Әлеумет

Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты командирлер мен басшылар ұсталды

Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты бес лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Теңіз әскері

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу ережелерін бұзу, соның салдарынан ауыр зардаптарға әкелген қылмыстық құқық бұзушылықтарға күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған.

«Ұсталғандардың қатарында – ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскерлері ротасының және катер командирі бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген министрлік хабарламасында.


Әскери қызметшілердің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде қаза болуына байланысты ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу кезінде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру барысында қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкеткен.

«Тергеу аясында оқу-жауынгерлік тапсырманы ұйымдастыру және өткізу кезінде шешім қабылдау мән-жайлары, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделеніп жатыр», - деп хабарлады ІІМ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз