Сараптама

Кадр тапшы ма, Конституция шикі ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 18 қыркүйек күні бірнеше маңызды тағайындау жасады.

1

 Атап айтқанда, Эльвира Әзімова – Конституциялық сот төрағасы, Әлихан Смайылов – Жоғары аудиторлық палата төрағасы, Нұрлан Әбдіров – Орталық сайлау комиссиясы төрағасы болып қайта тағайындалды.

53 жастағы Әзімова қазіргі қызметін 2023 жылы қаңтардан бері атқарып келеді. Оған дейін Адам құқығы жөніндегі уәкіл, Әділет вице-министрі болған. Ал 65 жастағы Әбдіров қазіргі креслосына 2022 жылы, Қаңтар оқиғасынан кейін жайғасқан. Оған дейін мәжіліс, сенат депутаты еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін жасақталған Үкімет халық пен президенттің сынына ұшырап, 2024 жылы ақпанда тарағаны есімізде. Сол кезде премьер-министр лауазымынан босаған Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның тізгінін ұстаған. Ең қызығы, Әлихан Асханұлы жаңа қызметке кірісе сала Үкіметтің 2022-2023 жылдардағы жұмысына аудит жүргізіп, өз жұмысына өзі баға бергендей болды. Аудит барысында ол әр саладан былық тауып, кемшілік іздеп жүрді. Яғни аудитор Смайылов премьер-министр Смайыловтың жұмысын әбден сынға алған. Сол еңбегі еленгені болар, экс-премьер ЖАП-тағы жылы креслосын сақтап қалды.

Айтпақшы, Нұрлан Әбдіров пен Эльвира Әзімованың да еңбегі сіңді. Әсіресе жаңа Конституция қабылдап, референдум мен жаңа Құрылтай сайлауын өткізу жұмысында екеуі көп тер төкті. Атап айтқанда, Әзімова Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны басқарып, жаңа Ата заңды дайындауға жетекшілік етті. Ал Әбдіров жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум мен Құрылтай сайлауын ың-шыңсыз өткізіп берді. Оны аз десеңіз, Әбдіров тұсында халықтың сайлауға барып, дауыс беру көрсеткіші үздіксіз артып, 74 пайызға жетті.

Биыл қаңтардың аяғы мен ақпанның басында жазылып, наурыздың ортасында референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді. Сол күні елде 1995 жылдан бері қолданыста болған Ата заң күшін жойды. Соған орай Жоғарғы сот, Конституциялық сот, ОСК, ЖАП сияқты органдардың төрағалары мен мүшелері жаңа құрам тағайындалғанша міндетін уақытша атқарушыға айналған.

Шенеунік
ашық дереккөзден

Жаңа Конституцияда «Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған сәттен бастап екі ай ішінде ел президенті Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелерін, сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасын, Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды» деп жазылған. Яғни осы лауазым иелерінің бәрі жаңадан тағайындалуы қажет болатын.

Осы жерде бір қызық бар. ҚР Конституциясының 72-бабында «Конституциялық сот төрағасы мен судьялары бір реттен артық бұл қызметке тағайындала алмайды» деп, 83-бабында «Жоғарғы сот төрағасы қызметін бір адам бір реттен артық атқара алмайды» деп, ал 84-бабында «бір адам бір реттен артық Бас прокурор болып тағайындалмайтыны» жазылған. Демек, қисынға салсақ, бұған дейін Бас прокурор болған немесе Жоғарғы сот пен Конституциялық сотты басқарған адам осы қызметтерге қайта тағайындалмауы қажет.

Бірақ шілденің басында президент Тоқаев Конституциялық сотқа өтініш жолдап, «Лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы ҚР Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы ҚР Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке қайта сайлана ала ма не қайта тағайындала ала ма?» деген сұраққа жауап беруді сұраған.

Мұндағы 72, 83 және 84-баптың мәнін жоғарыда түсіндірдік. Ал 43-бап Қазақстан президентінің өзіне қатысты. Яғни Тоқаевтың сауалы ескі Ата заң бойынша сайланған президент, тағайындалған Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы және Конституциялық сот төрағасы қазіргі Ата заң бойынша қайта қызмет істей ала ма дегенге саяды. Конституциялық сот бұл сауалға «бір адамның жоғарыда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституция бойынша атқаруы – 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енген соң осы қызметке сайлауына не тағайындауына кедергі болмайды» деп жауап берді. Осыған орай, Ата заңдағы шектеуге қарамастан, жоғарыдағы лауазым иелері бұрынғы креслосына қайта жайғасуға мүмкіндік алған.

Осыдан кейін Тоқаев Асламбек Мерғалиевті – Жоғарғы сот төрағасы лауазымына, Берік Асыловты – Бас прокурор қызметіне қайта тағайындады. 54 жастағы Мерғалиев Жоғарғы сот төрағасы лауазымын 2022 жылғы 8 желтоқсаннан, 62 жастағы Асылов Бас прокурор қызметін 2022 жылғы 3 наурыздан бері атқарып келеді.

Ал 24 тамыз күні Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қызметіне қайта тағайындады. Айта кетейік, Сағымбаев – 2022 жылы қаңтардан бері, Сүлейменов – 2023 жылы қыркүйектен бері, Ластаев – 2022 жылы желтоқсаннан бері қазіргі қызметін атқарып келеді.

Осымен президент тағайындауы тиіс лауазым иелері толықтанып болды. Ірі шенділердің бәрі бұрынғы қызметіне қайта жайғасты. Ата заңда жазылған ірі қызметтердің ешбірінің басшысы ауысқан жоқ.

Сондай-ақ ел президенті Құрылтай сайлауынан кейін премьер-министр Олжас Бектеновті де өз орнында қалдырған. Бектеновтің командасы да көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Орынбасарлар орнында қалды: Нұрлыбек Нәлібаев – премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қанат Бозымбаев – премьер-министрдің орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев – премьер-министрдің орынбасары әрі Үкімет аппаратының басшысы қызметін жалғастырады. Бұдан бөлек, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те вице-премьер қызметін қоса атқарады. Осылайша, 21 министрліктің төртеуінде ғана басшы ауысты. Яғни министрлер кабинеті жаңарған жоқ.

Көпшілік осы шешімге біраз уақыт таңғалып жүрді. «Жаңа Конституция қабылдап, жаңа Құрылтай жасақтадық, билік басындағылар елді басқару тәртібі өзгеретінін айтып жүр. Ендеше, мемлекеттік басқарудағы маңызды лауазым иелері неге ауыспады?», «Елді жаңарту үшін жаңа адамдар керек емес пе?» деген сауалдарды әлеуметтік желіден, БАҚ беттерінен көп оқыдық. Ал саясаттанушылар белгілі лауазым иесінің қызметінде қалуына жоғары басшылықтың оған деген сенімі әсер етеді деп санайды. Сондай-ақ «бұған дейін қабылданып қойған мемлекеттік бағдарламалар мен ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру үшін ірі шенділерді жиі ауыстырудың қажеті жоқ» деп санайтын сарапшылар бар.

Қалай болғанда да, саясат сахнасындағы өзгерістер дүмпуі үлкен болғанымен, кадрлық ротация тым қарапайым болды. Конституция бойынша президент тіке тағайындайтын ірі лауазымдар мен министрлер кабинетінде төрт-ақ адам ауысқаны шынымен тосын жағдай саналады.

Дос Көшім

Дос КӨШІМ, саясаттанушы: Халық билікке кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейді

– Шынымен, елде үлкен кадрлық ауыс-түйіс болмағанын көріп отырмыз. Оның себебі неде? Біріншіден, президент бұған дейін өзі тағайындаған адамдарды бір-екі жылдың ішінде басқа адамға ауыстыруды қажет емес деп тапқан болар. Өйткені оларды өзі таңдап алған, олардың жұмысы көңілінен шығатын болуы керек.

Екіншіден, Қазақстан Конституциясының негізгі бағыты – биліктің құзыретін нығайту. Бұл бағыт сақталған жағдайда оған қызмет жасаушылар мен орындаушылар (мысалы, министрлер мен әкімдер) ешқашан өзгермейді. Себебі жаңа саяси реформа жасалып, билік жүйесі жаңарғанын көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, әкімшілік-әміршілік жүйені нығайтуға бағытталған жұмыстар жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мұндайда орындаушылар өзгере қоймайды.

Президент Конституциялық сотқа сұрау салып, Жоғарғы соттың төрағасы, Бас прокурор сияқты лауазым иелерін қазіргі қызметіне қайта тағайындауға мүмкіндік бар-жоғын сұрады. Мен мұны саяси тәсіл деп бағалаймын. Егер мұның бәрін президент тікелей жүзеге асырса, авторитарлық жүйенің нақты көрінісі болып кетер еді. Ал Конституциялық сотқа сұрау салу арқылы жүзеге асырылса, ол заң аясында жүзеге асқан болады. Мұндай тәсіл бұған дейін де бірнеше мәрте қолданылған. Сондықтан мұндай жүрістерді мен саяси технология деп бағалаймын.

Осы жерде айта кететін бір жайт бар. Осы жолы министрлер кабинетінде 4 министр ауысты. Менің ойымша, ең алдымен осы адамдардың қызметінен не үшін кеткенін халыққа түсіндіру қажет еді. Бірақ бізде осы тұс ақсап тұр. Шенділер қызметке тағайындалғанда да, лауазымынан босатылғанда да президентке ғана алғыс айтады. Халық ол адам билікке не үшін келді, не үшін кетті, білмей қалады. Егер бір басшы жақсы жұмыс істеп жатса, оны ауыстырудың қажеті жоқ. Ал нашар жұмыс істесе немесе үлкен қателік жасаса, оны міндетті түрде көпшілікке айту қажет.

Шынын айтқанда, халық билікке кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейді. Мысалы, бір мекемеге жаңа басшы тағайындалса, көпшілік оның кім екенін, ол қызметке қалай келгенін білмей дал болады. Содан барып ел арасында түрлі болжам айтылады. «Пәленнің туысы екен», «түгеннің кланынан екен» деген әңгімелер осындайдан шығады деп есептеймін. Бұл дұрыс емес. Бәрі ашық айтылуы қажет. «Мына қызметкер алға қойған мынадай тапсырманы орындай алмады, сондықтан оны орнынан алып тастадық» деген ақпарат халыққа жетуі керек. Сонда бір қызметтен кеткен шенді ертең екінші креслоға барып жайғаса кетпейді. Қазір халықтың қолында ақпарат аз, әркім өз білгенінше бал ашып, болжам жасап жүр. Сондықтан бір адамды қызметке тағайындаған кезде де, қызметтен босатқан кезде де ақпарат ашық болуы қажет.

Қуаныш ҚАППАС

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз