстінде екіжүзді бола алмады.

Сол уақытта жұрт жапырыла құлап түскен (неге құлап түсті деген сұрақ – бөлек әңгіме) шығармаларына қарамастан көзі тірісінде Бердібектің басына бақ қонбай қойды. Бердібек сияқты өмір сүру өте қиын екен. Тұла бойы тұнып тұрған протестант адам, естеліктерді оқығанда оны тіпті іштей жақсы көрген, іштей үндес адамдардың өзі бойына тоғытпауға тырысқанын аңдап қалғандай боласың. Ешбір топқа қосылмаған, ешқандай ағайындылармен ауыз жаласпаған тіршілігінде де «элиталық тізімнен» тыс тұрған жазушы өлген соң да көп уақыт бойы элитаға (өлгендердің де сондай тізімі бар, күмәніңіз болмасын) өте алмады. Қай жиында, қай қиырда да атаусыз қалған күні жоқ, бірақ жақын бас иердей, жат қызығардай айбарлы тойы өтпепті, айшықты ескерткіші тұрмапты.

Бердібек «Менің Қостөбем, Менің Текесім, Менің Нарынқолым» деп елжіреп кеп түйіндейтін аймақта әдебиеттің екі ұлы тойы бар: Әуелгісі тым ерте кеткен Мұқағали – бақ та ерте қоныпты, 50 жылдығының өзі ел көлемінде. Көзі жұмылар-жұмылмастан апырайласып, айналып-толғанып отырып алған жалпақ жұрттың махаббаты Мұқағалиды қыр аспай жатып арсы-күрсіге бой таласардай биікке көтеріп тастады. Мұндайда ресми құрмет ілесе жүреді. Екіншісі – Тәуелсіздікке қол артып барып кеткен Бердібектің тойы. Аласапыран демесек те, алаңғасар уақытта кітаптары жаңарып, Қожасы экраннан түспей қойғанмен, Бердібектің бағы кешеуілдей беріпті. 80 жылдығын көрмедік, 90 жылдығында үй тігіліп, ат шаптырғанмен, ұлы дейтін өлшемге жете алған жоқ.

Бердібек ғасырлық межесін күтіп жатыпты...

Тойдың екінші – негізгі күні Бердібектің мүсіні ашылды. Жинақы, мығым, асқақтап та кетпеген, пәс тартып та қалмаған мыстан құйған тұлғасын қырынан, сыртынан қанша айналып қарасаң да алып-қосар ештеңе таппайтындайсың.

Жұрттың бәрі білетін Бердібек төрге шығыпты.

– Осы бақ өзіңе әйтеуір бір қонды, иә, аға?.. – дегің келеді өз аты берілген саябақта белесебет теуіп, жүгіріп, ойнап жүрген балаларға қарап.

Алмас НҮСІП