Әлеумет

Қазақстандағы ұлын қайтаруды талап еткен америкалық аштық жариялады

Калифорния тұрғыны Гийом Гарро 2024 жылдың наурызынан бері Қазақстанда жүрген ұлы Максимилианды қайтаруды талап етіп, аштық жариялады.

Гийом Гарро

Ер адамның айтуынша, ол баласын 866 күннен бері көрмеген. Бұл туралы New York Post хабарлады.

2024 жылдың наурызында Сан-Франциско соты Гарроның бұрынғы жұбайы Сана Онаева-Гарроға ұлымен бірге Қазақстанға екі аптаға баруға рұқсат берген. Алайда анасы мен баласы АҚШ-қа қайтып оралмаған. Әкесі мұны баланы ұрлау деп есептейді.

Америкалық БАҚ мәліметінше, АҚШ-та әйелге ата-ананың бірі тарапынан бала ұрлау және сотты құрметтемеу бойынша айып тағылған. Сондай-ақ оған іздеу жарияланған. Соңғы жарияланымда Онаева-Гарроның өз ұстанымы келтірілмеген.

Гарроның айтуынша, ол АҚШ пен Қазақстан соттарынан ұлын қайтаруды көздейтін шешімдер алған. Алайда бұл шешімдер әлі күнге дейін орындалмаған.

2025 жылы ол Сан-Франциско прокуратурасының екі қызметкерімен бірге Алматыға келген. Бірақ көрсетілген мекенжайдан баланы табу мүмкін болмаған.

Әкесінің сөзінше, Максимилианға аутизм спектрінің бұзылысы диагнозы қойылған және оған арнайы мамандардың көмегі қажет.

Гарро аштық жариялауды сот шешімдерінің ұзақ уақыт бойы орындалмай келе жатқанына назар аудартудың соңғы амалы деп атады.

Әзірге Қазақстанның құқық қорғау органдары Гийом Гарроның аштық жариялауына және баланың қазіргі қайда екеніне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Тегтер: Гийом Гарро
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз