Испаниядағы Сеутаға бір тәулікте 49 мың заңсыз мигрант басып кірді
Испанияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір тәуліктің ішінде шамамен 49 мың заңсыз мигрант Мароккомен шектесетін испандық Сеута автономиялық қаласына басып кірді.
Бұл оқиғаға байланысты Италия премьер-министрі Джорджа Мелони жағдайдың Еуропа шекараларының қауіпсіздігіне төнген нақты қатер екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Рим билігі Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Мелони заңсыз көші-қонмен күрес, адам саудагерлерінің жолын кесу және мигранттарды шыққан елдеріне қайтару Италия үкіметінің басты басымдығы болып қала беретінін айтты.
Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни де бұл ұстанымды қолдап, Испания үкіметінің елде заңсыз жүрген 500 мыңнан астам мигрантты заңдастыру туралы шешімін қате деп бағалады. Оның пікірінше, бұл шешім Еуропаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Ал Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес италиялық әріптесінің мәлімдемесін сынға алып, мұндай сөздердің серіктес әрі дос мемлекет министріне лайық емес екенін айтты. Ол Италия елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырғанын хабарлады.
Испанияның премьер-министрі Педро Санчес үкіметтің Сеутадағы жағдайға жедел әрекет ету үшін барлық қажетті күш пен құралды жұмылдырғанын мәлімдеді. Елдің Ішкі істер министрлігі қалаға қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әскери күштер жіберілгенін хабарлады.
Сеута билігінің басшысы Хуан Хесус Вивас өңірде гуманитарлық және әлеуметтік төтенше жағдай қалыптасқанын айтты. Испанияның Азаматтық гвардиясының дерегінше, Сеутаға теңіз арқылы жетуге әрекеттенген кемінде 18 адам қаза тапқан.
Сеута мен Мелилья – Африкадан Батыс Еуропаға өтетін негізгі миграциялық бағыттардың бірі. Көптеген мигрант Марокконы Еуропаға жетудегі транзиттік ел ретінде пайдаланады.