Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 30 Мамыр 2024

Франция – Қазақстанның бесінші ірі серіктесі

1

24 мамыр күні Астанада Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Француз республикасы Еуропа және сыртқы істер министрлігі Континенталды Еуропа департаментінің директоры Брис Рокфей қазақ-француз саяси консультацияларының 10-раундын өткізді.

Франция мен Қазақстан арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жылдан асты. Екі ел 1992 жылғы 25 қаңтарда ресми қарым-қатынас орнатты. Франция Қазақстанды мойындаған алғашқы еуропалық ел болды. 1993 жылдың қыркүйегінде Франция президенті Франсуа Миттеран Қазақстанға ресми сапармен келді. Содан бері екіжақты достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімдер дамып келеді.

Астанадағы кездесуде дипломаттар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамытып жатқанын атап өтті. Бұл екі ел мемлекет басшыларының кейінгі жылдары ресми сапарлары мен сенімді диалогының жемісі. Кейінгі екі жылда Қазақстан мен Франция президенттері бір-бірінің еліне ресми сапармен барды.

Мысалы, былтыр қарашада Франция президенті Астанаға келгенде қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективасы сөз болған. Онда екі тарап саяси диалогты нығайтып, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.

Араға жарты жыл салып Қазақстан астанасында бас қосқан екі ел дипломаттары өзара қарым-қатынас негіздерін қайта пысықтады. Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко президенттің 2022 жылғы қарашадағы Парижге сапары және содан кейін бір жылға жетпей Франция президентінің Қазақстанға жауап сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтергенін айтты.

Елордадағы келіссөз барысында қос тарап Қазақстан-Франция серіктестігінің келешегін талқылап, барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету қадамдарын анықтады. Делегация өкілдері негізінен сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалар, сондай-ақ су тақырыбын сөз етіп, осы бағыттардағы байланысты кеңейтуге келісті.

Тараптар бұдан бөлек, машина жасау, энергетика және сирек жер металдарын өңдеу салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларға терең талдау жүргізіп, олардың жүзеге асырылуын жеделдетуге қажетті қадамдарды белгілегенін айта кеткен жөн.

Келіссөз қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі екіжақты байланыстарды нығайтуға екі мемлекет те қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестік рухындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша келісімдер жасалды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметіне сенсек, 2023 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналым – 4,2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Мұның ішінде экспорт – 3 миллиард, импорт – 1,2 миллиард доллар болды. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,7 пайыз жоғары (4 миллиард доллар).

Ал 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында екіжақты сауда көлемі 1,4 миллиард доллар болды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (1,1 миллиард) 34,5 пайыз жоғары көрсеткіш екенін айта кеткен жөн.

2008 жылғы 11 маусымда Парижде «Қазақстан Республикасы мен Француз республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге» қол қойылған. Сол сәттен бастап Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестікті дамытып келеді. Ал 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 19,1 миллиард доллар болды. Франция біздің ел үшін бесінші ірі инвестор саналады. Қазір Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 204 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Total, Areva, Alstom, Vicat, Airbus, Lactalis сияқты ірі компаниялардың өкілдері бар.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Франция азаматтары Қазақстанға қысқа мерзімге (30 күнге дейін) визасыз режиммен келе алады. Бұл да француздар үшін елдегі инвестициялық климатты дамытуға оң әсер еткен қолайлы фактор болды. Астанада өткен кездесу Қазақстан мен Франция қарым-қатынасын жақсарта түспек.

Қуан ӨМІРХАН

Тегтер: