Қарашөкеев қабағын шытқаннан рейтинг өзгермейді
Жамбылда 7 мың бала полиция бөлімшесіне жеткізілген
Жамбылда жыл басынан бері түрлі құқықбұзушылықтары үшін 7 055 кәмелетке толмаған бала полиция бөлімшесіне жеткізіліп, 393 жасөспірім және 170 тұрмысы нашар отбасы есепке алынған.
Кәмелет жасына дейінгі балалар үшін ата-анасы жауапкершілік арқалайтындығын ескерсек, есепті кезеңде 51 заңды өкіл ата-ана құқықтарынан айырылып, шектелген. Сонымен қатар түнгі уақытта балаларды қараусыз қалдырғаны үшін – 5 952, оқудан жалтарғаны, қаңғыбастық пен қайыр сұрағаны үшін – 670, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 115 ата-ана мен заңды өкіл жауапқа тартылған. Жыл басында Байзақ пен Меркі аудандарындағы мектептерде болған әлімжеттік оқиғалардың соңы қайғылы оқиғамен аяқталып, көпшіліктің зәре-құтын қашырған еді. Өткен аптада сол Байзақта Түймекент ауылындағы жоғары сыныптарда оқитын, бір көшеде тұратын екі оқушы араға күн құрғатпай суицид жасаған.
Ал жуырда балалар төбелесі үшін Тараз қалалық білім бөлімі тарапынан №21 мектеп директорына сөгіс берілді. Сондай-ақ №2 мектеп директоры, №35 мектеп директоры да қызметінен босатылған. Білім беру, тәртіпті қадағалау барысында да Тараз қалалық білім бөлімі жиі сынға ұшырайды.
Осы ретте «Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа не түрткі болып жатыр?»; «Балалар қылмысының алдын қалай аламыз?» деген заңды сұрақ туындайтыны түсінікті. Бұл ретте кейбір мектеп директорлары өз абыройына нұқсан келмеуі үшін заңбұзушылықтарды жасыруға жанталасып бағады.
Бұл мәселеге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те көңіл бөліп, бәрімізді елең еткізген. Ол фактілерді жасырады деп мектеп директорларын сыбап алды. Артынша, жүйелі жұмыс істеудің жаңа ережесін қайта қарауды тапсырды.
Мамыр айында өткен балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыстақабағын түйіп, бүй деген:
«Мекеме басшылары туындаған мәселелермен жүйелі түрде жұмыс істеудің орнына фактілерді жасыруға тырысады. Олар жұмыстан босатылып, жауапқа тартылатыны сөзсіз. Бірақ бұл мәселенің шешімі емес. Мектептің рейтинг жүйесі туралы ережені қайта қарауды тапсырамын. Жергілікті жерлерде мектеп әкімшілігінің бұзушылықтарды уақытылы анықтауын және жедел ден қоюын ынталандыру талап етіледі».
Яғни бұған дейін мектеп рейтингі құқықбұзушылықтардың төмендігімен өлшенсе, ендігі уақытта қылмысты жасырмай, уақытылы хабарлап, мәселенің дер кезінде шешілуін қамтамасыз етуімен бағаланатын болды ма деп риза болғанбыз. Сол жиында облыс басшысы білім мекемелерінің рейтингін қайта қарастыруды тапсырған. Алайда жиыннан соң Қарашөкеевтің өзі бір жақта, сөзі бір жақта қалған сияқты. Рейтингі көтеріліп немесе түсіп, қуанып, мұңайып жүрген адам көрмедік.
Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы