Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 14 Наурыз 2024

Есірткі саудасы: күрес күшейсе де, қылмыс азаймай тұр

Есірткі саудасы

Әрбір елдің айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда ішкі қауіпсіздіктің алар орны ерекше.

Қай мемлекеттің азаматтарының болсын, құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде елдің мерейі үстем, қадамы нық болары анық. 

Осындай қауіпсіздікті айнасыз күзетіп жүрген Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз құзыреті шегінде ел тыныштығының түтінін түзу ұшыруға ықпалын тигізуде. Комитеттің соңғы айлардағы есірткі саудасы, терроризмге қарсы күрес, бопсалау бойынша күдіктілерді ұстау операцияларының жемісті нәтижелерін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Жыл басынан бері елімізде есірткі саудасы бойынша біршама жұмыстар жүргізіліп, күдіктілер құрықталған. Атап айтқанда, 2024 жылдың 21 ақпанда ҰҚК «жұтқыштар» деп аталатын Қазақстанға есірткі жеткізудің кезекті контрабандалық арнасының жолын кесті. Күдіктілер – Ақтау қаласының халықаралық әуежайында ұсталған екі шетелдік азамат. Рентгеноскопиялық зерттеу барысында іш қуысында бөгде заттардың бары анықталып, арнайы медициналық процедуралар жүргізіп, екі шетелдік азаматтың асқазандарынан героин және синтетикалық есірткі бар 30-дан астам контейнер алынған.

Осындай операциялардың бірі Астана қаласында да орын алды. 22 ақпанда есірткі тасымалдау бойынша күдікті деп танылған екі тұрғын құрықталған. Тінту барысында шамамен 80 мың бір реттік дозаға пара-пар 27 кг астам «мефедрон» психотроптық заты, сондай-ақ 1 тоннадан астам прекурсор алынды. Алынған есірткінің құны «қара нарықта» 540 млн теңгеге бағаланады. Бұдан бөлек, Елорданың басқа да аудандарынан зертхана жабдығы бар 40 тонналық екі контейнер табылып, ұсталған күдіктілер Қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігі бойынша тергеу-тексеруге жіберілген.

ҰҚК шекара қызметінің 2024 жылғы ақпанында жүргізілген іс-қимылдары бойынша есірткі саудасына қатысы бар 54 факті тіркелген.

«Мемлекеттік шекара арқылы заңсыз алып өту фактілерінің алды алынды. Оның ішінде 54 факті – жалпы салмағы 60 кг жоғары есірткі заттары, 20 факті – қару мен оқ дәрілер, нақтырақ айтқанда, 6 дана ату, 140 дана суық қару, 32 дана оқ-дәрі. 63 факті – діни әдебиеттер, 330 факті – жалпы сомасы 8 млн теңгеден асатын жанар-жағармай материалдары, 429 факті – 1,4 млрд теңгеден асатын тұрмыстық тұтыну тауарлары болса, 100 факті шетел валютасы тіркелді», – дейді ҰҚК баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ведомствоның хабарлауынша, биылғы жылы Ұлытау облысы бойынша жүргізілген іс-шара негізінде Жезқазған және Сәтбаев қалаларында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізді деген айыппен 4 тұрғын ұсталған. Тексеру кезінде күдіктілерден 2 кг гашиш, 250 грамм «альфа-PVP» психотроптық заты мен 30 «марка» деп аталатын ЛСД есірткісі тәркіленді.

Алматы облысында жүргізілген операциялар нәтижесінде қалаға жақын орналасқан жеке үйде психотроптық заттарды дайындау кезінде қылмыс үстінде есірткі зертханасын ұйымдастырушы 1995 жылғы Қазақстан азаматы құрықталды. Тінту барысында 40 мың бір реттік дозоға эквивалентті 8 кг артық «мефедрон» психотроптық заты анықталған.

Осындай қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу, күресу бойынша Алматы қаласында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Есірткі саудасының кең таралған түрі – әлеуметтік желі арқылы сату. «Наркостоп» жобасының жетекшісі Нұржан Жакуповтың айтуынша, қазіргі таңда әртүрлі сайттар арқылы жастарды есірткіге тарту фактілері жиі кездеседі.

«Дамыған технология дәуірінде есірткінің таралуы, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы да орын алуда. Тіпті Facebook желісінде есірткі сататын дүкеннің жарнамасы бар скриншоттарды бізге жіберген болатын. Бұл қалай болады? Алдымен айлығы жоғары курьер жұмысына хабарландыру ілінеді. Әдетте мұндай бос жұмыс орындары студенттерге қолайлырақ. Жұмыс берушімен байланыс орнаған соң, есірткі дүкендерінің кураторлары жұмыстың мәні курьердің әдеттегі жұмысынан сәл өзгеше екенін және бұл есірткінің таралуын қамтитынын айтады. Сосын жұмысқа полиция араласады. Олар өз кезегінде тергеу жүргізіп, құқық бұзушыларды жауапқа тартады», – дейді Н.Жакупов.

«Наркостоп» жобасының міндеті – тыйым салынған препараттарды жарнамалау белгілері бар сілтемелер мен хабарландыруларды анықтау және бұл ақпараттарды құқық қорғау органдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру. Ары қарай есірткі саудасы мен есірткі өндірумен айналысатын күдіктілерді құрықтау – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретінде.

Шыңғыс АТАЙ