Хромтаудағы адам өлтіру ісі: жәбірленушінің басы тоңазытқыштан табылған
Полиция Хромтау қаласында ер адамды өлтіріп, мәйітін бөлшектеу ісі бойынша тергеудің жайттарын жариялады. Күдіктілерге қатысты сот үкімі де шыққан.
Оқиға 2024 жылдың қазан айында басталған. Ақтөбе облысының Хромтау қаласының тұрғыны полицияға күйеуінің жоғалып кеткені туралы арызданған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жоғалған азаматтың әріптестері, достары мен көршілерінен жауап алып, оның екі танысына күмән келтірген. Тінту кезінде олардың пәтеріндегі тоңазытқыштан із-түзсіз жоғалған ер адамның кесілген басы табылған.
Тергеу барысында күдіктілер кінәларын мойындаған. Белгілі болғандай, бірге ішімдік ішіп отырған кезде олардың арасында жанжал шығып, соңы адам өлтіруге ұласқан.
Қылмыстың ізін жасыру үшін олар мәйітті бөлшектеп, дене мүшелерінің бір бөлігін қала сыртына апарып жасырған.
Сот қандай үкім шығарды?
Сот бұл резонансты іс бойынша үкім шығарды:
-
Негізгі айыпталушы адам өлтіргені үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
-
Оның сыбайласы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға сотталды.