ҚЫЖЫРТПА. ДЫМСЫЗ БАТЫР
Сайлау жақындағанда, партиялар «тиісерге қара таппай» кете ме, бірдеңе ғой өзі. Күні кеше съезд өткізген ЖСДП төрағасы ыңғайын тауып, «Ауыл» партиясын «төбеден тоқ еткізді» де, өздерін елдегі «жалғыз демократиялық партия» деп мәлімдеді.
Шындығында, осы пікірде әжептіуір жан бар. Еліміздегі партиялар арасында атауына «демократия» деген сөз қосылған жалғыз партияңыз – осы. Ал демократия дегеніңіз – құстың сүті сияқты өте қат дүние. Отырған президенті «орнынан қозғалғысы» келмейтін Орталық Азия елдерінде демократиялық партияны басқару – ерлікпен пара-пар. Осыны ескерсеңіз, Асхат Рахымжановты батыр деп бағалауға болатын секілді. Алайда батырдың да әртүрлі болатынын білетін шығарсыз. Білмесеңіз, Асхат Рахымжановтың қандай батыр екеніне бүгін біз талдау жасап көреміз.
Осыдан жиырма жыл бұрын ЖСДП-ның атынан ат үркетін. ЖСДП мен «Азат» ҚДП бірігіп, сайлауға түсуге қамданған тұста Серікболсын Әбділдин, Балташ Тұрсынбаев, Тоқтар Әубәкіров, Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүлжан Ерғалиева, Серікбай Әлібаев, Ермұрат Бапи сынды қоғамға белгілі тұлғалар «осы маңнан» көрінген. Соңғысы 2019 жылы төрағалықтан қуылып, партиядан кетті. Мұны ЖСДП-ның негізін қалаған Жармахан Тұяқбай «арам пиғылды төңкеріс» деп бағалаған.
Ал Бапидың өзі бір сұхбатында: «Асхат пен Тазабек – шахмат партиясында биге шыға алмайтын пешкалар. Егер олар өздерінің бас жібін әлдекімнің байлауына бермеген жағдайда, мұндай озбыр әрекетке бармауы керек еді», – дегені есімізде.
Ол кезде енді білесіз ғой, Ерекең де Мәжілістің «мәшіңкесіне» мұрнын тықпаған бұқарашыл кезі (Тыққаннан кейін дидарынан биліктің «лебі есіп» тұратынын жұртшылық мұнда ғана көрді. Бірақ ол мүлде басқа әңгіме). Міне, сол тұста ЖСДП-ның төрағалығына Асхат Рахымжанов «топ ете» түскен. Бірақ оны демократияны аңсаған халық танымады. Танымайтын себебі, бұл жігіт бұрын бірнеше серіктестікте маркетолог, менеджер болып жұмыс істеген. Болып-толып, «шығандаған» кезі – «Петропавл орман компаниясы» ЖШС-де коммерциялық директор. Қысқасы, Рахымжанов Петропавлдың орманынан саясаттың «тоғайына» 2012 жылы келді де, ЖСДП-ның астаналық филиалына жетекшілік етті. Яғни, партия ішіндегі «төңкеріске» дейін Бапиге бағынды.

Айтпақшы, осы жерде бір қызық мәселе бар. Ерекеңнің жоғарыда айтқан сұхбатына қарағанда, съезден бір күн бұрын Ермұрат Бапи партияның болашағын талқылау мақсатымен Асхат Рахымжанов пен Тазабек Сәмбетбайға дастархан жаяды. Араларында Жанболат Мамай да болса керек. Партияның басшылығына Жанболатты қолай көргенін Ерекеңнің әр-әр жерде айтқан сөздерінен байқауға болады. Сонымен әлгі жерде шай-пай, сыра-мыра ішіле ме, әйтеуір төрт жігіт «саясатты сапырып» болғаннан кейін бір-бірін арқадан қағысып, үйлеріне қайтады.
Ал ертесінде анадай жағдай болды. Кеше ғана бір дастархан басында ас ішкен «достарының» бұл әрекеті бұрынғы төрағаның жүрегіне қатты батқан секілді. Бұл туралы Ерекең былай дейді: «Мәселен, мен біреуге наразы болсам, «жең ішінде жұдырық жасырып» жүргендей жағдайым болса, оның дастарханына бармаудың сыпайы амалын табар едім. Ал сенің тамағыңнан татып, шапалақпен тартып кету – қазақшалап айтқанда, бұл нағыз иттік пен арамдықтың белгісі деп білем».
Демек Ермұрат Бапи Асхат Рахымжановты асын ішіп, аяғын тепкен «арам» жігітке жатқызады. Бұған сенуге бола ма, болмай ма? Әрине, саясаттың ауласында «мүйіздескен» кісілердің бір-бірін күстаналап жүретіні әу бастан белгілі. Дегенмен қазіргі төрағаның «ас ішіп, аяқ тебуге» құмбыл екені тағы бір мәселеден байқалады. Күні кеше Мәжілісте жеті партия болса, сол жеті партияны «жетектеген» төрағалардың ішінде – қазақшаны «қақпайтын» жалғыз төраға осы кісі. «Орыстілділер ұқса, болды ғой, демократияның қазаққа қажеті қанша?» деп ойлай ма, әйтеуір қазақ тілін үйренуге талпынбады. Рахымжановқа қарағанда, Халық партиясын басқарған Ермұхамбет Ертісбаевтың өзі қазақша «екі ауыз сөз» білетіндей көрінеді. «Ақорданың бұлбұлы» деген жанама аты бар Ертісбаевқа енді тіл үйренудің қажеті де жоқ. Өйткені ол төрағалықтан кеше кетіп, орнына Нұрсұлтан Шоқанов келді. Ал үш жылдан бері «репетитор жалдаса да», қауашағына ештеңе қонбаған Рахымжанов ЖСДП төрағалығын ары қарай жалғастыра береді. Сонда қалай ойлайсыз, биліктің бір бұтағында отырып, мемлекеттік тілді менсінбеу – «асын ішіп, аяғын тебудің» жоралғысына жата ма, жатпай ма?
Ал енді демократ Асхат Рахымжанов Мәжілісте не істеді дегенге келейік. Бұл мәселеде «ауыз толтырып» айтар дүниелер бар. Бірақ оның бәрін тізбелей бермей, негізгілеріне тоқталайық. Атышулы америкалық қылмыскер Джеффри Эпштейнмен қазақстандық шенділердің байланысы туралы мәліметтер тарағанда, Рахымжанов «қатты ашуланып», Бас прокуратура мен ҰҚК-не талап қойған. Талабында «Эпштейн ісінде» аттары аталған Кәрім Мәсімов пен Қайрат Келімбетовке қатысты ақпараттарды зерттеуді «тапсырды». Мықты ма – мықты! Демократтың сөзі ме – демократтың сөзі!
«Хайп қуатын» кейбір партия төрағаларындай емес, Асхат Рахымжанов көбінесе «тіліп» айтады. Мысалы күні кеше: «AMANAT» партиясы өзі құрған үкіметті өзі сынап, шоу жасап жатады. Үкімет өздерінікі болса, мұның не керегі бар? Біз мұндай көзбояушылыққа қарсымыз. Біз үшін шындық маңызды. Сондықтан көп мәселеде біздің партия билікке қолайсыз», – деді. Міне, екінің бірі айта алмайтын «есті сөз» осындай болса керек. Қай жағынан қарасаңыз да, Асхат Рахымжановтың пікірі нысанаға «дөп тиіп» тұр.
Бір әттеген-айы, кейіпкеріміз осындай сөздерін үнемі кешігіп айтатындай көрінеді. Өйткені жоғарыдағы пікірлерін кезең-кезеңге бөліп қарасақ, тәп-тәуір сынынан дым қалмайды. Мәселен Мәсімовті сынағысы келгендер сонау Назарбаевтың тұсында-ақ талай дүниені су бетіне шығарған. Ал қазір Мәсімов – түрмеде. Абақтының қатқан нанын қажалап, төрт қабырғаның тесігінен сығалап отыр. Келімбетов де «кеткендердің» санатында. Яғни, бұл пікірі – ащы ақиқат секілді көрінгенімен, айтушының өзіне зияны жоқ «әншейін әңгіменің» деңгейінен аспай қалды.
Ал «AMANAT-қа» қатысты пікірі ше? «AMANAT-тың» кеше дүрілдеп тұрғаны рас. Бірақ қазір аты болғанымен, заты жоқ. Бар дүние-мүлкін өз еркімен «Әділетке» аударып берген «AMANAT» саясат сахнасынан «жалаңбұт» күйінде сырғып түсті. Кеше кеудесі көк тіреген «AMANAT-тықтар» қазір қайда барарын білмей, сеңдей соғылысып жүр. Сонда «AMANAT-қа» айтқан сының – айдалаға атқан оқпен тең емегенде не?
Бір қызығы, «Дымсыз батыр» қанша жерден күшенсе де, партияның жағдайы кері кетіп бара жатқан сияқты. Айталық, «аты өшкен» Мәжілістің құрамында ЖСДП-дан төрт депутат отырды. Бұл – жеті партияның ішіндегі ең аз құрам. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақалдың растығын ЖСДП-лық депутаттар дәлелдей алмады. Төрағаның жоғарыдағыдай «құлаққа жағымды» пікірлері болмаса, Мәжілісте демократтардың бар-жоқ екені байқалмады.

Қырсық қылғанда, «ЖСДП енді осы күніне де зар болып жүрмей ме?» деген бір күдік айтыла бастады. Оған басқа емес, партияның өз әрекеті себепкер болып отыр. Сайлаудан кемінде 10-15 пайыз дауыс жинауды көксеген ЖСДП 33 үміткерін үкілеп, алға шығарды. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл өте аз. Мысалы «Әділет» партиясы 186 кандидатының тізімін жарияласа, «Ауыл» 69, Respublica партиясы 76 үміткер ұсынды. Съездері айғай-шуға ұласқан «Байтақ» партиясы мүшелерінің өзі бір-бірімен «ұрсысып-ұрсысып» алып, 51 үміткердің тізімін берді. Ал Рақымжанов айтпақшы, Қазақстандағы жалғыз демократиялық партия 33 кандидатпен бәйгеге түскелі отыр.
Сонда бұл не? Шаппай жатып, көш соңында қалатынын мойындау ма, әлде 33 санын астарлап, «Құрылтайдан 3 орын берсеңдер, соған да разымыз» деген «белгі» ме?
Білесіз ғой, қазақта көзсіз батырлар аз болмаған. Оның мәнін Асхат Рахымжанов түсінбесе де, қасындағы Тазабек секілді жігіттер тарқатып беретін шығар. Өйткені көзсіз батыр – соқыр адам емес. Көз алдындағы жаудың көптігі жүрегіне салмақ түсірмейтін, қалың дұшпаннан ықпайтын, жебеден жасқанып бұқпайтын, қалың топқа қаймықпай жалғыз кіретін батырларды, қазақ – «көзсіз батыр» дейді. Осы ыңғаймен, орысшаға жүйрік болғанымен, қазақшадан мақұрым Асхат Рахымжановты «Тілсіз батыр» дей салуымызға да болар еді. Алайда одан гөрі «Дымсыз батыр» ақиқатқа әлдеқайда жақынырақ көрінді. Себебін өзіңіз де байқап тұрған шығарсыз, Рақымжановта бір қарасаң – бәрі бар, бір қарасаң – дым жоқ...
Сансызбай НҰРБАБА