Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың елге жеткізілетінін айтты
Әскерде жүріп жансақтау бөліміне түсен ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың жағдайына байланысты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, шамамен екі апта бұрын министрлік сарбаздың отбасымен байланысқа шыққан. Қазір ол Түркияда емделіп жатыр.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі, қорғаныс министрлігі және ішкі істер министрлігі сарбазды елге жеткізу мәселесімен айналысып жатыр. Министр отбасы мүшелеріне алаңдамауды айтып, оны санитарлық авиация арқылы Қазақстанға жеткізетінін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Ербаян Мұхтар ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда, Ербаянның туыстары оған сенбейді.