Билік Еуропарламенттің сөзін жоққа шығаруға кірісті
Еуропарламентте Қазақстандағы саяси-қоғамдық жағдайға, адам құқығының сақталу деңгейіне, демократиялық реформалардың, оның ішінде сайлау жүйесіне берілген баға елімізде үлкен резонанс тудырды.
Солай десек те, осы баға біздің қазіргі билік үшін күтпеген ақпарат болды ма?Қазақстандағы демократияның деңгейіне, нақтырақ айтсақ, биліктің демократиялық бағыттағы өзгерістерге ешқандай нақты қадам жасамауына бағытталған сыни пікірлер, халықаралық ұйымдардың бағалары мен ұсыныстары 90-жылдардан бері айтылып келеді. Оған біздің биліктің еті өліп кеткен сыңайлы, құлақтарына қыстырмайды да. Кейде сол кездегі президентіміз «Әр елдің өз демократиясы бар, бізді үйретпеңдер, әуелі өздеріңді жарылқап алыңдар» деген сияқты ренішін білдірсе, енді бірде біздің жауапты органдар (орталық сайлау комиссиясы, прокуратура, әділет министрлігі т.т.) «иә, әлі де бізде кейбір кемшіліктердің орын алатынын мойындаймыз, бірақ Америкада да демократия он жылда орнаған жоқ қой» деп, мойындамаудың мәдениетті жолын пайдаланатын-ды.
Ал Еуропарламенттегі Қазақстандағы жағдай жөніндегі кешегі талқылаудың жөні бөлек сияқты. Біріншіден, бұл – Тоқаев президенттігіне, оның «терең саяси реформа жасаймын» деген уәде бергеніне бір жарым жылдан астам уақыт өткеннен кейін берілген баға. Әрине, өте ауыр, бірақ, менің ойымша, әділ баға. Екіншіден, Тоқаев билігі де дәл осындай біржақты қатаң бағаны күтпеген сияқты. Олар өздерінің қол астындағы идеологиялық басылымдардың «сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді» (демократияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, «жасанды теңгермеушілік» деп аталатын әйелдер мен жастарға квота енгізуден басқа, бірде-бір бап өзгеріске түспеген), «саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізілді» (саяси партияларды тіркеу шартына 40 мың мүшені 20 мыңға түсіргенінен басқа, бірде-бір бап өзгеріске түскен жоқ), «оған президент қол қойды» деген ақпаратқа сеніп қалғанға ұқсайды. Қазақтілді азаматтардың өз тілінде сөйлеу, өзінің тілінде қызмет алу, өзінің тілін еркін қолдану құқығының шектеліп жатқанын да ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын. Үшіншіден, сондай-ақ мен үшін күтпеген мәселе – Қазақ елі билігінің Еуропарламент депутаттарының сөздерін, бағаларын жоққа шығаруға кіріскені.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Еуропарламенттің бағасын «түсінбестік тудырады» деп жақауратып, өзінің сөзін «Еуропарламентте дауыс берген 693 депутаттың 598-і қаулыны қолдады, ал 43-і қарсы болды» деп, жерден жеті қоян тапқандай қуанады. Қысқасы, 6 пайыздай депутат бұл қаулыға қарсы шыққан, демек, бізде кемшілік жоқ, әділдік біздің жағымызда. Саясаттанушы М.Шибұтов одан да әрі кетіпті. Оның ойынша, бұл талқылау, бұл баға – шетелдегі оппозициялық күштердің лоббилік жұмысының нәтижесі. Бұл азамат Қазақ елі билігін қорғаймын, ақтаймын деген мақсатпен шетелдегі оппозицияның Еуропарламент сияқты ең ірі мемлекетаралық құрылымға, оның 700-ге жуық депутатына сөзі өте алатын күші бар екенін көрсетуге тырысыпты. Мұндай ақталу немесе Еуропарламент депутаттарын сөзге еретін ақымақ етіп көрсету бұрынғы авторитарлық кезеңнің тәсілі. Бұл Қазақ елі билігінің әділетсіздік жайлаған осы бір авторитарлық жүйеден шықпаймыз дегені сияқты әсер қалдырады. Кемшілікті мойындау – сол кемшіліктерді түзеуге жасалған алғашқы қадам.
Еуропарламент депутаттарының 20 талабын да, олардың айтқан сындарын да ой елегінен өткізіп, жаудың қаралауы деп емес, досымыздың «жылатып айтқаны» деп қабылдай білейік. Олардың айтқандары – біздің еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайдың бір парасы ғана. Біз, осы елде өмір сүріп жатқан жандар, әділетсіз жүйенің көріністерін олардан артық білеміз, бірақ «ауылдағының аузы сасық». Ең болмаса сырттан айтылған сөзге құлақ салып, ой елегінен өткізіңдер. Ең болмаса қандай да бір берілген сынға, бағаға ренжімеуді, мәдениетті түрде қабылдай білуді үйренейік.