Қазақстанда театр маусымы қандай қойылымдармен қорытындыланады?
Қазақстандық театрлар 2024 жылғы театр маусымын бірқатар премьералармен және танымал қойылымдармен қорытындылайды.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры өзінің 90-шы мерейтойлық маусымын Х. Левенсхольдтың «Сильфида» романтикалық балетінің жаңа қойылымымен аяқтады.
Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры маусымды театрдың 90 жылдығына арналған мерейтойлық Гала-концертпен жапты.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-ші маусымын жабады. 25 маусымда көрерменге «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклі көрсетіледі.
28 маусымда Мемлекеттік Республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры 92-ші маусымын «Инь-Янь» қойылымымен аяқтайды.
Республикалық академиялық Неміс драма театры 30 маусымда «Человек подушка» спектаклімен 44-ші маусымының шымылдығын жабады.
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры 48-ші маусымын Қ.Тілеуханның «Медаль» спектаклінің премьерасымен аяқтайды. Қойылым 29 және 30 маусымда көрерменге ұсынылады.
«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының 11-ші маусымы 13 шілдеде қорытындыланбақ. Онда «Еркін мерген» операсының премьерасы сахналанады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры 33-ші маусымын 14 шілдеде «Қарагөз» спектаклінің премьерасымен аяқтайды.
31 шілдеде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 78-ші маусымын «Ұлпан» спектаклінің премьерасымен жабады.