Қазақ еліне + 2 «спортшы» шенеунік
Қанат Шарлапаев та федерация басқарады
Қазақстан спортында көптен бері жалғасып келе жатқан бір келеңсіз үрдіс бар. Не үшін екені белгісіз, әртүрлі спорт федерацияларын әкімқаралар, министрлер мен миллионерлер басқарады. Ел спортының екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған басшылар қосынына қарап, бұл сала шенділердің бақ таластырып, қызмет салыстыратын алаңына айналды ма деген ойға қаласыз.
Спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, алған білімі мен еңбек жолы өзі басқарып отырған федерацияға еш қатыссыз басшылар ел спортының дамуы үшін үлес қоса ала ма? Спортқа қосымша қызмет (тіпті табыс көзі) ретінде қарайтын шенділердің федерацияның суымен кіріп, отымен шығуға ынтасы да, уақыты да жоқ екені анық.
Сол үшін көпшілік әр федерацияны сол саланың өз маманы басқарғаны жөн деп санайды. Өйткені кәсіпқой маман өз ісін жақсы біледі әрі өмір бойы айналысқан сүйікті спортына жаны ашып, оны дамыту үшін ерінбей еңбек етуі мүмкін.
Біз бұған дейін Қазақстан волейбол федерациясын 26 жыл басқарған 77 жастағы Нұртай Әбіқаев пен жеңіл атлетика федерациясын 6 жыл басқарған 70 жастағы Даниал Ахметов қызметінен кеткенін хабарлаған едік. Бірі – ҰҚК төрағасы, сенат төрағасы, екіншісі – премьер-министр, бірнеше облыста әкім болған «ауыр салмақты» екі саясаткер басқарған тұста волейбол мен жеңіл атлетикадан ешқандай жетістікке жеткен жоқпыз. Экс-президенттің сенімді серіктері бұл саланы ұшпаққа шығара алған жоқ.
Әбіқаев пен Ахметов спортпен қоштасқанда көпшіліктен сүйінші сұрап, спортты жағалаған шенділер азайып жатыр деп жазған едік. Бірақ ол үмітіміз ақталмаған сияқты. Кейінгі 2 айда елдегі 2 спорт федерациясына ірі шенеуніктер төраға болып сайланды.
2024 жылы 20 желтоқсанда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров Қазақстан футбол федерациясының президенті атанды. Бұрын Заманбек Нұрқаділов, Рахат Әлиев, Әділбек Жақсыбеков, Ерлан Қожағапанов сияқты ірі шенділер басқарған сала тағы бір саяси тұлғаның қолына өтті.
Ал биыл 25 қаңтарда өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Қазақстан регби федерациясының президенті болып сайланды. Көпшілікке елде өндірісті өркендеткені үшін емес, утиль алымы дауы арқылы танылған министрдің регби спортына қандай қатысы бар екені қазірше белгісіз.
Сондай-ақ 20 қаңтарда Әлихан Байменов Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының құрметті президенті атанды. Ғасыр басында елдің саяси өміріне белсене араласқан Байменов бұл федерацияны 2005 жылдан 2025 жылға дейін табан аудармай 20 жыл басқарып, орнын енді ғана босатып отыр. Оның үстіне ол 2008 жылдан бері дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті қызметін атқарып келеді.
Біз спорт федерацияларын шолып отырып, оларды миллионер мен министрлер бөліп алған ба деген ойға қалдық. Мысалы, қазір хоккей федерациясын – экс-премьер-министр Асқар Мамин, теннис федерациясын – Назарбаевтың «әмияны» атанған Болат Өтемұратов, күрес федерациясын – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов, велоспорт федерациясын – «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов, дзюдо федерациясын – ел президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, баскетбол федерациясын – бұрынғы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Абай Алпамысов басқарып отыр.
Мұны аз десеңіз, ертеректе Тимур Құлыбаев, Дәурен Абаев, Қайрат Қожамжаров, Әділбек Жақсыбеков, Сауат Мыңбаев, Кеңес Рақышев, тіпті «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұзақ жылға сотталып кеткен Кәрім Мәсімов те спорт федерациясын басқарған.
Осы жерде бұл кісілерге спорт федерациясын басқару не үшін қажет деген заңды сұрақ туындайды. Бұл қызмет олардың саяси мансабына қандай да бір салмақ қоса ма? Халық алдында немесе өзінен жоғары басшы алдында абырой әпере ме? Оларға бір министрлікті, бір облысты немесе ірі бизнесті басқарып отырғаны жетпей ме? Негізгі қызметіндегі қыруар шаруадан қолы босамайтын шенділер федерацияға мойын бұра ала ма? Тіпті олар спорт федерациясын басқарып отырғанын өздері біле ме екен? Сұрақ көп, жауап жоқ...
ҚФФ президенті сайлауындағы қитұрқы қадам
Газетіміздің 2024 жылы 10 желтоқсан күнгі №97 санында шыққан «Нұрқаділовтен Бәрменқұловқа дейін. Ел футболын енді кім басқарады?» деген мақалада Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне 6 адам таласып жатқанын жазған едік. Атап айтқанда, Алтай Даумов, Ерлан Жамантаев, Ербол Қайыров, Давид Лория, Наргис Мағау және Марат Омаров кандидатурасын ұсынған.
Нұрқаділовтен Бәрменқұловқа дейін. Ел футболын енді кім басқарады?
Біз үміткерлер арасындағы басты фаворит – футболға, тіпті спортқа еш қатысы жоқ Марат Омаров екенін айттық. Өйткені бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы жеңіске жететініне сенімді болмаса, бұл орынға таласпас та еді. Ал жасөспірімдер футболымен айналысып жүрген Алтай Даумов, төреші Наргис Мағау және спорт журналисі Ербол Қайыровтың дәл қазір федерация президенті бола алмайтынын жұрттың бәрі білді.
Омаровқа бәсекелес болуы мүмкін екі адам, бұрын «Ақтөбе» футбол клубын басқарған Жамантаев пен ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы Лория сайлауға бірнеше күн қалғанда белгісіз себептермен кандидатурасын қайтарып алды. Кейін төреші Мағау да сайлауға қатысқан жоқ. Нәтижесінде Марат Омаров жалпы 36 дауыстың 34-ін алып, ҚФФ президенті атанды.
Ең қызығы, Омаров тізгін ұстаған соң сайлауда өзіне бәсекелес болмай, бәсекеден ерте бас тартқан Жамантаев пен Лорияға алғыс айтқандай қадамға барды. Биыл 8 қаңтарда Жамантаев Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті болып тағайындалса, 21 қаңтарда Лория ҚФФ вице-президенті атанды.
Бұл жанкүйерлерді ақымақ қылғандай әсер қалдырып, жұрттың наразылығын туғызып отыр. Көпшілік кейбір үміткер өзіне қажетті уәдеге қол жеткізген соң сайлаудан бас тартуға келісті деп санайды. Кандидатурасын еш себепсіз қайтарып алған екі маманның да маңызды қызметке тағайындалғаны осындай күдікке жетелеп отыр.
Марат Омаров ҚФФ президенті болғалы тура бір ай өтті. Бірақ ешқандай маңызды өзгеріс жасаған жоқ. Былтыр қабылданған легионерлерге мемлекет бюджетінен бір тиын төлемеу жөніндегі заңды футбол клубтары қалай жүзеге асыратыны белгісіз. Өйткені біздегі әрбір клубта кемі 8-10 шетелдік футболшы бар. Олардың гонорары да өте жоғары. Егер мемлекеттен қаржы бөлінбесе, отандық клубтар оларды қалай «асырайтыны» белгісіз. Су жаңа президент бұл сұраққа әлі жауап бермеді.
Жақында қызылордалық «Қайсар» футбол клубы биылғы маусымда легионерсіз ойнайды деген ақпарат тарады. Мұны облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев айтқан. Яғни 2025 жылы «Қайсар» сапында 100 пайыз қазақстандық футболшылар өнер көрсетеді. Егер ақпарат рас болса, легионерден бас тарту тәжірибесі қандай нәтиже беретіні биыл белгілі болады.
Бірақ Марат Омаров Қазақстанға келгелі басы даудан арылмай, жанкүйерлердің сынына ұшыраған ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовті қызметінен алды. Ресейлік маманды ҚФФ-ның бұрынғы басшысы Әділет Бәрменқұлов шақырған. Черчесов мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарап, журналистермен жағаласқаны болмаса, жасыл алаңдағы жақсы нәтижесімен есте қала алмады. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы 6 матчтың бесеуінде жеңіліп, өз қақпасына 15 гол өткізіп алды. Ал қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алған жоқ.
Ұлттар лигасындағы сүреңсіз нәтиже және өзі жұмыс істеп жатқан елге құрмет танытпағаны үшін көпшілік Черчесовті қызметінен босатуды сұрап жүрді. Бірақ Черчесов жыл басында Омаровпен кездесіп шыққан соң «қызметімде қаламын, жаңа президентпен ортақ тіл табыстық» деп мәлімдеген. ҚФФ басқарушы директоры Қайсар Бекенов те оның орнында қалатынын хабарлаған.
Дегенмен 27 қаңтар ҚФФ-ның ресми сайты ресейлік маманмен келісімшарт екіжақты келісім бойынша бұзылғанын хабарлады. Енді Черчесов Қазақстан құрамасын жаттықтырмайды. Омаров оны құрамадан кетуге қалай көндіргені белгісіз. Келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін ресейлік маманға өтемақы төлеген болуы мүмкін. Әдетте өтемақы мөлшері бапкердің гонорарына және келісімшарт талаптарына байланысты болады. Былтыр БАҚ-та Черчесов Қазақстандағы бір жылдық жұмысы үшін 1,2 млн еуро алады деген ақпарат тараған. Егер осы мәлімет рас болса, Черчесовпен қоштасу ҚФФ-ға арзанға соқпаған болуы мүмкін. Ресейлік инсайдер Иван Карптың айтуынша, Черчесов Ұлттық құрамамен келісімшартын бұзғаны үшін 500 мың еуро (271 550 000 теңге) өтемақы алады.
Қуаныш Қаппас