Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 02 Қазан 2024

Қазақстанда жолбарыстарды еркін жіберу қауіпті

жолбарыс
Фото: ашық дереккөз

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мынадай мәліметтерге назар аударайық: «Қазақстан үкіметі елде жолбарысты қайта енгізу жұмыстарының басталғанын ресми түрде жариялады деп хабарлайды ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі».

Сонымен Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Ертіс өзенінің шығыс жағалауы таңдалған. Балқаш өңірінде кемінде 100 жолбарыс популяциясын құру мүмкіндігі жоспарланған. Жуырда екі жолбарыс Нидерланд елінен жеткізіліп, олар Іле-Балқаш резерватын мекендейтіні көзделген. Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, келесі жылы Ресейден тағы 4 жолбарыс алынып, олардың жерсінуі, өсіп-жетілуі мен көбеюі жіті бақылауда болады. Кейін жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле бастайды. Аңдардың азық қоры дайындалады. 7 жылдың ішінде 200 бас тоғай бұғысы, 60 бастай құлан алып келінеді. Одан тыс сол жерде табиғи қабанның популяциясы, еліктің популяциясын көбейтуге біраз жұмыс жасалады екен.

Сонымен жолбарысты Қазақстанда жерсіндіруге қыруар қаржы бөлінетіні айдан айқын. Ол шығын ақтала ма немесе құмға сіңген судай жоқ бола ма? Менің ойымша, бұл іс-әрекет бекер шығынға соқтырары анық. Егер жыртқыштар біртіндеп табиғатқа еркін жіберіле бастаса, Қазақстан тұрғындарының өміріне шынайы қауіп-қатер төнетіні анық. Сонымен қоса, халықтың көпшілігінің үрейге душар болатыны сөзсіз. Жолбарыс мысық тұқымдасының ішіндегі ең ірісі болып саналады. Бірақ жолбарыс мысық тұқымдас болса да, оның басынан сипап, алдыға салып, еркелету мүмкін емес. Олардың кейбір түрлерінің салмағы 300 келіге дейін жетеді. Жолбарыстар адамдарға жиі шабуыл жасайтыны белгілі. Ол адамға шабуыл жасаса, пенденің тірі қалуы екіталай. Өйткені жолбарыс аса қатыгез жыртқыштар қатарына жатады. Жолбарыс аяғымен салып қалса, зор денелі аюдың өзі де сеспей қатады екен. Мысалы, Үндістандағы адам жегіш ең әйгілі жолбарыс шамамен 430 адамды өлтірген. Көршіміз Ресейде жолбарыстың адамға шабуыл жасауы өліммен аяқталатын жағдайлары кезігеді. Жалпы әлемде жолбарыстардың шабуылынан 373 мың адам ажалға душар болған деген мәлімет бар. Жантүршігерлік дерек. Жолбарыстар зообақ қызметкерлеріне, жаттықтырушыларға, хайуанаттар бағы мен циркке келушілерге, туристерге шабуыл жасаған жағдайлар орын алған кездер бар. Ал еліміздегі жолбарыстарды жерсіндіруге тікелей қатысатын жұмыскерлердің бас амандығы қандай болары белгісіз. Билік аталған жағдайларға баса көңіл аударуға міндетті.

Аталған жағдайларды еске ала отырсақ, Іле-Балқаш резерватын мекендейтін жолбарыстардың адамдарға шабуыл жасамайтынына кім кепілдік бере алады? Ешкім де ондай кепілдік бере алмайтындығы анық. Беті аулақ, әрине, бірақ, әгәрәки, жыртқышқа таланған пенденің сұрауын кімнен талап етуге болады? Кім жауапты болады? «Мен жауаптымын!» деп суырылып шығар мемлекетіміздің жоғары лауазымды қызметкері табылмасы анық. Басты мәселе – осында.

Енді мына мәселелерге де назар аударайық. Мысалы, ересек жолбарыс жылына үш тоннаға дейін ет жейді екен. Мемлекеттік жоспарға байланысты елімізде 100-дей жолбарыс жерсіндірілсе, оларға жылына 300 мың тонна етті кім қамтамасыз етеді? Сондықтан бұғылар, құландар мен қабандардың саны мыңдаған болуы керек емес пе? Олардың ондай санға жетуі мүмкін бе?! Күмәнді жайт. Және ну орманынан ада, тек табиғи жазық құмтақ даламен сипатталатын Балқаш өңірі жолбарыстың өз бетімен қоректенуіне қолайсыз екені анық.

Ал жолбарыс резерваты қоршала ма? Қоршалса, қоршаудың биіктігі 6 метрден төмен болмауы тиіс, өйткені жолбарыс жоғарыға қарай бес метрге дейін секіре алады. Сондықтан ол жапан дала еркіндікке шықса, адам мен жекеменшік малдарға қауіп төнеді. Жолбарысты жерсіндіруді әсірелі қолдайтын кейбір мамандардың айтуынша, осы жыртқыш иемденген жер теліміне мал шаруашылығына нұқсан келтіреді-міс саналатын қасқырлар жоламайды деген желеуге масаттанады. Оған қуанудың ешқандай негізі жоқ. Өйткені қасқырлар табиғаттағы хайуандар санитарлары болып саналады. Олар жоқ жерлерде хайуандар мен малдардың жұқпалы аурулары өршитіні дәлелді факт.

Тұран жолбарысы Қазақстанда болса болған да шығар. Бірақ олардың Балқаш пен Сыр бойының табиғи ортасына бейімділігі хайуандар эволюциясына сай заңдылық. Әрине, олар Амур және Үнді жолбарыстарынан айырмашылықтары едәуір болған. Болжамға сай олар кішірек типтегі жыртқыш болуы ықтимал. Тұран жолбарысы адамның шаруашылық әрекетінен жойылып кеткен делінеді. Оның ізі қалмаса да, ең болмаса, сол жолбарыстардың бірінің қаңқасы табылды ма? Жоққа ұқсайды.

Аталған жағдаяттарды бүтіндей таразыға салсақ, Амур немесе Үнді жолбарыстарын Қазақстанда өсіріп, жетілдіру адам өміріне қауіпті және экономикалық тұрғыдан мүлдем тиімсіз. Аталған шалағай іс-әрекеттерден ертерек бас тартқан дұрыс болады.

Нақыпбек Садуақастегі,

заңгер-құқықтанушы

Тегтер: