Қазақстан мұнайын Әзербайжан арқылы экспорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр
Қазақстан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысындағы іркілістерге, соның ішінде украиналық дрондардың шабуылдарына байланысты мұнай экспорттайтын балама бағыттарды қарастырып жатыр.
Олардың қатарында Әзербайжан арқылы өтетін бағыт та бар. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» еліміздің Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Министрлік Қазақстан мұнайын Баку–Тбилиси–Жейхан құбыр жүйесі арқылы, Каспий теңізімен Әзербайжан аумағына жеткізіп, одан әрі экспорттау мүмкіндігін қарастырып отыр. Сондай-ақ Баку–Супса бағыты да балама нұсқалардың бірі ретінде аталды.
Шілде айында Қазақстан билігі мұнай экспортының бір бөлігін басқа бағыттарға қайта бөлді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, Атырау–Самара бағыты және Қытайға мұнай жеткізу көлемі артқан.
КҚК – Қазақстанда өндірілетін мұнайды құбыр арқылы Ресейдің Новороссийск портындағы теңіз терминалына жеткізетін халықаралық жоба. Соңғы уақытта Украина Қарулы күштерінің шабуылдарына байланысты консорциум өз терминалдарында мұнай тиеуді бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болды.
Мәселен, 30 шілдеде КҚК Nissos Sifnos және Marathi танкерлеріне шабуыл жасалғанын хабарлады. Осыдан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Шабуыл кезінде Nissos Sifnos танкеріне КҚК-ның ВПУ-3 айлақ құрылғысында мұнай тиеліп жатқан, ал Marathi КҚК теңіз терминалының маңында тұрған.
Bloomberg агенттігі аты-жөні аталмаған америкалық шенеунікке сілтеме жасап, 31 шілдеде АҚШ пен Украина арасында өткен келіссөздер барысында Киев кейбір ресейлік емес мұнай танкерлеріне және Қазақстан мұнайының экспорты үшін аса маңызды теңіз инфрақұрылымына соққы жасамауға келіскенін жазды.
АҚШ өкілінің айтуынша, Украина коммерциялық жүк тасымалдаушылар ақпарат алмасып, кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуі үшін арнайы байланыс пункттерін құрған.
КҚК арқылы Қазақстанның шетелге экспорттайтын мұнайының 80 пайыздан астамы тасымалданады. Консорциумның акционерлері қатарында Ресей мен Қазақстан, америкалық Chevron компаниясы, сондай-ақ «Лукойл» және «Роснефть» құрылымдарын қоса алғанда бірнеше компания бар.