Қоғам

«Қарғысты қайтарамыз»: Балгерлерге сенген зейнеткер 15 миллион теңгесінен айырылды

Қарағандыда өзін "емші" әрі "балгер" ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның 15 миллион теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция

Полицейлер күдіктілерді жедел-іздестіру шаралары барысында қолға түсірді. Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткердің сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсетуге көшкен.

Күдіктілердің бірі әйелге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтып, егер оны дереу қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Осындай үрейлі сөздерге сенген зейнеткер алаяқтардың әрбір нұсқауын бұлжытпай орындаған. Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғыларды жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымдары мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Өз кезегінде олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керектігін айтқан. Алайда сол түні-ақ күмәнданған зейнеткер түйіншекті ашып көргенде, ішінде бос қағаз ғана жатқанын анықтайды. Осылайша жалпы құны 15 миллион теңге болатын алтын әшекейлері мен жинаған қаражаты қолды болған.

Жәбірленушінің берген нақты сипаттамаларының арқасында Қарағанды облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түсті. Тергеу барысында олардың Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екені және осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге бұрын да қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Тіркелген мекенжайлары бойынша жүргізілген іздестіру жұмыстары нәтиже бермегенімен, жедел ақпарат негізінде күдіктілердің Теміртау қаласында жүргені белгілі болып, олар ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз