Саясат

Бес күннен соң өтетін бестіктің тартысы

10 қаңтар. Бұл – конституциялық мерзімге сай, мәжіліс пен мәслихат депутаттарын партиялық тізім бойынша іріктейтін күн.

Бес күннен соң өтетін бестіктің тартысы

Алғашында алты партия атсалысып, кейін біреуі бойкот жариялап, бес партиямен межеге жеткен сайлаудың салмағы қандай болмақ? Бес күннен соң өтетін саяси дода қаншалықты әділ өтпек?

           Тартыстағы бестік – биліктің қуыршағы ма?

Елімізде парламент сайлауына әзірге мемлекеттік тіркеуден өткен алты партияның ғана қатысуға құқығы бар. Оның ішінде негізгі орын экс-президент басқаратын «Нұр Отан»  партиясының иелігінде. Себебі бұл партияға 75-85 пайыздық дауыс жинайтын жеңімпаз рөлі беріліп отыр. Ал қалған орындар билікке біртабан жақын «Ақ жол» мен «Қазақстан халық партиясының» еншісінде. Одан өзге, «Ауыл» мен жақында ғана атауын «Адал» деп өзгерткен, бұрынғы «Бірлік» партиясы да парламенттегі орыннан үмітті. Осы бестік құрам бес күннен соң өтетін сайлаудың сәнін келтірсе керек-ті. Ал былтырдан бері бас көтеріп жүрген оппозициялық топтар мен саяси ұйымдар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеліп үлгермеген екен-мыс.

                    

 «Халықта ешқандай таңдау жоқ»

Бүгінге дейін кезектен тыс өтіп келген парламенттік сайлау биыл Конституциямызға сай, өз мерзімінде өткізілмек. Сондай-ақ 2018 жылы енгізілген өзгерістер бойынша енді жекелеген азаматтар өзін мәслихат сайлауына ұсына алмайды. Яғни елімізде сайлаушылардың балама мүмкіндік иллюзиясы жоқ. Бұл – ел азаматтары сайлау және сайлану құқығынан шектелген деген сөз. Олар не өздерін ұсынып сайлауға қатыса алмайды, не «барлық партияға қарсымын» деп дауыс бере алмайды.

Бұл туралы саясаттанушы Расул Жұмалы сайлауға келгенде, халықта таңдау жоқ екенін айтады.

— Бізде партиялар сайлауға уақыт жақындағанда ғана қозғала бастайды. Мысалы, жақында ғана атауын өзгерткен «Бірлік» партиясын халық біле бермейді.  Себебі олар осыдан екі-үш ай бұрын ғана қимылдай бастады. Билікке оппозициялық партия жетіспейді. Ал оны құрудың кедергілері жетерлік. Сондай-ақ бізде оппозицияның басы 20 жылдан бері бірікпей келеді. Сол баяғы ескі әні. Балама пікірлер мен әлеуметтік топтар бытыраңқы, шашыраңқы әрекеттермен айналысуда. Бір мүдденің аясына бірігу әлі де қолдан келмей жатыр. Мәселен, бір-бірімен сыйыспауы, бір-бірін қаралауы да оппозициялық партиялардың құрылуына үлкен кедергі болып отыр.

Негізінде, биліктің өзі оппозициялық партияға мүдделі. Тек өздері қате қимылдар істеп отыр. Оппозицияны, өзіндік пікірі бар партияны билікке жолатпау арқылы олар жағдайды ушықтырып алды. Митингілер мен көтерілістер осының кесірінен туындап отыр. Сондықтан оппозициялық партиялардың құрылуы тек қоғам үшін емес, билік үшін аса қажет.

Мысалы, ертеңгі сайлауда халықта ешқандай таңдау жоқ. Қазіргі сайлауға қатысып жатқан бес партия халықтың ойынан шығады деуге келмейді. Сондықтан алдағы сайлауда бес партияның біріне қаласаң да, қаламасаң да дауыс бересің. Өйткені қоғам болып қозғалуға кеш қалдық. Өткен ғасырдың 90-жылдары қабылданған партиялық сайлау заңдарын өзгерту керек. Жекелеген адамдар өздерін ұсынуға мүмкіндік жасау керек. Партиялардың сайлауға қатысуы мен оның өз ішінде ұсынатын адамдарды да халық даусымен таңдалғаны жөн. Мысалы, қазір алты партия мүшелерінің саны 10 пайыздан аспайды. Қалған 90 пайыз халық бірде-бір партияға тіркелмеген. Сол 90 пайыз халық не үміткер ұсына алмайды, не сайлауға қатыса да алмайды. Бұл – дискриминация деген сөз, – дейді саясаттанушы.

            

 ЖСДП азаматтық қоғамды алдап отыр ма?

10 қаңтарда өтетін мәжіліс пен мәслихат сайлауына алғашында атты алты партия тіркелген еді. Алайда былтыр 27 қараша күні ЖСДП бәсекелестіктен бас тартып, сайлауға бойкот жариялады. Партияның сайлау додасына түспейтінін саяси сарапшылар қаржылық дағдарысқа әкеп тіресе, ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжановқа хабарласқанымызда, партияның радикалды шешімін басшы «сайлаудың демократиялық талаптарға сай өтпейтінімен, саяси бәсекелестік жасауға мүмкіндік жоғымен» түсіндірді.

         

 «600 адаммен тікелей наразылыққа шығамыз»

Қазақстанда соңғы рет мәжіліс сайлауы 2016 жылы 20 наурызда өткен. Қазіргі заңға сәйкес, 107 депутаттың 98-і партиялық тізім бойынша, тоғызы Қазақстан халқы ассамблеясынан сайлануы керек. Биыл депутаттық мансапқа әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлінген. Саясаткер Балташ Тұрсымбаев «билік желтоқсандықтарға да квота бөлуі керек» дейді. Айтуынша, кезінде ел үшін аянбағандар биліктен орын тепсе әділдік орнамақ. «Сайлауға бір-бірінен айнымайтын алты партияға ғана қатысуға құқық берілген. Билік саяси-оппозициялық партияларды мүлдем жуытпайды. Билікте бәсекелестік болу үшін желтоқсандықтар мен оппозициялық партияны тарту керек. Сонда ғана халықта таңдау болады. Жоғарыдағылар желтоқсаншыларға партия құруға барынша кедергі жасап отыр. Сондықтан олар партиясын тіркей алмаған соң, ұйым құрып, өздерін жұбатып жүр», – дейді ол.

Осы тұрғыда патриоттық қозғалыс, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық ұйымы бірлестігінің төрағасы Сайфолда Бейсенбайға партиялық тіркеуге не кедергі болғанын білмекке хабарласқанбыз. Айтуынша, билік «Нұр Отан» және оның қолшоқпарларынан өзге партияларды тіркемейтін көрінеді. Желтоқсаншыларды билікке тартпақ түгіл, әлі күнге оларды ақтамағанын айтады.

— «Нұр Отаннан» басқа партияны тіркемейді. «Желтоқсан ақиқаты»  қоғамын әрең құрып отырмыз. Желтоқсаншылар мына билік тұрғанда депутаттыққа да, басқасына да жоламайды. Бізді ақтайтын қаншама айғақтар келтірсек те, осы уақытқа дейін ақталуымыз мүмкін болмай тұр. Өйткені төбемізде әлі орыстар отыр.

Дайын фактілер көрсетілсе де, әлі күнге ақталған жоқпыз. Жұмыстан қуылған, оқудан шығарылған, стипендиясынан айырылған, қатаң сөгіс берілгендер, жараланғандар қағаздарын көрсетсе де, ақтамайды. Өйткені жоғарғы жақта орыстың мықты билігі тұр. Алматы қаласының өзінде тек 400-ге жуық желтоқсаншы ақталды. Негізі, кезінде 55 мың жас алаңға шыққан. Осы тұрғыда талай мемлекеттік басқарманың табалдырығын тоздырдық. Бізге партия құруға мүмкіндік бермегені былай тұрсын, әлі күнге дәлеліміз болса да, жұққан дақтан арыла алмай келеміз. 6 қаңтар күні Сағынтаевтың қабылдауына барамыз. Егер ақтауға әрекет жасалмаса, 600 адаммен сайлау күні тікелей ашық наразылыққа шығамыз, – дейді Сайфолда Бейсенбай.

Кім не десе де,  қалай айтса да, 10 қаңтар күні үлкен бір дүбірдің  даусы шығары  хақ.

Тегтер: Без Тега
Шыңғыс Атай
Шыңғыс Атай Шыңғыс Атай

Оқыңыз