Бір жылда пәтер бағасы 6,1 пайызға өсті

Бүгінгі күннің басты әлеуметтік проблемаларының бірі – тұрғын үй. Демографиялық өсім, қалалық өмір салтының дамуы мен урбанизацияның күшеюі, тағы сол секілді өзге де факторлар үлкен қалалардағы тұрғын үй тапшылығын тудыруда.
Орташа немесе кішкентай қалалардағы жағдай да керемет емес. Тіпті аудан орталықтарының өзіндегі үй кезегі бірнеше жылдар бойы қозғалмай тұрады. Облыс орталықтары мен мегаполистер туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Жылдан-жылға үй алғысы келетіндердің қатары артуда. Сонымен бірге жылжымайтын мүлік нарығы да қымбаттап келеді. Ұлттық статистика бюросының есептеріне сүйенсек, өткен жылдың басы мен осы жылдың басындағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 6,1 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату – 4,1 пайызға өскен. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі болса 10 пайызға жоғарылаған. Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында жылдық мәндегі баға Павлодарда – 13,8 пайызға, Ақтөбеде – 13,6 пайызға, Көкшетауда – 13,4 пайызға артқан. Ал қолданыстағы пәтерлер нарығында бағаның ең жоғары өсімі Атырау мен Астанада, тұрғын үйді жалға алу бойынша Астана, Талдықорған, Шымкент қалаларында байқалыпты.
Мұндай кезеңде бәрі де өз пәтерін сатып алуға ұмтылады. Әлеуметтік аз қамтылғандар мен өзге де категориядағы азаматтарға кезекпен үй беру жағы да қарастырылған. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, көпбалалы отбасыларға күнкөріс деңгейі төмен болған жағдайда мемлекеттен үй беріледі. Ол үшін тиісті құжаттарды жинап, әкімдікке беру, кезекке тұрып оны бақылау қажет. Артынша алған үй туралы шарт жасасыңыз. Осындай кезекпен өңір-өңірде қаншама отбасы баспаналы болып жатқанын көріп отырмыз.
Екіншіден, жас отбасыларға, азаматтарға, жалпы үй аламын деген қазақстандықтарға Отбасы банк арқылы жеңілдіктер мен арнайы бағдарламалар қарастырылған. Олар сіздің бюджетіңіз бен жағдайыңызды ескере отырып, қолдан келген көмекті көрсетеді. Соның бірі, «Астана жастары», «Алматы жастары» сынды бағдарламалар. Аталған жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын Отбасы банкі АҚ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен облыс және қала әкімдіктерімен бірлесе отырып атқарады. Бағдарламаларға 35 жасқа дейінгі әлеуметтік сала, БАҚ, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері қатыса алады. Әр аймақтағы кәсіптер тізбесін бағдарлама басталар алдында әкімдік жинақтайды. Біз осы бағдарламамен 2025 жылы үй алған Аяулым Тілеуқабылмен тілдестік:
«2024 жылы құжат жинап, өтінім беріп, бағдарламаға қатыстым. Әуелі резервте тұрғаныммен, кейіннен барлық этаптан сәтті өтіп, өз үйімді алдым. Ипотеканың сомасы да, пайызы да, алғашқы жарна да қалтаға қолайлы, еліміздің жастары үшін ыңғайлы дер едім. Осы секілді бағдарламалардың көп болғаны және барынша түсінікті, қолжетімді болғаны дұрыс. Себебі баспана – базалық қажеттілік».
Б.Ділдәбек