Иран АҚШ пен Израиль шабуылдарынан 3,5 мың адам қаза тапқанын мәлімдеді
Иран тарапы АҚШ пен Израильдің шабуылдары салдарынан 3 468 адамның қаза тапқанын хабарлады.
Бұл туралы 18 сәуірде ирандық Tabnak және ISNA агенттіктері Қаза тапқандар ісі жөніндегі қор басшысы Сейед Ахмад Мосавиге сілтеме жасап жазды.
Бұған дейін, 12 сәуірде Иран билігі әуе соққылары салдарынан қаза тапқан 3 375 адамның жеке тұлғасын ресми түрде растаған. Олардың ішінде 2,8 мыңнан астамы ер адамдар, шамамен 500-і әйелдер.
АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітім
АҚШ пен Иран 8 сәуірге қараған түні екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. АҚШ президенті бұл келісімді «толық әрі абсолютті жеңіс» деп бағалаған.
Ал Тегеран да бұл бітімді өз жеңісі ретінде қабылдап, Вашингтонмен келіссөздердің басталғанын хабарлады.
Ақ үй Израильдің де бітімге қосылғанын мәлімдеді. Алайда Израиль премьер-министрі Нетаньяху бұл келісімнің Ливанға қатысы жоқ екенін нақтылаған.
Келіссөздер нәтиже бермеді
11 сәуірде Исламабадта өткен келіссөздер барысында АҚШ пен Иран делегациялары ядролық бағдарлама және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы мәселелері бойынша ортақ шешімге келе алмады.