Саясат

«Қайта сайлануға заңды құқығым бар»: Тоқаев келесі президент сайлауы туралы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келесі президент сайлауына қатысу-қатыспау туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді.

Тоқаев

23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бергеннен кейін журналистер Мемлекет басшысынан алдағы президент сайлауына қатысу жоспары туралы сұрады.

Тоқаев қайта сайлануға заңды құқығы бар екенін, алайда оны пайдаланатыны жөнінде әзірге шешімін жарияламайтынын айтты.

«Қайта сайлануға заңды түрде құқығым бар. Бірақ алдағы сайлауға қатысты, өзіңіз айтқандай, сайлауға түсемін бе, түспеймін бе, оның қай жылы өтетіні туралы қазір айту ерте. Өйткені алдымызда еліміз үшін атқарылуы тиіс өте көп міндет тұр», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазір басты міндеттердің бірі – Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдырып, азаматтарға қажетті әлеуметтік нысандарды көптеп салу. Бұл мақсатқа Ұлттық қор қаражатын да пайдалану қажет деп есептейді.

«Ақшаны шетелдегі бағалы қағаздарда ұстап отырғанша, неге оны халықтың игілігіне пайдаланбасқа? Мен бұл қаражатты пайдаланбай отыруға қарсымын. Ол халқымызға қызмет етуі керек», – деді президент.

Тоқаев әлемдегі қазіргі жағдайдың күрделі екенін де атап өтті. Оның сөзінше, геосаяси ахуал үнемі талдау мен жіті назарды қажет етеді.

«Әлемдегі жағдай оңай емес, біз сөзбе-сөз айтқанда, құздың шетімен келе жатырмыз. Соған қарамастан, ел ішінде бейбіт жағдайды қамтамасыз ете алдық. Бұл бізге дамуымызға мүмкіндік берді. Экономикалық өсім бар, бұл – объективті көрсеткіш», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Тоқаев өзінің келесі президент сайлауына қатысу-қатыспауы жөніндегі сұраққа келесі жылы нақтырақ жауап беруі мүмкін екенін жеткізді.

«Мүмкін, келесі жылы  нақтырақ жауап берермін», – деді президент.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз