«Екіжүзділер». Қазақстан мен Қытайдың қос тепкісі
Қазақстан мен Қытай өз азаматтары жайлы ақпарат алмасу туралы келісім жасады.
Қытайдың кейбір ақпарат құралдары екіжүзділерге соққы беру туралы жазып жатыр. «Соққы беру» деген сөз ескі баяғы Кеңес одағын, коммунистік партия заманын еске түсіреді. Халық жауларына соққы берумен айналысқан қырағы һәм жеңімпаз совет халқы туралы екілене жазып отырған ескі бір сарындағы газет тігіндісінің исі мұрынға келеді. Ал қытайлық әріптестеріміздің екіжүзділер деп отырғаны кімдер? Басынан бастайық.
Биыл 17 мамырда Қазақстан мен Қытай өз азаматтары жайлы ақпарат алмасу туралы келісімге келген. Сол келісімді 20 қыркүйекте ҚР парламент мәжілісі мақұлдады. Құжат енді сенатқа барады, сенаторлар мақұлдаса, президентке қол қоюға жіберіледі.
Бұл келісім бойынша қос мемлекет азаматтық алған немесе азаматтығын ауыстырған адамдар туралы мәліметті бір-біріне беруге міндетті болады. Заң жобасын мәжілісте ішкі істер министрі Ержан Сәденов таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат заңсыз көші-қонның алдын алады.
«Бұл ақпарат елдерге қос азаматтықпен күресу және заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Келісім егемендікке, қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда және заңға қайшы келген сұрауларды орындаудан бас тартуды көздейтінін ескертемін. Қазірге дейін бес мемлекетпен (Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан) осыған ұқсас екіжақты келісімдер жасалды», – деді министр.
Құжат төрт бағыт бойынша ақпарат алмасуды көздейді: бір елден екінші елге визасыз келген азаматтар туралы; берілген визалар туралы; бір елге келу және шығу ережесін бұзған өзге ел азаматы туралы; азаматтыққа қабылданған адамдар туралы.
Биыл көктемде Бейжіңге шұбырып барған қазақ шенділерін қуана қарсы алған қытайлар бірнеше маңызды келісімге қол қойғызып алды. Оның ішінде халық наразы болған визасыз режим туралы келісім де бар. Көпшілік 20 млн ғана жан саны бар елдің 1,5 млрд тұрғыны бар мемлекетке есігін айқара ашқаны аса қауіпті деп санайды. Бірақ бұл басқа тақырып, біз бүгін қазақ билігі неге өз азаматтары туралы мәліметті өзге елге бергелі отыр деген сұраққа жауап іздеп көреміз.
Мұндай келісім жасауды кім ұсынды?
Азаматтығын ауыстырған адамдар туралы ақпарат жинау Қытайға ғана керек. Өйткені Қазақстан азаматы Қытай асып, қызыл паспорт алыпты дегенді әлі естіген жоқпыз. Бірен-саран адам бар да шығар, бірақ халықаралық келісім жасап, мәлімет топтайтындай көп емес екені анық. Ал Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып жатқандар көп. «Атажұрт» деп ауа көшкен қандастарымыз қаншама! Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері елге келген қандастар саны миллионнан асты деген мәлімет бар. Мұның жартысына жуығы шығыстағы көршімізден көшіп келген. Бұдан бөлек, елге келіп, азаматтық алып орнығып қалған таза қытайлар да аз емес. Олардың нақты саны қанша екені белгісіз.
Демек, мұндай келісім жасауды Қытай тарапы ұсынған болуы мүмкін. Қытайлық БАҚ-тың өзі осындай болжам жасап отыр. Бейжіңнің көздегені бізде жүрген қытайлар емес, азаматтық алған қандастар екені анық. Олардың ойынша, шекара асқан қазақтар қос азаматтықпен жүр.
Біздің бұл ойымызды Қытай басылымдарында көп жыл жұмыс істеген белгілі журналист Қалиакбар Үсемханұлы да қуаттап отыр.
«Менің ойымша, бұл ұсынысты Қытай жасады. Екінші жағынан еліміздегі қазақ көшіне қарсы топтар қолдау көрсеткен болуы мүмкін. Бұл келісімнің артында үлкен мән жатыр. Қытайдан келетін азаматтардың көбі этникалық қазақтар. Демек, бұл Қытайдан көшіп келген және көшкелі отырған екі миллионға жуық қазақтың тағдырына қатысты заң деп ойлаймын», – дейді ол.
«Қос азаматтық» деген сөз қайдан шықты?
Бұл сөз кейінгі кезде Қытайдың ресми органдары мен баспасөзінде жиі айтылып жүр. Неге? Біріншіден, Қытайдан келген көп адам арнаулы көші-қон визасымен емес, жеке сапар немесе оқуға түсу мақсатында келіп, азаматтық алған. Себебі Бейжің көшем деген адамды азаматтығынан шығарып, қолына құжаттарын ұстатып жібере салмайды. «Алдымен ана елдің азаматтығын ал, сосын біз автоматты түрде сені тіркеуден өшіреміз» дейді. Осы мәселе ұзақ жыл Қытайдан келіп, азаматтық алғысы келген қандасқа тұсау болғанын білеміз. Біздің ел Қытай азаматтығынан шыққаны жөнінде анықтама сұрайды, Қытай алдымен Қазақстан азаматтығын ал дейді. Екі ортада қандас күйеді. Бұл проблема осыдан бірнеше жыл бұрын ғана шешілген. Екіншіден, кейінгі уақытта Қытай азаматтықтан шығу процесін қиындатып жіберді. Әртүрлі сылтау тауып, Қазақстан азаматтығын алған қандастардың қызыл паспортын қайтарып алмай отыр. Көк паспорт алғанына 5-6 жыл болса да, қытайлық құжаттан құтыла алмай жүрген қазақ аз емес.
Қытай тарапы осының бәрін «қос азаматтық» алды деп санайды. Бірақ бұл ең алдымен Қытайдың өз заңына қайшы. «Қытай Халық Республикасының азаматтық туралы» заңының 9-тармағында «шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі», деп жазылған. Демек, көк паспорт алған қазақты өз тіркеуінен шығармай, «қос азаматтық алдың» деп қинауға қытайлардың қақысы жоқ.
Екіншіден, заңды жолмен азаматтыққа қабылдап, көк паспорт берген соң Қазақстан да қандастарды қорғауға міндетті. Өйткені ол енді Қытайдың емес, Қазақстанның азаматы. Бірақ бұл біздің биліктің қолынан келмей отыр. Бүгін Бейжіңнің дегеніне көніп, қандастарды «қос азаматтық алды» деп кінәлауға жол берген Астана ертең сол қазақты «екі елдің азаматы екенсің» деп Қытайға байлап бермесіне кім кепіл?!
Қытайға мұндай келісім не үшін қажет болды?
Қытайлық БАҚ-ты шолып отырып, билік те, қарапайым халық та аз ұлттардың өзге елге үдіре көшкенін жақтырмайтынын байқадық. Ресми билік ұстанымын ашық білдірмегенімен, әлеуметтік желіде сарапшылар мен тұрғындар қоныс аударған қазақты кінәлауға әуес. «Қазақтар арасында қос азаматтық мәселесі асқынып отыр, олар біздің елде жұмыс істеп, соның игілігін көреді, сөйте тұра Қазақстан азаматтығын алып, екіжүзділік танытады. Олар Қазақстанның мүддесін қорғайды, өзінің туған еліне (Қытайға) құрметі мен махаббаты жоқ», деп жазыпты бір «сарапшы». Тіпті «Қазақстан мен Қытай бірлесіп, екіжүзділерге соққы береді» деп тақырып қойған сайттар бар.
Әрине, халқының өзге елге көшіп жатқаны кез келген билікке абырой әпермейтіні анық. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, Қытай халқын үрейде ұстағысы келеді. Әсіресе аз ұлттарды тыпыр еткізбейді. Қытайдағы халық саны миллионнан асатын санаулы ұлттардың бірі болған қазақтар үлкен қысымға қарамастан, салт-дәстүрін жоғалтпай отыр. Қазақша мектептерді жапқанына он жылдан асса да, ұлттық құндылықтардың тамырына балта шаба алмады. 2017 жылы басталған саяси қуғын-сүргін халықтың сағын сындырғанымен, мүлде басып тастаған жоқ. 2023 жылы шекара ашылған бетте жұрт Қазақстанға тағы ағылды. Осы келісім арқылы Қытай арғы бетте туған аз қазақты жез тырнағынан мәңгі шығармауды көздейтінін аңғартты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай АҚШ-пен екі ел азаматтарының есепшоты жайлы мәлімет алмасуға келіскен. Ол бойынша Қытай АҚШ-қа кеткен азаматтарының сол елге қанша қаржы аударғанын біліп, есепшотын бақылай алады. Ресми Бейжің таратқан мәліметке сүйенсек, жыл сайын Қытайдан 10 млрд доллар шетел асады екен. Оның 80%-ы мұхит асқан тұрғындарға тиесілі. Арасында заңсыз жолмен келген ақша да бар.
Қазақстанмен келісім жасауға осындай қаржы мәселесі де себеп болуы мүмкін. Өйткені біздің елге көшкен тұрғындар сол жақтағы мал-мүлкі мен үй-жайын сатып, өзімен бірге біршама қаржы алып кетеді. Бұл АҚШ-қа кеткен миллиардерлердің мол қаржысындай болмаса да, Қытай экономикасына белгілі мөлшерде зиян тигізетіні анық. Осының бәрін ескере отырып, Бейжің шекара асқан қазақтар жайлы мәлімет алып, бақылауда ұстағысы келген сияқты. Бұған қазақ билігі неге жол беріп отырғаны түсініксіз.
Қалиакбар Үсемханұлы бұл келісім Қазақстанға емес, Қытайға тиімді екенін айтады.
«Бұл заң Қытайға ауадай қажет болып тұр. Ол жақтағы қазақтар егіндік және малшаруашылық жерін үкіметтен 49 жылға көтереге алып, пайдаланып отыр. Осы жаққа көшсе де үкіметтен сол жердің ақшасын алып жүр. Көшіп келген азаматтың қалтасында қаржысы болса, Қазақстан үшін тиімді. Ал қазір Қытай «көшсең, бүкіл жеріңді қайтарып, бәрін тазалап кет» деп отыр. Бұл көшіп келетін қандасқа да, біздің елге де тиімсіз.
Мына келісім күшіне енсе, Қытай Қазақстанға «енді көші-қон визасымен келген адамды ғана азаматтыққа қабылдайсың, ал өзге визамен келгендерге азаматтық берме» деп шарт қояды. Онда Қытайдан келетін көш азаяды, не мүлде тоқтайды. Өйткені бұған дейін және қазір келіп, азаматтық алып жатқан қазақтың бәрі жеке сапар, оқу немесе туристік визамен келген.
Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Қытай үшін тиімсіз ақпараттарды айтып жүр. Олардың Ертісті бұрып алғаны, Орталық Азияны зерттеп жатқаны және Қазақстанға қарата қандай саясат ұстанып отырғаны жайлы мәліметтерді жариялайды. Бұл ақпараттарға Қазақстан билігі құлақ аспағанымен, Қытай үкіметіне ауыр тиіп отыр. Мұндай мәліметтің сыртқа шыққаны Қытай үкіметіне ұнамайды. Сол үшін осындай ақпарат таратып жүрген азаматтарды қудалау үшін де бұл заң керек болуы мүмкін.
Біздің ел Әзербайжан, Беларусь, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстанмен осындай келісім жасасыпты. Мысалы, Қарақалпақстанда толқу болған кезде Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері наразылық білдіріп еді, өзбек билігінің сұрауымен оларды Қазақстан үкіметі қудалады. Егер кейін Қытайдағы қазақтарға бірдеңе болса, сол жақтан көшіп келген қандастар ештеңе айта алмайды. Бірдеңе айтса, Қытай сол азаматты ұстап, жазалауды сұрайды. Мына келісім оған мүмкіндік береді. Қытай тарапы елге келген қандасқа кез келген айыпты тағуы мүмкін.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алса да, Қытай паспортын қидырып, сол елдің тіркеуінен шыға алмай жүрген адам көп. Біздің билік мұны «Қытайдың ішкі ісі» деп отыр. Мәселе Қазақстан азаматына қатысты болса, ол қалай Қытайдың ішкі ісі болады? Оның үстіне, Қытай азаматтығынан шыққаны туралы анықтамаға да сенім жоқ. Бейжің кез келген күні қандастар қолындағы анықтаманың жалған екенін айтып, базадағы бұрынғы азаматтықты тірілте салуы мүмкін. Бұл заңның Қазақстанға қаншалық пайдалы екенін білмедім, бірақ Қытайдан көшіп келген қандастар үшін тиімсіз», – дейді сарапшы.
Қос азаматтықты Қытаймен емес, Ресеймен бірге шешкеніміз жөн
Біздің елде қос азаматтықпен жүргендер бар екені рас. Бірақ көк паспорт алса да, қызыл паспорттан құтыла алмай жүрген қазақты ол қатарға жатқызуға келмейді. Біз Қазақстан мен Ресейді қатар алдап жүрген «қосмекендірлер» туралы айтып отырмыз. Мұндайлар мемлекеттік қызметшілер арасында да толып жүр. Ішкі істер министрлігі 2020 жылы мемлекеттік қызметшілер арасында қос азаматтықтың 431 фактісі анықталғанын хабарлаған. Мысалы, 2021 жылы Шымкент дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Олег Почиваловта Ресей паспорты бар екені анықталып, жұмыстан кеткен. Мұндай мысал өте көп.
Елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабына сай екі ел азаматтығын қатар алып жүруге болмайды. Айта кетерлігі, Қазақстан биыл мамырда Қырғыз Республикасы және Ресеймен де ел азаматтарына қатысты дерек алмасу туралы келісімге қол қойған. Демек, елде екі паспортпен жүрген адам қай ел азаматы болса да анықтауға мүмкіндік бар деген сөз.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков көрші елдермен мұндай заңның қабылданғаны дұрыс екенін айтты.
«Қытаймен ғана емес, Ресей және Қырғыз Республикасы сияқты көрші елдермен де осындай келісім жасадық. Визасыз режимге көшкен соң мұндай заң қажет. Мұның ақпараттық қауіпсіздік пен жеке бастың құқығына еш зияны жоқ. Мысалы, Қытайға барып-келген, Қытайдан келіп-кеткен азаматтар жайлы ақпарат алмасады. Қазақстан азаматтығын алған, бірақ Қытай азаматтығынан шықпай сол жақтан зейнетақы алып жүрген кісілер бар. Осындай әрекеттерге тыйым салу үшін мұндай заң қажет. Мұнда тікелей адам құқығын бұзу мәселесі жоқ», – дейді заңгер.
Қос азаматтық деген – екі елдің құжатын қалтаға қатар басып, екі жеп, биге шығып жүргендер. Ал қолдан жасалған кедергіден Қытай азаматтығынан шыға алмай пұшайман болған қандастар мәселесі бұған жатпаса керек. Демек, біздің дипломаттар Қытайдың айтқанына көне кетпей, мәселенің мәніне үңілгені жөн. Жоғарыда біз атаған Қытайдың азаматтық туралы заңынан 9-тармағына сілтеме жасаса, Бейжің де сөздің жөніне көшер.
Қуаныш Қаппас
фото: КазТАГ