Саясат

Борис Немцовтың қызы төрт жылға сотталды

Мәскеу соты ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың қызы Жанна Немцованы сырттай төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Жанна Немцова

 Оған Ресейде «қызметі жағымсыз ұйым» деп танылған Борис Немцов атындағы қорды басқарды деген айып тағылған. Бұл туралы «Медиазона» басылымы жазды.

Мәскеудің Замоскворецкий аудандық сотының судьясы Элина Бабаянц Жанна Немцованы жалпы режимдегі түзеу колониясында төрт жыл жазасын өтеуге сырттай үкім шығарды. Сонымен қатар оған сегіз жыл бойы интернет-ресурстарды басқаруға тыйым салынды.

Сот процесі кезінде мемлекеттік айыптаушы Немцованы бес жылға бас бостандығынан айырып, тоғыз жыл бойы интернет-сайттарды басқару құқығынан айыруды сұраған.

Тергеу нұсқасы бойынша, Жанна Немцова Ресейде «қызметі жағымсыз» деп танылған ұйымның жұмысын жалғастырып, оны қаржыландыруға және басқаруға қатысқан. Сондай-ақ Ресейде болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты сыни пікір білдірген.

Іс материалдарында Немцованың ақпарат агенттігіне берген сұхбаты мен Черногорияның Будва қаласында сөйлеген сөзі дәлел ретінде пайдаланылған.

Ал қорғаушы тарап тағылған айыппен келіспейді. Адвокаттар Немцованың қылмыс жасау ниеті дәлелденбегенін айтып, оны ақтауды сұраған. Жанна Немцованың өзі де кінәсін мойындамайды.

Борис Немцов атындағы қор 2015 жылы саясаткер өлтірілгеннен кейін құрылған. Ұйым демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және сөз бостандығын қолдау бағытында жұмыс істейді.

2024 жылы Ресей билігі Boris Nemtsov Foundation for Freedom қорын «қызметі жағымсыз ұйымдар» тізіміне енгізді. Ал 2026 жылы Жанна Немцованы сырттай қамауға алу туралы шешім қабылданып, кейін оған «шетел агенті» мәртебесі берілді.

Айта кетейік, Ресейдегі оппозициялық саясаткер, бұрынғы вице-премьер Борис Немцов 2015 жылғы 27 ақпанда Мәскеудің орталығында, Кремль маңындағы Үлкен Мәскеу өзені көпірінде атып өлтірілген.

Жанна Немцова қазіргі уақытта Ресейден тыс жерде тұрады. Оған қатысты сот үкімі сырттай шығарылған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз