IATA: Ирандағы соғыс салдарынан әуе компаниялары 100 млрд долларға жуық шығынға ұшырауы мүмкін
Ирандағы соғыс пен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық әлемдік авиация саласына ауыр соққы болып отыр. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) есебіне сәйкес, жанармай бағасының күрт қымбаттауынан әуе компанияларының қосымша шығыны шамамен 100 млрд долларға жетуі мүмкін.
Өткен жылы әлемдік әуе тасымалдаушылары жанармайға 252 млрд доллар жұмсаған болса, биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға өсіп, 350 млрд долларға жетеді деп болжанып отыр.
Жанармай шығындарының артуы авиакомпаниялардың табысына да елеулі әсер етеді. IATA мәліметінше, 2026 жылы саладағы жалпы пайда шамамен 23 млрд доллар болуы мүмкін. Бұл 2025 жылғы 41 млрд долларлық көрсеткіштен және биылға жасалған бұрынғы 45 млрд долларлық болжамнан екі есеге жуық төмен.
Соған қарамастан, авиация саласының жалпы табысы 9,4 пайызға өсіп, 1,17 трлн долларға жетеді деп күтілуде. Алайда бұл өсім жанармай бағасының қымбаттауынан туындаған шығындарды толық өтей алмайды.
IATA бас директоры Willie Walsh Уилли Уолштың айтуынша, Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты әуе рейстерінің бұзылуы мен жанармай бағасының өсуі авиация саласының болжамдарын айтарлықтай нашарлатқан.
«Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты әуе қатынасындағы іркілістер мен жанармай бағасының өсуі авиакомпаниялардың қаржылық көрсеткіштеріне теріс әсер етті», – деді ол.
Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі жағдай нарықтың барлық қатысушыларына әсер етіп жатыр. Дегенмен ең үлкен шығынды Таяу Шығыс елдерінің әуе компаниялары мен шағын тасымалдаушылар көруде.