Думан Мұхаммедкәрімнің анасы Мелания Трамптан көмек сұрады
2 қыркүйекте Алматыдағы Адам құқықтары бюросында түрмеде отырған журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрімге қатысты баспасөз конференциясы өтті.
Жиында оның анасы Қалимаш Тілеп ұлын босатуды талап етіп, АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мелания Трамптан көмек сұрады.
«Ұлымды көрмегеніме екі жыл болды. Анасы ретінде ұлымды бір секундқа да көрсеткен жоқ. Мелания Трамптан көмек сұрап отырмын. Менің жалғыз ұлымның денсаулығы бітті, құрыды», - деді ол.
Думан Мұхаммедкәрім – журналист әрі белсенді. Ол бірнеше телеарнада жұмыс істеп, кейін «Не дейді?» YouTube арнасын ашқан. Арнада саяси және қоғамдық мәселелерді көтеріп, билікті ашық сынаған.
Журналист 2023 жылы ұсталып, 2024 жылы жеті жылға бас бостандығынан айрылды. Оған «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» баптары бойынша айып тағылған. Сот ісінде оның Мұхтар Әблязовпен сұхбаты да қаралған.
Жиында журналистің жақындары оның қазіргі жағдайына алаңдайтынын айтты. Жақында туыстары Қызылордадағы түрмеге барғанымен, Думан Мұхаммедкәріммен кездесуге мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді.