Саясат

Халық билікті қалай бақылай алады?

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» ҚР Конституциясының 3-бабыДемократиялық елдерде билікті халықтың өзі сайлайды және сол биліктің іс-әрекеттерін өздері бақылайды.

Халық билікті қалай бақылай алады?

Бақылаудың жолдары мен тәсілдері және оны жүзеге асыратын субъектілер де жетерлік. Әдетте қоғамдық бақылаудың басты «сарбаздары» тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары саналады. Биліктегі партия тағайындаған атқарушы биліктің іс-әрекетін қас қақпай бақылайтын тағы бір күш – парламентке өтпей қалған оппозициялық партиялар. Биліктің жаңсақ басқан қадамын, нәтижесіз жұмыстары мен жемқорлық деректерін халықтың алдына жайып салып, келесі сайлауда бас көтеріп, жұрттың бетіне қарай алмайтын дәрежеге жеткізу – солардың міндеті. Демек, «Ауыл» мен «Адал» партиялары – қоғамдық бақылаудың ең басты саяси күші (егер олардың шын мәніндегі партия екендіктері рас болса).

Бақылауды мемлекеттік органдар да жүргізеді. Парламенттің есеп комиссиясы, жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктері сияқты арнайы субъектілер үкіметтің жаңсақ басқан қадамын қалт еткізбей бақылап отыратын орындар. Алайда мойындауымыз керек, халықтың оларға деген сенімі өте төмен. Есеп комиссиясының жариялаған ақпараттарын естігенде жағамызды ұстаймыз, бірақ бюджеттің миллиардтаған ақшасын тиімсіз жұмсаған (не болмаса керектеріне жарата алмаған) министрліктердің, лауазымды тұлғалардың қатаң жауапқа тартылғанын естіген емеспіз. Жауапқа тартылса да, мерзімін толық өтеп шыққанын көрген емеспіз. Алик мырзаның агенттігі де ақ тер, қара тер болып, жұмыс істеп, жыл сайын министрі (вице-министрі), әкімі бар – жүздеген адамның үстінен іс қозғайды, бірақ қазақ атамыз айтқандай, қарғалар… қарғалардың… бір нәрсесін шұқымайтын сияқты.

Демек, ең басты бақылаушы – халықтың, азаматтық қоғамның өзі болуы керек. Сан түрлі бағыттағы қоғамдық ұйымдар (бізде оларды «үкіметтік емес ұйымдар» деп атайды) үкіметтің де, заң шығарушы органдар мен прокуратураның да жұмыстарын бақылай білуі шарт. Былтырдан бері дайындалып жатқан «ҚР қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы осы қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға арналған аса қажетті құжаттардың бірі болуы керек. Жобаның алғашқы оқылымының жақындап қалғанын ескере отырып, оқырмандарға және парламент өкілдеріне ой салу мақсатында төмендегі ескертпелерді, жеке пікірімді  алдарыңызға тартамын (барлық ұсыныстарды толық беруге газет бетінің көтермейтінін ескере отырып, негізгі деген пікірлермен шектелдік). Қарамен берілген сөйлемдер заң жобасындағы мәтіннен алынған.

1. «Қоғамдық бақылау субъектілері – корпоративтік қорларды қоспағанда, өздерінің жарғыларына сәйкес, қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын және үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізілген коммерциялық емес ұйымдар» (1-тарау, 1-бап, 3-тармақ).

Бұл жерде қоғамдық бақылауды кімдер жүргізе алатыны айтылған. Өз басым бұл анықтамамен келіскім келмейді. Естеріңізде болса, сайлау алдында орталық сайлау комиссиясының «сайлауды бақылау құқығы тек қана жарғыларында адам құқығы мен еркіндігін қорғау мақсатын қойған қоғамдық ұйымдарға беріледі» деген қаулы қабылдап («ҚР Сайлау туралы» заңын белден баса отырып), азаматтық қоғамның сайлауды бақылау процесіне араласуын шектеуге тырысқан болатын. Бұл шектеу  билік орындарының халық өкілдерін бақылау мәселесіне араластырмауға бағытталған тұрақты тәсіліне айналған сияқты. Егер біз демократиялық ел боламыз десек, халықтың бақылау қызметін барынша кеңейтуге тырысуымыз керек. Ал бұл заң бойынша жиырма мыңнан астам қоғамдық ұйымдардың 2-3 пайызы ғана мемлекеттің жұмысына бақылау жасай алады. Бұны қазақ «саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қойған» дейді.  Меніңше, халықтың бақылауын шектейтін бұндай бап заң жобасынан алынып тасталынуы қажет. Кез келген қоғамдық ұйымға, керек десеңіз, азаматтардың ынталы топтарына да бақылау процесін жүргізетін құқық берілуі шарт.

    

2. Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында көзделген тәртіпте қоғамдық бақылау объектілерінен ақпарат сұрату» (2-тарау, 5-бап, 2-тармақ).

Ашығын айту керек, «сұрату» деген сөз маған ұнамайды. Егер «қоғамдық бақылау объектісі» халықтың (қоғамның) ақшасына жұмыс істесе, халықтың ақшасын игеретін болса, халықтың (қоғамның) олардан рұқсат сұрауы ақылға сыймайтын мәселе. Екіншіден, сұраған ақпаратты бермесе, не бергісі келмесе, не істейсің? Ол ақпараттарды алудың басқа қандай жолдары бар? Ол жөнінде ешқандай мағлұмат көре алмадым. Сондықтан бұл жерде «ақпаратты сұрату» емес, «ақпаратты талап ету» немесе «ақпаратты алу» деген сөз тіркесін қолданған дұрыс.

3. «Қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, шағым жасау» (2-тарау, 5-бап, 8-тармақ).

«Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, шағым жасау» – тым бұлыңғыр, нақты жауапты органды таба алмайтын солқылдақ бап. (Осы жерде айта кету керек, заң жобасының өн бойында Қазақстандағы заңдарды бақылайтын басты орган – прокуратураның аты аталмайды). Меніңше, осы жерге «Қоғамдық бақылаудың нәтижесінде ҚР заңдарының бұзылғаны анықталса, барлық жиналған  деректер нақты шара қолдану үшін прокуратураға жіберілуі тиіс» деген бапты кіргізген дұрыс сияқты.

4. «Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша ұсынымдар қабылданғанға дейін қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысы туралы, сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануына жол бермеу» (2-тарау, 5-бап, 10-тармақ).

Қоғамдық ұйымдардың басты міндеті – белгілі бір мәселеге қоғамдық көзқарас қалыптастыру. Сондықтан олар өздерінің бақылау процесінде туындаған мәселелерін қоғам  талқылауына үздіксіз ұсынып отырады. Егер олардың таратқан мәліметтері «шындыққа сәйкес келмейтін» ақпарат болса, екінші жақтың сотқа жүгінуіне болады. Сондықтан қоғамдық бақылауды жүзеге асыру барысы туралы ақпарат қоғамдық желіде үздіксіз жүруі керек. Оны заң арқылы шектеуге болмайды деп ойлаймын.

5. «Қоғамдық бақылаудың пәніне кірмейтін және қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған мәліметтерді ұсынбау» (2-тарау, 6-бап, 1-тармақ).

Жемқорлықтың заңды панасының («крышасының») бірі – «қолжетімділігі шектеулі ақпарат» пен «қоғамдық бақылаудың пәніне» кірмейтін мәлімет. Әлі есімде, 2017 жылы жер комиссиясында қазақ жерінің ең шұрайлы бөлігін арендаға алып отырған жер алпауыттары туралы мәлімет сұрағанымда, үкімет «жеке тұлғаға қатысты мәселенің құпиялығы» деген сылтаумен жүз мыңдаған гектар жерді иемденіп отырған адамдардың аты-жөндерін көрсетуден бас тартты. Соның салдарынан бұл дерек қоғамның құлағына жетпеді. Ең қызығы, жер – олардың жекеменшігі емес, жалға алған жылжымайтын меншік болатын, бірақ осы заңдарға арқа сүйеген билік бізге жердің қожайындарын көрсетпеуге тырысты. Ертең қоғамдық бақылауды жүргізетін қоғамдық ұйымдардың алдынан осы баптың шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан тағы қайталауға тура келеді, егер қаржы мемлекеттікі (демек, халықтыкі ) болса, кез келген мәлімет берілуі керек.         

6. «Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру туралы келісім болмаған жағдайларда, қоғамдық бақылау субъектілеріне қоғамдық тыңдауды, қоғамдық сараптаманы және қоғамдық мониторингті қоғамдық бақылау объектілеріне бару арқылы іске асыруға жол бермеу» (2-тарау, 6-бап, 2-тармақ).

Қандай объекті «мені тексеріңдер» деп қарап тұрады?! Осы уақытқа дейін (мен алты жыл сайлауды бақылайтын республикалық ұйымның басшысы болдым, мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылайтын жұмыстарға да белсене атсалыстым) қоғамдық бақылауды жүргізуге келісім берген объектілерді көрген жоқпын. Ал егер олар рұқсат бермесе, «қоғамдық тыңдауды», «қоғамдық сараптаманы», «қоғамдық мониторингті» бақылау объектілеріне бару арқылы іске асыра алмайды екенбіз. Онда «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылдаудың да қажеті жоқ сияқты.

7. «Қоғамдық бақылау субъектісі қоғамдық бақылау объектісінің келісімін алған жағдайда қоғамдық мониторинг топтарын құра алады» (2-тарау, 12-бап, 2-тармақ).

Былтыр қазақ тілінің қолдану мәселесі белсенді түрде көтерілген уақытта Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұйрығымен мемлекеттік тілдің қолданыстағы жағдайын тексеру мақсатында әкімдік қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен журналистерден жасақталған арнайы мониторингтік топ құрылып, бес-алты ай белсенді жұмыс істеп, талай заңсыздықтардың бетін ашты. Айта кету керек, біз  мониторинг жасаған сауда орталықтары әкімшілігінің, дүкендер қожайындарының көпшілігі тексеру жүргізуге тікелей қарсы шықты, кейбір жерде жаға жұлысуға дейін бардық. Енді осы заң бойынша олардың «келісімін алу» керек екен. Меніңше, келісім сұрау емес, оларды тексеру болатыны туралы хабарландыру, құлақтандыру жетіп жатыр. Мүмкін, ол да артық болар. Себебі хабарландыру алған объект біздің алдымызға күнделікті болмысты емес, жылтыраған, алдамшы көріністі дайындап қояды (президент базарға келгенде еттің бағасын екі есе түсіріп қоятын сияқты). Сонымен бірге «егер келісім бермесе» не істеуіміз керек деген заңды сұрақ та туады. Ал заң жобасы ондай жағдайда қандай іс-әрекет болатыны туралы жақ ашпаған.

8. «Қоғамдық тыңдаулар қоғамдық бақылау объектісімен келісілгеннен кейін өткізіледі» (6-бап).

Қоғамдық тыңдау – азаматтық қоғам өкілдерінің атқарушы билікті бақылаудағы ең бір тиімді тәсілдерінің бірі. Қоғамдық тыңдауға шақырылған министрлік өкілдері не министрдің өзі қоғам өкілдерінің сұрақтарына тікелей жауап беріп, өздерінің іс-әрекеттерінің дұрыстығын халықтың алдында қорғауға тырысады да, қоғам өкілдері өздерінің көзқарастарын, дәлелдерін келтіріп, сол мәселеге байланысты ашық пікірталас болады. Әлі есімде, бірде Ақтау қаласындағы Н.Жантөрин атындағы драма театрда Ақтау маңынан атом электр станциясын салу туралы мәселеге байланысты қоғамдық тыңдау өткізілді. Сол уақыттағы «Қазатомның» басшысы Жәкішов бастаған мамандарына Қазақ елінің сегіз облысынан жиналған халық өкілдері қарсы тұрып, өздерінің көзқарастарын нақты дәлелдермен қорғап шықты. Осы қоғамдық тыңдау (өте мәдениетті, сындарлы отырыс болды) нәтижесінің Маңғыстауға АЭС-ті салдырмауға үлкен әсер еткені анық. Өкінішке қарай, көп жағдайда қоғамдық бақылау объектілерінің өкілдері қоғамдық тыңдаудан, ашық пікірталастан ат-тондарын ала қашады. Келмеуге, қатыспауға тырысады. Ондай уақытта біз төрге бос үстел қойып,  оның үстіне шақырылған министрдің аты-жөні жазылған қағазды қоямыз. Ал мына заң жобасындағы «қоғамдық бақылау объектісінің келісімін алу» шартын халыққа, қоғамға емес, билікке жасалған жақсылық деп қабылдауымыз керек.

Заң жобасындағы жоғарыдағы кейбір баптарды саралау, сұрақтар туындаған жерлерін көрсету «Қоғамдық бақылау туралы» заңының қажеттілігін жоққа шығармайды. Оның, менің пайымдауымша, кемшін деп тапқан тұстарына көңіл аударту – заңның қоғамдық өмірде тиімді жұмыс істеуіне көмектесу. Осыған орай, тағы бір-екі мәселеге көңіл аударғым келеді.

Заңда бақылау мен мониторинг жасау мәселесінің бөліп көрсетілгені немесе нақтыланғаны дұрыс сияқты. Бұлар екі түрлі мәселе. Қоғамдық ұйымдар көп жағдайда мониторингпен айналысады. Екіншіден, халық тарапынан жасалатын бақылау қоғамдық ұйымдармен шектелмеуі керек деп ойлаймын. Жүздеген ауылдарда қоғамдық ұйымдар атымен жоқ, бірақ ол жерлерде де сан түрлі объектілер салынып, құрылыс жүргізіліп, жолдар төселіп жатыр. Сол жұмыстарға кеткен бюджеттік ақшаны жергілікті тұрғындар қалай бақылай алады? (Өткен жолы сенатор Марат Бақтиярұлы өзінің бір жазбасында шағын ауылда салынған объектіге кеткен шығынға күмән келтірген болатын). Дәл сондай, салынған объектінің ресми көрсетілген шығыны ақылға сыймайтын болса, осындай күмән тудыратын құрылыстарды, жолдарды т.т. жергілікті қауым, қоғам, халық қалай бақылауы керек? Заң жобасында бұл мәселе мүлдем қарастырылмаған. Мүмкін, осындай жағдайда жергілікті тұрғындардан құралған ынталы (кейде «бастамашыл» деген сөз де қолданылады) топ мүшелеріне бақылау жасау құқығы берілу керек шығар. 

Соңғы уақытта азаматтардың ынталы топтары, блогерлер, жеке азаматтар парламент депутаттарынан күдерлерін үзген болулары керек, заң жобаларына жіті көз сала бастаған сияқты. Бұл – халықтың саяси сауатының жетіле түскенінің көрсеткіші.

Тегтер: Без Тега
Дос Көшім
Дос Көшім Дос Көшім

Оқыңыз