Bloomberg: Украина КҚК мен Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге соққы жасамауға келісті
Украина Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына және Қара теңіздегі оның терминалына бағыт алған кейбір танкерлерге соққы жасамауға келісті.
АҚШ-тың қатысуымен жасалған бұл уағдаластық Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі бағытты қорғауға арналған, деп хабарлайды Bloomberg.
АҚШ шенеунігінің айтуынша, Киев Украина санкциясына ілікпеген, Ресей жүктерін тасымалдамайтын және ресейлік жеке немесе заңды тұлғаларға тиесілі емес кемелерге шабуыл жасамауға міндеттеме алған.
Украина тарапы сондай-ақ арнайы байланыс арналарын құрған. Олар арқылы кеме қатынасы компаниялары танкерлер туралы мәлімет беріп, олардың қауіпсіз өтуін келісетін болады.
Тасымалдаушыларға қандай кемелердің нысана ретінде қарастырылуы мүмкін екені де түсіндіріледі.
Бұл келісімге дейін АҚШ пен Украинаның жоғары лауазымды өкілдері келіссөз жүргізген. Әзірге тараптар уағдаластықтың мазмұнын ресми түрде жариялаған жоқ.
КҚК Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнайды Новороссийск маңындағы теңіз терминалына тасымалдайды. Бұл бағыттың үлесіне әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 2 пайызы тиесілі. Қазақстан үшін КҚК мұнай экспорттайтын негізгі арна болып қала береді.
Шілде айында терминал маңындағы дрон шабуылдары салдарынан мұнай тиеу жұмыстары бірнеше рет тоқтап, кейбір кеме иелері танкерлерін бұл нысанға жіберуден бас тартқан.
Reuters мәліметінше, КҚК арқылы мұнай жөнелту жоспардан 20 пайыздан астам төмендеген. Соның салдарынан халықаралық нарыққа тәулігіне шамамен 400 мың баррель мұнай жеткізілмей қалған.
Алайда жаңа кепілдіктер кеме иелерін бұрынғыдай толық көлемде жұмыс істеуге қайтара ала ма, әзірге белгісіз. Бұған дейін шабуыл жасалмауға тиіс кемелер тізіміне енгізілген жекелеген танкерлердің де соққыға ұшыраған жағдайлары болған.