Боян Бркич: Журналистиканың міндеті – хайп қуу емес, шындықты көрсету
Жуырда Астанада үш күнге созылған Astana Media Week іс-шарасы өтті.
Жиын барысында Euronews арнасының Астанадағы бюросының басшысы Боян Бркичпен аз-кем сұхбаттасып, сөз бостандығы мен сөз еркіндігіне, журналистік этика мен медианарықтың бүгінгі жай-күйіне қатысты ой-пікірін білген едік.
– Сіз халықаралық медиа кеңістікте ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келесіз. Күн тәртібінен тыс немесе өткір сұрақ қойған тілшіні аккредитациядан айыру халықаралық нормаларға қаншалықты сай?
– Жалпы, бұл баспасөз шарасының форматына байланысты да болуы мүмкін. Мысалы, Еуропалық одақ немесе Еуропалық комиссия өкілдері белгілі бір тақырыпқа арналған арнайы баспасөз конференциясын өткізсе, мұнда журналистерден сол тақырып аясында сұрақ қою күтіледі. Сонымен қатар журналистермен тұрақты түрде өткізілетін баспасөз кездесулері де бар. Сол кезде кез келген мәселеге қатысты сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі.
Еуропалық комиссияда да "баспасөз қызметінің жұмысына кедергі келтіреді" деп есептелетін журналистерге шектеу қойылатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, кейбір журналистер баспасөз мәслихатында айқайлап, шараның өтуіне кедергі келтірсе, кейін олардың мұндай іс-шараларға қатысуына рұқсат берілмеуі мүмкін. Алайда журналист жұмысқа кедергі келтірмей, тек күн тәртібіне тікелей қатысы жоқ, бірақ қоғамда кең резонанс тудырған сұрақ қойған болса, мәселені бағалау үшін оның нақты мән-жайын да білу қажет.
Ал егер біреу бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлескісі келмесе, бұл түптің түбінде сол адамның өзіне зиянын тигізуі мүмкін. Өйткені ақпарат беруден бас тарту журналистің жұмысын тоқтатады деген сөз емес. Керісінше, журналист өзге де ашық дереккөздерге жүгініп, мәселені жан-жақты зерттей алады. Бір тарап түсініктеме бермеген жағдайда да, оқиғаның басқа қатысушыларының пікірін тыңдап, қолда бар деректерді тексеру арқылы материал әзірлеуге мүмкіндік бар. Сол үшін мұндайда журналистің кәсіби қызметін атқаруына мүмкіндік болуы және ақпаратты әртүрлі дереккөзден алуына жағдай жасалуы өте маңызды.
– Халықаралық медиа саласының өкілі әрі сыртқы бақылаушы ретінде Қазақстанның қазіргі медианарығына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан медианарығы көптеген басқа елдердің медиакеңістігіне ұқсайды. Ең маңыздысы, қандай да бір мәселе туралы ақпарат алғым келгенде, мұны іздеп табуға мүмкіндігімнің болуы маңызды. Мұндай ақпаратты дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан да, түрлі цифрлық платформалардан да алуға болады. Әрине, басқа елдердегідей мұнда да мәселелер бар. Соның бірі – жалған ақпараттың көптігі. Кейбір ақпарат құралдары мен ақпарат таратушылар шынайы деректерге сүйенбейтін, тексерілмеген мәліметтерді жариялайды. Мұндай жағдайда ақпараттың ақ-қарасын ажырату қиындай түседі. Сондықтан медиасауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Әсіресе, балаларға ақпараттың сенімді немесе сенімсіз екенін ажырата білуді үйрету маңызды. Олар ақпарат көзін тексеріп, ұсынылған мәліметтің қаншалықты шынайы екенін бағалай алуы керек.
Жалпы алғанда, Қазақстанда ақпарат көздері жеткілікті деп ойлаймын. Өзім де осында қолжетімді ақпараттарды оқып, ел туралы көп нәрсе білдім. Біртіндеп түрлі ақпарат көздерінің ерекшеліктерін, олардың кімге тиесілі екенін және қандай ұстанымдарға сүйенетінін де түсіне бастадым. Сондықтан "Қазақстанда адамдар мүлде ақпаратсыз отыр" деп айта алмаймын. Керісінше, ақпарат көп, бірақ оқырман, тыңдарман соның ішіндегі маңыздысын, сенімдісін өзі қорытып, дұрыс қабылдай алуында деп ойлаймын.
– Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі шектеулер мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуын ескерсек, журналистер мен редакциялар кәсіби миссиясын сақтай отырып, қолданыстағы ережелерді қалай ұстануы керек?
– Ең алдымен, журналист кәсіби стандарттарды бағдар етіп, нақты, дұрыс әрі мұқият тексерілген ақпарат ұсынуы керек. Сонымен қатар журналистің қоғамдық жауапкершілік сезімі болуы қажет. Ақпаратты жариялау кезінде мұның қоғамға ықпалын да ескерген жөн. Бұл шындықты жасыру немесе жағымсыз оқиғаларды жарияламау деген сөз емес. Мәселе, ақпаратты қандай жағдайда, қандай мазмұнда және қандай жиілікпен ұсынуда жатыр.
Мысалы, бізде қылмыс пен төтенше оқиғалар туралы жаңалықтар жиі жарияланады. Кейде әрбір қылмыстық оқиға барлық ақпарат құралында кеңінен таратылады. Соның салдарынан адамдарда сыртқа шығудың өзі қауіпті деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Алайда шынайы өмірдегі жағдай ақпараттық кеңістікте қалыптасқан әсерден өзгеше болуы ықтимал. Еуропада да осындай жағдайларды байқауға болады. Қоғамға күн сайын қылмыс туралы ақпарат ұсынылған кезде, адамдар өздерін шын мәніндегіден әлдеқайда қауіпті ортада өмір сүріп жатқандай сезінуі мүмкін. Сондықтан редакциялар жаңалықтардың қоғамдық маңызын, олардың берілу тәсілін және аудиторияға ықпалын ескергені жөн. Бұл жағымсыз жаңалықтарды мүлдем жасыруға шақыру емес. Керісінше, қоғамды тек үрей тудыратын ақпаратпен шектемей, оқиғаларды жан-жақты әрі теңгерімді көрсету қажет. Оқиғаның себеп-салдарын, қалай шешіліп жатқанын сараптау маңызды. Журналистердің қоғамды үнемі ең нашар әлемде өмір сүріп жатқандай көрсетуіне қарсымын. Ақпарат құралдары адамдарға айналасында тек қауіп-қатер мен жағымсыз оқиғалар бар деген түсінік қалыптастырмауы керек. Журналистиканың міндеті – хайп қуу емес, шындықты көрсету, ал шындықты көрсету үшін оқиғалардың барлық қырын ескеру қажет.
– Батыс елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы журналистік этика мен Қазақстандағы кәсіби этикалық стандарттардың негізгі айырмашылығы неде? "Тәуелсіз БАҚ" ұғымын қалай түсінуіміз керек?
– Бұл – өте күрделі сұрақ. Жалпы, "Батыс журналистикасының стандарттары" деген ұғымның өзі көп жағдайда талқылауды қажет етеді. Негізінде, журналистиканың басты қағидалары Қазақстанда да, Еуропада да бірдей болуы керек. Олардың қатарына ақпараттың шынайылығы, деректердің тексерілуі және мәліметті уақытылы жариялау жатады.
Еуропадағы медиа саласының басты мәселелерінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігіне ықпал ететін факторлар. Көбіне мемлекеттік ықпал туралы айтылады. Алайда тәуелсіз медиа – мемлекеттен, жекеленген топтардан, партиялардан да аулақ болуы керек. Меніңше, тәуелсіз БАҚ тек мемлекеттен ғана емес, өзге де ықпал орталықтардан тәуелсіз болғанда ғана "тәуелсіз" деп аталады. Мысалы, менің елімде мемлекеттік биліктен тәуелсіз болғанымен, өз иесінің ұстанымына сай жұмыс істейтін ақпарат құралдары бар. Ол меншік иесі оппозициялық саясаткер немесе кәсіпкер болуы мүмкін. Мұндай жағдайда БАҚ үкіметке тәуелді емес болғанымен, басқа бір тұлғаның немесе мүдделі топтың ықпалында қалуы ықтимал. Сондықтан медианың тәуелсіздігін тек оның мемлекетке қатынасымен өлшеуге болмайды. Ақпарат құралының кімге тиесілі екенін, оны құрудағы мақсат қандай болғанын, меншік иесінің қандай мүдделері бар екенін және бұл факторлардың редакциялық саясатқа қалай әсер ететінін де қарастыру қажет.
Қазақстанда бұл мәселелердің де қаншалықты өзекті екенін және жергілікті редакциялар қандай қиындықтарға тап болатынын толық білемін деп айта алмаймын. Мен бұл елде ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп жүрген жоқпын. Сол себепті сырттан бақылаушы ретінде Қазақстан медианарығына қатысты кесімді пікір білдіруім дұрыс болмас. Дегенмен бір нәрсе анық, журналистиканың басты кәсіби қағидалары қай елде де бірдей. Ал сол қағидаларды іс жүзінде сақтау үшін ақпараттың шынайылығымен қатар, редакциялық тәуелсіздікті де қамтамасыз ету маңызды.
Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ,
Астана