Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға әлемнің 89 елі өтініш білдірді
Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елі қатысуға өтініш білдірді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Шыңғыс Есенгүл уулумен кездесуінде айтты.
Ойындардың ашылу салтанатында спортшылар шеруін Қырғыз Республикасының өкілдері бастайды. Сондай-ақ атақты қырғыз композиторы Эмиль Кенжекулов жазған әнұран орындалады.
Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спорттың 21 түрінен өтіп, 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет және ғылым бағытындағы оқиғаларды қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енеді және 8-13 қыркүйек күндері Астанада өтеді.
Елордаға 2000-нан астам спортшылар мен ресми тұлғалар, 100 мыңнан астам туристер келеді деп күтілуде. Ойындарды дайындау мен өткізуге 1000 ерікті жұмылдырылады деп жоспарлануда.