"Хан Тәңірі клубы жалған бапкерлік құжат жасағаны үшін айыппұл арқалады
Қазақстан футбол федерациясының бақылау, тәртіп және этика комитетінің шешімімен "Хан Тәңірі" футбол клубына жалған құжаттарды пайдаланғаны және қызметтік тексеруге кедергі келтіргені үшін 50 АЕК (216,25 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) хабарлауынша, 14 сәуірде өткен комитет отырысында клуб өкілдерінің UEFA «C» санатындағы бапкерлік лицензияны растау барысында жалған құжаттарды қолданғаны қаралған.
Іс материалдарын зерттеу нәтижесінде комитет клубтың ҚФФ нұсқауын орындамағанын, қызметтік тексеруге кедергі келтіріп, ынтымақтастықтан бас тартқанын анықтады.
Тәртіптік регламенттің 61-бабы 1-тармағына сәйкес келесі шаралар қабылданды: клубқа 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл 14 мамырға дейін төленуі тиіс.
Сонымен қатар, клуб белгіленген мерзімде ҚФФ-ның жарыстар қауіпсіздігі және адалдық қызметіне сұралған құжаттар мен жазбаша түсініктемелерді ұсынуға міндетті.
Егер бұл талаптар орындалмаса, федерация тарапынан қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін. Олардың қатарында ұпайдан айыру, төменгі дивизионға түсіру және жауапты тұлғаларға футбол қызметімен айналысуға тыйым салу шаралары бар.