Былтыр Түркияда ұсталған Талғат Ардан әлі күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланбаған
Былтыр Түркияда ұсталған Талғат Ардан әлі күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланбаған. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлады.
Қазақстан Бас прокуратурасы халықаралық іздеуде жүрген Арданды беру туралы сұрауды Түркияға алғаш рет 2019 жылы жолдаған. Содан бері Түркияның құзырлы органдары оны іздестірумен айналысқан.
2025 жылдың мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті қашып жүрген бұрынғы «Астана LRT» басшысы Талғат Арданның Анталияда ұсталғанын мәлімдеген еді.
2025 жылғы 9 мамырда Анталия соты Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдаған. Содан бері ол Түркияда қамауда отыр.
Өткен жылдың тамыз айында Бас прокуратура сырттай сотталған Талғат Арданның әлі күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланбағанын хабарлаған болатын.
Бас прокуратура не дейді?
Қадағалаушы органның мәліметінше, Талғат Ардан ұсталғанына бір жыл өтсе де, әлі Қазақстанға қайтарылмаған.
«Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Бас прокуратурасы оны беру туралы сұрауды Түркия Республикасының Әділет министрлігіне жолдаған. Қазіргі уақытта түрік тарапы бұл сұрау бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы келісімде мұндай сұрауларды қарау мерзімі нақты көрсетілмеген. Сондықтан экстрадиция мәселесі Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады», – делінген Бас прокуратураның Tengrinews.kz сауалына берген жауабында.
Жауапқа қарағанда, Қазақстан мен Түркия арасында 1995 жылы жасалған келісімде мұндай өтініштерді қараудың нақты мерзімі белгіленбеген. Яғни сұрау бір жылдан кейін де, тіпті он жылдан кейін де қаралуы мүмкін.
Еске салайық, 2023 жылдың мамырында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты LRT ісі бойынша айыпталған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған еді. Екеуі де бюджет қаражатын жымқырды және ысырап етті деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал 2024 жылдың қарашасында Арданға тағы бір үкім шықты. Ол қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп танылып, екі үкімді қосу арқылы 9 жылға сотталды. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды.
«Астана LRT» жобасы алдағы демалыс күндері — 16-17 мамырда іске қосылатыны хабарланып отыр.