Live

Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды ұзартуды жоспарлап отыр

Қазақстанда мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ел аумағынан әкетуге салынған тыйымды ұзарту жоспарланып отыр.

Мұнай

Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын әзірледі.

Құжатқа сәйкес, шектеулер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамту мақсатында енгізіледі.

Жобаға сәйкес, Қазақстан аумағынан автомобиль және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынады.

Бұл шектеулерді 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін енгізу ұсынылып отыр.

Тыйым Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерге шығарылатын өнімдерге де қатысты болады.

Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге мұнай өнімдерінің бірқатар түрлерін экспорттауға да тыйым енгізу жоспарланған.

Тізімге жеңіл дистилляттар, авиациялық керосин, дизель отыны, газойль, толуол, ксилол және мұнай битумы кіреді.

Бұл шектеулерді алты ай мерзімге енгізу ұсынылған.

Сонымен бірге, бұйрық жобасында бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, олар гуманитарлық көмекке және Қазақстан Үкіметінің шешімімен жүзеге асырылатын жеткізілімдерге қатысты болуы мүмкін.

Жобаның түсіндірме жазбасында құжаттың негізгі мақсаты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне деген қажеттілігін өтеу екені көрсетілген.

Еске салсақ, 2025 жылғы қарашада Энергетика министрінің міндетін атқарушы Қазақстаннан бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойған болатын.

Ол тыйым 2025 жылғы 20 қарашадан 2026 жылғы 20 мамырға дейін алты ай мерзімге енгізілген еді. Шектеу Қазақстан аумағынан, оның ішінде ЕАЭО елдеріне мұнай өнімдерін шығаруға да қолданылды.

2026 жылғы сәуірде бұл тыйымның 2026 жылғы 21 қарашаға дейін ұзартылатыны белгілі болды.

Осылайша, Энергетика министрлігінің жаңа жобасы мұнай өнімдерінің түріне және экспорт бағытына қарай шектеулерді 2027 жылдың көктемі мен жазының басына дейін ұзартуды көздейді.

Жоба авторлары бұйрықтың қабылдануы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де теріс салдарға әкелмейтінін атап өткен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз