Қазақстан Голан жоталарына үшінші бітімгерлік контингент жібереді
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына қатысатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің дайындығын тексерді.
Министрлікке қарасты Бітімгерлік операциялар орталығының «Бітімгер» оқу орталығында әскери қызметшілердің толық дайындық циклі таныстырылды. Бағдарлама тактикалық, арнайы, медициналық және тілдік даярлықты қамтиды. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сай көпұлтты ортада әрекет етуге үйрету жүргізіледі.
Оқу барысында жоғары жауапкершілік жағдайында жұмыс істеу және шетелдік контингенттермен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылған. Сапар аясында Асқар Мұстабеков орталықтың оқу-материалдық базасымен танысып, қызмет жағдайын және оқу үдерісінің ұйымдастырылуын бағалады. Сонымен қатар, бітімгерлердің заманауи жабдықтары мен БҰҰ миссиясына жіберілетін жеке құрамды қамтамасыз ету стандарттары көрсетілді.
Сапар қорытындысында генерал-майор әскери қызметшілердің дайындығын жоғары деңгейде деп бағалап, оқу сапасын атап өтті.
Іс-шара үшінші бітімгерлік контингенттің салтанатты сапқа тұруымен аяқталды. Қорғаныс министрінің орынбасары әскери қызметшілерге қызметтері мен халықаралық міндеттерді орындауға дайындығы үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосып отырған үлесінің маңызын атап өтті. Қорғаныс ведомствосы атынан жеке құрамға естелік сыйлық табысталды.
Айта кетейік, Голан жоталарындағы БҰҰ-ның қақтығысты бақылау миссиясы 1974 жылдан бері жұмыс істейді. Қазақстан бұл миссияға 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент форматында қатысып келеді.
Бұған дейін де қазақстандық бітімгерлердің дайындық деңгейіне БҰҰ миссиясының басшылығы жоғары баға берген болатын.