Ербаян Мұхтардың сүйегін тасымалдау кезінде полициямен жанжал шықты
Ұлттық ұланның сарбазы Ербаян Мұхтар қайтыс болғаннан кейін оның туыстары мен полиция қызметкерлері арасында жанжал болды.
Оқиғаның видеосын NewTimes.kz жариялады.
БАҚ мәліметінше, жанжал Ербаян Мұхтардың сүйегін Сот-медициналық сараптама орталығына жеткізу кезінде болған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, полиция қызметкерлерінің бірі Ербаянның анасына дөрекі сөйлеп, тіпті қаруын алуға әрекеттенген.
Полиция департаменті қызметкерлердің марқұмның сүйегін Сот-медициналық сараптама орталығына жеткізу үшін барғанын, қызметтік міндеттерін орындау барысында қарсылыққа тап болғанын мәлімдеді.
Ведомство аталған оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.
Ербаянның әкесі Хамит Айтмағамбетовтің айтуынша, отбасы ұлының қайтыс болғанын 23 маусым күні кешке білген.
Оның сөзінше, емдеуші дәрігер Ербаянның жүрегі тоқтағанын хабарлаған. Осыдан кейін туыстары ауруханаға барған.
Әкесі отбасының мәйітке сараптамалық ашу жүргізуге келіспегенін, алайда оларға прокуратурадан анықтама қажет екені айтылғанын жеткізді.
Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен.
2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, содан кейін комаға түсті.
Сол кезде әскери бөлім өкілдері туыстарына Ербаяндың дәретханада құлап, басын кафельге соққанын айтқан.
Алайда ауруханаға түскен кезде оған мидың ауыр соғылуы, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және басқа да ауыр жарақаттар диагнозы қойылған.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақстандықтар Ербаянның еміне 224 миллион теңгеден астам қаражат жинады.
Ол Қазақстан мен Түркияда емделіп, оңалтудан өтті.
2026 жылдың мамыр айында Ербаянның жағдайы күрт нашарлаған еді.