Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 8,4%-ға төмендеді
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы алты айында 45,7 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға аз, деп мәлімдеді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
– Бұған дейін қысқарған өндіріс көлемін қалпына келтіру мақсатында Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары кейінге шегерілді. Бұл қосымша 2 млн тоннаға дейін мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ел бойынша жалпы өндіріс шығыны 4,9 млн тоннадан 3,3 млн тоннаға дейін қысқарды, – деді министр.
Энергетика министрлігі 2026 жылдың қорытындысында мұнай өндіру көлемі 98 млн тоннаға жетеді деп болжап отыр.
Еске салайық, мұнай өндірісінің негізгі төмендеуі жылдың бірінші тоқсанында тіркелген болатын. Сол кезде Энергетика министрлігі мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 19,7 млн тонна болғанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің 80,2%-ын ғана құрайтынын хабарлаған еді. Ведомство мұны Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесіндегі жағдай мен Теңіз кен орнындағы өндірістік факторлармен түсіндірген.