Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:06, 30 Қыркүйек 2024

ФУТЗАЛ: Қазақстан – Аргентина

Футзал
Фото:vesti.kz/Алихан Сариев

Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалында 2016 жылғы жаһандық доданың жеңімпазы – Аргентина футзалшыларымен ойнайды.

 Матч елорда уақытымен сағат 20:00-де басталады. Ойын Ташкенттегі «Хумо Арена» спорт кешенінде өтеді.

Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Испания, Жаңа Зеландия және Ливия құрамаларымен D тобында ойнады. Үш турда 7 ұпай жинап, топтан екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. 1/8 финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Португалия құрамасынан басым түсіп (2:1), ширек финалға жолдама алды.

Аргентина футзалшылары С тобында Украина, Ауғанстан және Ангола құрамаларымен сынға түсіп, 9 ұпаймен өз тобында көш бастады. Ал плей-офф кезеңінде Хорватияны 2:0 есебімен жеңіп, ширек финалда Қазақстанға қарсылас атанды.

Қазақстан мен Аргентина футзалшылары бүгінге дейін екі мәрте кездесіп, екі құрама бір-бір мәртеден жеңіске жеткен. 2016 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы ойында аргентиналықтар 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жуырда ғана Алматыда ұйымдастырылған жолдастық кездесуде біздің жігіттер 3:2 есебімен басым түсті.

Анықтама: Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері (1999, 2000). 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында 4-орын алды. Сондай-ақ қатарынан төртінші мәрте әлем чемпионатына қатысып келеді (2000, 2016, 2021 және 2024).

Қосымша ақпарат: Өзбекстандағы әлем чемпионатының қалған ойындары: жартылай финал матчтары 1 және 2 қазанға жоспарланған. Ал 3-орын үшін және финал кездесуі 6 қазанда өтеді.

Тегтер: