Әлеумет

Bloomberg: Украина үшін алдағы қыс соғыстың шешуші кезеңіне айналуы мүмкін

Украинаның алдағы қыстан қалай шығатыны соғыстың әрі қарайғы барысына елеулі әсер етуі мүмкін.

украина

 Bloomberg-ке пікір білдірген жоғары лауазымды еуропалық шенеуніктің айтуынша, егер Украина қысқы кезеңдегі қиындықтарға төтеп бере алмаса, бұл соғыстағы жағдайын күрт нашарлатуы ықтимал.

«Егер Украина қыстан өте алмаса, түптің түбінде соғыста жеңіледі», – деген аты-жөні аталмаған еуропалық шенеунік. 

Басылымның жазуынша, Киев пен оның одақтастары Ресейдің қыста Украинаның энергетикалық және жылу инфрақұрылымына жаппай шабуыл жасауына дайындалып жатыр. Еуропа елдері Украинаға электр станцияларына қажетті қосалқы бөлшектер мен жылыту жабдықтарын жеткізе бастаған.

Bloomberg Ресейдің тамыз айынан бері баллистикалық зымырандарды қолдануды айтарлықтай азайтып, реактивті дрондарға көбірек сүйенгеніне назар аударады. Басылым мұны Мәскеудің суық түскен кезде энергетикалық нысандарға соққы беру үшін зымыран қорын жинақтап жатқанының ықтимал белгісі ретінде қарастырады.

Украина үшін негізгі мәселелердің бірі – америкалық Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандардың тапшылығы. Украина президенті Владимир Зеленский тамызда елге қысқы кезеңнен өту үшін кемінде 300 Patriot зымыраны қажет екенін айтқан. Германия және бірқатар Еуропа мемлекеттері қосымша Patriot жүйелерін сатып алып, өз қорларындағы зымырандардың бір бөлігін Украинаға беруді жоспарлап отыр.

Дегенмен Украина одақтастарының бәрі жағдайды бірдей бағаламайды. Bloomberg дерегінше, кейбір елдер Patriot зымырандарының тапшылығына қарамастан, Киев алдағы қыстың қиындықтарына төтеп бере алады деп есептейді.

Сонымен қатар НАТО өкілі майдандағы жағдайға берілетін баға үнемі өзгеріп отырғанын айтқан. Оның сөзінше, жазда Украина үшін жағдай анағұрлым қолайлы бағаланса, қазір болжам қайтадан пессимистік сипат ала бастаған. Бұл ретте майдан шебі айтарлықтай өзгермеген.

Bloomberg бұған дейін де Еуропа елдері Украинаны Ресейдің ықтимал қысқы шабуылдарына дайындау үшін америкалық әуе қорғаныс жүйелерін жеткізу мәселесін қарастырып жатқанын жазған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз